«Самұрық-Қазына» табысының 7 пайызын «Қазақстан халқына» қорына аударады
Бұл туралы Мемлекет басшысы бүгінгі Қазақстан халқына Жолдауында айтты
«Самұрық-Қазына» қоры жыл сайын таза кірісінің кемінде 7 пайызын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударып отырады. Бұл туралы Мемлекет басшысы бүгінгі Қазақстан халқына Жолдауында айтты.
«Табысы мол кәсіпкерлер мен ауқатты азаматтар осы қорға ақшалай көмек көрсете беретініне сенімдімін», — деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» қоры «экономиканың негізгі секторларын бақылау жасауға жеткілікті акциялардың басым бөлігін ғана иеленетін инвесторға айналады».
«Қордың басқа да активтері мен акциялары, оның ішінде «Халықтық IPO» тетігі арқылы жекешелендірілетін болады. «Самұрық-Қазын»а бірлескен инвестор ретінде жеке инвесторлар жүзеге асыра алмайтын маңызды жобаларға ғана қатысады. Мұндай жобаларды Президент белгілейді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол квазимемлекеттік сектордағы басқару тиімділігін арттыруға ерекше назар аудару керек екенін қосты.
«Бұл бағытта жұмыс басталды, оны қажетті нәтижеге жеткізу керек. Ол үшін «Самұрық-Қазына» қоры жұмысының жаңа үлгісін түпкілікті анықтау қажет. Әлемдегі ең озық инвестициялық және өндірістік компаниялар басшылыққа алынуы керек. Мемлекеттік активтерді басқару ашық болуы керек. Үкімет жыл сайынғы Ұлттық баяндаманы дайындауды қамтамасыз етеді және оны Парламентке жібереді», — деді Мемлекет басшысы.