Госорганы

Самұрық, Казцинк, Қазақмыс, ERG: Абай облысындағы өртпен күреске алпауыт кәсіпорындар қандай көмек беріп жатыр

Ресми дерек бойынша 14 адамның өмірін жалмаған «Семей орманы» резерватындағы өрт тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ауқымды орман өрті ретінде тіркеліп отыр. ҚазАқпарат тілсіз жаумен күреске елдегі алпауыт кәсіпорындардың қандай көмек қосқаны туралы шолу ұсынады.

 

Бүгін «KAZ Minerals» тобы Абай облысындағы өрттің салдарын жоюға 135 млн теңге бөлгенін хабарлады.

«Қаражат өрттен зардап шеккендерге материалдық көмек көрсетуге және табиғи апат келтірген залалды жоюға жұмсалады», — делінген ресми мәліметте.

Ал құрамында «ҚазМұнайгаз», «ҚазАтомӨнеркәсіп», «Қазақстан Темір жолы», «Qazaq Air», «Эйр Астана», «Қазпошта», «Samruk-Kazyna Construction», «Қазақтелеком», «Самұрық-Энерго», «KEGOC», «Самұрық-Қазына Өңдеу», «Тау-Кен Самұрық» сияқты қоржын компаниялары бар «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 200 млн теңге қаражат бағыттады.

Қор басшысы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, бұл ақша өрт кезінде қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындар мен тілсіз жаумен күреске тартылған мамандарға гуманитарлық көмек ретінде игеріледі. 200 млн теңге Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қайырымдылық қоры арқылы аударылмақ.

Дегенмен, «Самұрық-Қазына» тобына кіретін компаниялар өз бетімен де өртпен күреске үлес қосып жатыр. Мысалы, «Қазақтелеком» өрттен зардап шеккен елді мекнедерді байланыспен қамтамасыз етуге міндет алды.

Өртке байланысты құрылған жедел штабты байланыспен, интернетпен қамтамасыз етіп қана қоймайм, мобильді байланыс үшін қосымша резерв бөлді.

Ал «Кселл» акционерлік қоғамы Төтенше жағдайлар министрлігіне іркіліссіз жұмыс істеу үшін ұялы базалық стансалар беріп, өрт радиусында қалған абоненттерге 60 минут тегін байланыс пен 10ГБ интернет трафигін ұсынды.

Tele2/Altel мамандары ТЖМ-ге көмек ретінде апат аймағында ұялы базалық стансаны іске қосты. Байланыс компаниясы мұндағы абоненттерге 60 минут тегін байланыс, 60 тегін SMS 10 ГБ трафик беріп отыр.

«Эйр Астанаға» еншілес лоукостер саналатын «FlyArystan» компаниясы өрт кезінде қайтыс болған орманшылардың отбасына 2023 жылдың аяғына дейін Семейден Алматы, Астана, Шымкент қалаларына және кері бағытта тегін ұшу мүмкіндігін ұсынды.

Ал өрт сөндіруге қатысып жатқан мамандарға бір рет тегін ұшу құқығы берілмек.

Әуе компаниясы Алматы, Астана және Шымкент қалаларынан жөнелтілетін гуманитарлық дүкті тасымалдауға атсалысуға дайын екенін мәлімдеді.

«Қазақстан темір жолы» компаниясына қарасты жергілікті бөлімше де жерлестерінің басына түскен қиындықты бірлесіп еңсеруге ниет танытты.

Нақтырақ айтсақ, семейлік теміржолшылар Абай облысына қарасты ауылдардың тұрғындарына гуманитарлық көмек жинап берді.

«Семей жүк тасымалы бөлімшесінің қызметкерлері Абай облысындағы орман өртінен шыққан түтіннің салдарынан көшірілген ауыл тұрғындарына гуманитарлық көмек жинады. Теміржолшылар Семей техникалық колледжі базасында орналасқан эвакуация пунктіне азық-түлік, су, жеміс-жидек, көкөніс, жуғыш заттар, жаялық және гигиеналық құралдарды жеткізді», — деп жазылған «Қазақстан темір жолы» ҰК»АҚ баспасөз қызметі жолдаған мәліметте.

Алпауыт өнеркәсіп десе, есімізге «Самұрық-Қазынаға» тиесілі ұлттық компаниялардан бөлек «ERG» тобы оралады. Құрамына «Қазхром», «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» «Қазақстан Алюминийі», «Қазақстан электролиз зауыты», «Еуроазиаттық энергетикалық корпорация», «Шұбаркөл көмір», «3-Энергоорталык», «ТрансКом», «3-Энергоорталық» және «ERG Service» компаниялары кіретін корпорация өрттен зардап шеккен өңірге 300 млн теңге бөлген көрінеді.

«Абай облысы әкімдігінің келісімімен ERG бөлген қаражат – 300 млн теңге «Семей орманы» табиғи резерваты аумағында отқа оранған орман алқабын қайта қалпына келтіруге және өрттің салдарынан жоюға жұмсалмақ.

Абай облысындағы алапат өрт баршамымыздың қабырғамызға батты. Осындай сәтте ұйысып, бірлігіміз бекем болуы керек. Алдағы уақытта өрттің салдарын жою қамында ауқымды жұмыс атқарылуы қажет. Компания тарапынан бөлінген қаражат қалпына келтіру және аймаққа тиісті көмек көрсету мақсаттарына бағытталады. Былтыр қыркүйекте ERG Қостанай облысындағы алапат өрттің зардаптарын жоюға да қомақты қаражат бағыттаған болатын. Бұл қаржы өртке оранған алқаптарда орманды қалпына келтірумен айналысатын ұйымдарға аударылды»,- дейді ERG иректорлары кеңесінің төрағасы Александр Машкевич

Абай облысына іргелес жатқан кенді Алтайдың қойнауынан табысқа кенеліп отырған «Казцинк» компаниясы да өрттен зардап шеккендерге алғашқылардың бірі болып көмек қолын созған еді.

«Осы аптада Абай облысындағы қорық орасан өртке оранғанын естеріңізге саламыз. Алдын-ала нұсқа бойынша Семей орманы Жаңа Шүлбі филиалының он төрт қызметкері (13 ер адам және бір әйел) өртті жедел сөндіру үшін өз учаскелеріне шыққан. Олармен байланыс үзілді. Іздестіру жұмыстары арқылы қаза тапқан орман шаруашылығы жұмыскерлерінің мәйіттері табылды.

«Казцинк» олардың отбасыларына бір миллион теңгеден материалдық көмек беруге шешім қабылдады» – деді «Казцинктің» бас директоры Александр Хмелев.

Еске салайық, 11 маусымда «Halyk Bank» өрттен қайтыс болған жандардың отбасына 3 млн теңге көлемінде қаржылық қолдау көрсететінін хабарлаған еді.

Марқұмдардың отбасыларына «Қазақстан халқына» қорынан 7 млн теңгеден, кәмелетке толмаған әр балаға 2 млн теңгеден төленеді.

Елдегі 40-тан астам ЖОО өрттен зардап шеккен отбасылардың студенттеріне гранттар мен жатақханадан орын беруге дайын. Ал ақылы негізде оқитын студенттер мен магистранттарды грантқа ауыстыру көзделіп отыр.

Бүгін Абай облысындағы өрттен зардап шеккендерге арналған есепшот ашылды.

 

Другие новости

Back to top button