Главное

«Сәбиді 25 жерінен тістеп тастаған»: Шиелі балабақшасындағы сұмдық жағдай жұртты шошытты (ВИДЕО)

Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы «Раяна» балабақшасында кішкентай қыздың денесін өзімен қатарлас 1 жарым жасар бала 25 жерінен қыршып тістеп тастаған. Сәбидің денесінің сау-тамтығы қалмаған. Тістің орны батып, шырылдап жылаған қыздың видеосын журналист Гүлмира Әбіқай желіге жүктеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жәбір көрген баланың анасы оқиғаның жайын журналиске баяндап берген.

«Камераны көрсетпей отыр, бақшада ешкім жедел-жәрдем шақырмаған. Тәрбиешілер жай ғана баланы ата-анасына табыстап, «бетін тістеп алыпты» деп арқасындағы тіс ізі жайлы айтпады. Қолды-аяққа тұрмай шырылдаған баланың тістелмеген жері жоқ екенін үйде денесін көргенде бір-ақ байқадым» деп жазады анасы. Тістелген қыздың бақшаға барғанына небәрі 2-ші күн болған екен. Денесі ауырғаннан байыз таппай шырқыраған сәби шошып қалған, 2 күн ұйқысыз өткізіпті», — деп жазды журналист.

Сәбидің анасы аудандық полиция бөліміне барып арыз жазған, бірақ іс соңына жетпей ме деп алаңдап Гүлмира Әбіқайға жағдайын айтқан. Кейін журналистен «видеоны алып тастаңызшы» деп  жалынып сұраған. Жапа шеккен отбасында 4 бала бар, тұрмыстық жағдайы төмен.

Azattyq Rýhy тиісті органдардың өкілдерінен түсініктеме сұрады.

«Шиелі ауданындағы 50 орындық «Раяна» жекеменшік балабақшасында болған жағдайға байланысты Шиелі аудандық білім бөлімі зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Зерделеу қорытындысы қосымша хабарланатын болады. Бұл жағдай Қызылорда облысының білім басқармасының қатаң бақылауында екендігін назарыңызға жеткіземіз», — деп хабарлады басқарамадан.

Өңірдің полиция бөлімі балабақша тәрбиешісіне шара қолданылғанын атап өтті.

«Қазіргі таңда ювеналды полиция тобының қызметкерлерімен профилактикалық бағытта түсіндірме жұмыстары жүргізілуде», — деді департаменттен.

Қызылорда облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Жақсыгүл Тоғанова да бұл мәселеден хабардар екенін жеткізді. Ол білім басқармасымен бірігіп шаралар жүргізіп жатқанын айтып, алдағы уақытта қосымша ақпарат беруге уәде берді.

Другие новости

Back to top button