Главное

«Садақа – мансаптың құралы емес»: Перизат Қайраттың сотында прокурордың сөзі сүйектен өтті

Астанада атышулы Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық іс бойынша сотта жарыссөз кезеңі басталды.

Алғаш болып сотта мемлекеттік айыптаушылар сөз сөйледі. Прокурор Мадина Оразалина бұл істі «Киелі ұғымдарға опасыздық» және «Жақсылықтың жалған кейпі» деп сипаттады.

Өз сөзінде прокурор бұл істі жай ғана қылмыстық оқиға емес, болашақта үлгі ретінде қолданылуы мүмкін прецедент екенін атап өтті.

«Бүгін біз қоғамға танымал белсенді Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот талқылауының қорытынды кезеңіне келдік. Бүгінгі отырысқа дайындала отырып, осы сөзімді «Жақсылықтың жалған кейпі» деп атау ойыма келді. Сөзімді алғыс қазақ халқына айтудан бастағым келеді. Жомарттығы мен кеңпейілділігі жарасқан халықпыз. Ежелден «жетім көрсең, жебей жүр» деген қағиданыып келеміз. Біздің түсінігімізде, мәдениетімізде нағыз күш мейірімділікте жатыр. Сондықтан соңғы нанын да мұқтажға ойланбастан бере салатын халықпыз. Біз қашан да бірге көтерілдік. Ашаршылықта, өртте, тасқында, қайғыда – бүкіл ауыл, бүкіл ел жұдырықтай жұмылатынбыз. Бізде шетте қалу деген ұғым жоқ, себебі кеудемізде соғып тұрған мейірімді жүрегіміз бар. Бүгінгі Қазақстан қоғамы дәл осы сенімге сүйеніп өмір сүріп келеді. Біз өзіне емес, өзгеге жәрдем сұраған адамға көбірек сенеміз. Садақа беріп, біреудің өмірін сол арқылы құтқарамыз деп сенеміз. Ал осы сенімге опасыздық жасау – бұл ең ауыр соққы. Бүгін біз жай ғана алаяқтық туралы істі қарап отырған жоқпыз. Бүгін біздің алдымызда киелі ұғымдарға жасалған опасыздық тұр», – деді прокурор.

Оның айтуынша, енді қайырымдылық деген желеумен жеке пайдасын көздейтін кез келген адам халықтың үнсіз қалмайтынын білуі керек. Мемлекет те мұндай әрекеттерге көз жұма қарамайды. Сенім – шексіз ресурс емес.

«Егер біреу қазақ халқының кеңпейілділігі мен жанашырлығын пайдаланып, тағы да жақсылықтың жалған кейпіне еніп, пайда тапқысы келсе, оны қошемет емес, сот залы күтіп тұр. Бұл процесс сабақ болсын. Бұл – бәріне белгі болсын. Садақа – мансаптың құралы емес. Халықтың сенімі – әмиян да, бренд те емес. Бұл – аманат. Ал аманатқа опасыздық жасаған адам мәңгілікке елдің есінде қалады. Біздің тарихта шын меценаттар болған. Олар камерасыз, үндемей көмектесетін», – деді прокурор сөзін жалғай отырып.

Мадина Оразалина тергеу барысында анықталған деректерге де тоқталды. 2021 жылдан 2024 жылға дейін «Biz Birgemiz Kazakhstan 2030» қорының атын жамылып, Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаева шамамен 3,5 миллиард теңге жинағаны белгілі болды. Бұл қаражат су тасқынынан зардап шеккендергеауыр дертке шалдыққан балаларға және Палестина тұрғындарына көмек көрсетуге бағытталуы тиіс болған.

Алайда айыптаушы тараптың мәлімдеуінше, қаражаттың басым бөлігі жеке қажеттіліктерге жұмсалған: элиталы көліктер, қымбат жылжымайтын мүлік, дизайнерлік киім-кешек, аксессуарлар мен бес жұлдызды қонақ үйлердегі демалыс.

Прокурор бұл қылмысты заңды қызмет етіп көрсетуге мүмкіндік берген схеманың негізгі элементтерін атады:

  • «BizBirgemiz» сынды танымал ұранмен «қайырымдылық» ұйымын тіркеу;
  • Қаражат жинау үшін мұқтаж адамдарды табу;
  • Жұрттың назарын аударатын іс-шаралар мен аукциондар ұйымдастыру;
  • Әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы белсенді қайырымдылық бейнесін қалыптастыру;
  • Қаражаттың бір бөлігін расымен мұқтаждарға беру арқылы сол «бейнені заңдастыру».

Перизат Қайрат пен оның анасына Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылып отыр, соның ішінде:

  • аса ірі көлемдегі алаяқтық (ҚК 190-бабы 4-бөлімі 2-тармақ),
  • қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (ҚК 218-бабы 2-бөлімі 1-тармақ және 3-бөлімі 3-тармақ).

Айыпталушылар өз кінәсін мойындаған жоқ. Перизат Қайрат жиналған қаражаттың шын мәнінде көмекке жұмсалғанын айтса, оның анасы қаржылық операцияларға қатысы болмағанын алға тартты.

Дереккөз: Azattyq Rýhy.

Другие новости

Back to top button