Сәлем салу мен үшін өте жабайылық — Баян Мақсатқызының сөзі қызу талқыға түсті

Продюсер Баян Мақсатқызының сәлем салуға қатысты айтқан ойы желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ПРОДЮСЕР НЕ ДЕП ЕДІ
Баян Мақсатқызы подкасттардың бірінде сәлем салуға қатысты ойын айтқан.
— Маған ешқашан да ер адамға бас ию дегенді үйреткен емес. Алматыға барғанымда Шымкенттен келген қыздардың үнемі иіліп, сәлем салуы мен үшін өте жабайылық болды. Не үшін иілесің десем бұл қалыпты жағдай, солай болуы керек дейді. Кешіріңіздер, мен әкемді құрметтеймін. Атама деген құрметім шексіз. Үлкендерге, ер адамдарға құрметпен қараймын. Бірақ иіліп, сәлем салу деген менде атымен жоқ. Маған оны үйретпеген. Үйрете де алмайды. Бұл – менің таңдауым. Мені әжем еркін өсіріп, тәрбиелеген. Батыста біздің қыздар еркіндікті жақсы көреді. Дәл осы жақта туып-өскеніме қатты қуанамын, дейді Баян Алагөзова.
ТАЛҚЫЛАУ
Журналист, блогер Ербол Мәндібек продюсерді қолдаған. Ол Баян Мақсатықызына сәлем салудың қажеті жоқ екенін айтады.
— Бертінде жеке ұшақ сатып алды. Мойнындағы алқасында екі пәтердің құны бар. Мықты іскер әйел. Ал сәлем салып жүрген келіндердің мойнында несие. Кейбірінің күйеуі наглый. Қадірін білмейді. Сәлемін салып, баласын бағып, ата-енесіне қарап, қонақ күтіп, осы әулеттің көңілін тапсам екен деп жүрген келіндердің қолына Баяндікіндей байлық беріп сынап көру керек. Сәлем салу-өте әдепті, әдемі салт. Құрметтің бұлжымас үлгісі. Бірақ, біздің қоғамда екі түрлі картина бар. Біріншісі, Баянның образындағы контингент. Жеке шекарам, менің құқығым, мейлі шал, мейлі кемпір бол, бәріміз бірдейміз. Айналайын ене, мен саған сәлем салсам, сен де маған сәлем сәл. Шамамен осындай, дейді журналист.
Оның сөзінше, екінші картина – қазақы тәрбие көрген қыздар. Олардың психологиясы «ұят болады», «ел не дейді» ұғымға негізделген.
— Баян әпшеміз осы контингентті үнемі сынайды. Өздеріңді қорғаңдар, бастарыңды көтеріңдер, халат пен тәпішкені шешіңдер деп ақыл айтып келеді. Бір қызығы Баян әпшеміз жеңіске жетіп келе жатыр. Бұл жолы сәлем салушыларды өз «армиясына» шақырды. Таңатпай жаңалықтан оқып қалдым, уже 180 келін бүгін таңертең сәлем салудан бас тартыпты. Әйелдің сәлем салуы жабайылық. Мен басымды еркектерге имеймін және ешкім игізе алмайды депті. Баяғыда ауылда бір ағамыз болушы еді, кесіп алсаң да бетіңе айтайын деп сөйлейтін үнемі. Сол сияқты, Баян әпшеміз үнемі бетімізге айтып тастайды. Тік мінезді адам ғой. Мүмкін ақшаның құдыреті шығар. Әйтеуір осы кісінің алдында өзі айтпақшы, бишара боп қаламыз, дейді Ербол Мәндібек.
Белгілі жазушы-журналист Мұхтар Түменбай да бұл тақырып төңірегінде ойын жазған.
— Иә, сәлем салу дәстүрі кейбір аймақтарда сақталмайды. Әсіресе солтүстік және еліміздің батыс аймақтарында. Бірақ бұл ол аймақтарда ешқашан сәлем салу болмаған деген сөз емес. Оған ішкі факторлар әсер еткен болуы мүмкін. Сәлем салу әркімнің өз таңдауы дегеніңіз де дұрыс. Бірақ кейбір ойларыңызбен келіспеймін. “Сәлем салу” – түп тамыры тереңде жатқан, қазақ халқына ғана емес, Азия елдеріне танымал дәстүр. Бірақ бұл сіз айтқандай пұтқа табынушылық емес, жай ғана сәлем салу. Жапония мен Оңтүстік Кореядағыдай. Әлде оларды да жабайы дәстүрді ұстанушылар деп санайсыз ба? Біздің әдет-ғұрыпта ерлерге ғана сәлем салмайды. Бұл жерде сіз манипуляция жасап отырсыз, дейді журналист.
Ол келіндер өзі түскен әулеттің үлкендеріне сәлем салатынын атап өтті.
— Одан жаңа түскен келіннің мәртебесі түсіп қалмайды, керісінше әулеттің үлкендеріне құрметін осылай көрсетеді. Есесіне үлкендер ақ батасын береді. «Жақсы тілек, жарым ырыс” деген сөз бар. Сәлем салғаннан кім ұтады? Бәрі. Сонда бұл сіз айтып отырғандай жабайылық па?, дейді Мұхтар Түменбай.