Ақша

Салық қарызы бар қазақстандықтардың шоты бұғатталмауы мүмкін

Салық бойынша 20 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын қарызы бар азаматтардың шоттары бұғатталмауы мүмкін. Қаржы министрлігі жаңа Салық кодексі аясында осындай өзгеріс ұсынып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, жаңа Салық кодексі аясында берешек сомасына сараланған әдіс қолданылады.

«Біріншіден, егер қарыз мөлшері 20 АЕК-тен (биыл 78 640 теңге) аспаса, біз борышкерге жай ғана хабарлама жібереміз. Үш градация жасап қойдық. Берешек сомасы өскен сайын шоттарды бұғаттау шарасы да көбірек қолданылады. Сосын бізде салықтан басқа әлеуметтік аударымдар, зейнетақы, медициналық аударымдар бар. Олар бойынша да 1 немесе 10 теңге қарыз болса, шотты бұғаттап тастайды. Біз осы мәселені депутаттармен пысықтадық. Шотты бұғаттау шегі ұлғаю жағына қарай қайта қаралады. Яғни 1000 теңге үшін ешкім шотты бұғаттамайды. Бұл жаңа Салық кодексінің жобасына енгізілген», — деп түсіндірді ол Мәжіліс кулуарында.

Біржановтың айтуынша, қарыз үшін шотты бұғаттау Қаржы министрлігіне де тиімсіз.

«Азғантай ғана қарыз үшін шотты бұғаттап тастау бізге де ұнамайды. Бірақ біз салық бойынша ғана емес, әлеуметтік аударымдар бойынша да бақылау жасауға міндеттіміз», — деді вице-министр.

Другие новости

Back to top button