«Сабақ 30 минутқа қысқарған»: Алматы облысында ауыл балалары үшінші жыл дүкенде білім алуға мәжбүр болып отыр

Алматы облысы Талғар ауданы Нұра ауылындағы жалғыз мектептің оқушылары дүкенде оқуға мәжбүр болып отыр. Себебі өңірдегі жалғыз мектеп жөндеу үшін жабылған. Жергілікті тұрғындардың сөзінше билік демалыс кезінде жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деп уәде еткен. Дегенмен одан бері екі жыл өткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ал екі жыл бойы оқушылар әкімдік, мәдениет үйі мен дүкенде оқып келген. Ата-аналар балаларымыз мұндай жағдайда жақсы білім ала алмайды, деп алаңдап отыр.
Ауыл тұрғыны Арай Мұратованың өзі Нұра ауылындағы мектепті бітірген. Дегенмен қазір оқушылар бұл білім ордасында оқымайды.
“Мектепті жөндеу жұмыстары жүреді, деп жауып тастады. Алайда жұмыс тоқтап тұр. Құрылысшылар мүлде жоқ. Үшінші жыл тек уәдемен өмір сүріп жатырмыз. Бізді әр жергетаратып жібере ме, деп қорқамыз. Ал балаларымыз дұрыс білім ала алмай жүр”, – дейді тұрғын.
Мектеп 23 мамырда оқу жылы аяқталмай жабылған. Содан кейін ата-аналарға, үш айдың ішінде ескі ғимаратты жөндеуге үлгеру керек екенін айтқан. Балалар уақытша әкімдікке, Қоғамдық орталыққа жіберілген. Тіпті дүкенде сабақ жүргізіліпті. Арада екі жыл өтсе де ештеңе өзгермепті.
“Өткен жылы бізге дүкен ішінен орын берілді. Осы кісіге, иесіне рақмет. Біз сонда оқыдық. Бірақ үшінші жыл қай жерде оқитынымызды білмейміз. Бұл біздің мектеп. Басқа орынға ауысқымыз келмейді. Балаларымыздың осы жерде оқығанын, мектебіміздің құрылысы біткенін қалаймыз”, – дейді тұрғын Анаргүл Айтрахимова.
Фото: Видеодан скрин
Ал мұғалімдер үзіліс кезінде бір ғимараттан екіншісіне үлгеру үшін жүгіріп барады екен. Сол үшін сабақтар 30 минутқа дейін қысқартылыпты. Енді ата-аналар жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімін нақты көрсетуді талап етіп отыр.
Жөндеу жұмыстарын бастаған мердігер жұмыстың неліктен уақытында аяқталмағанын түсіндірді. Олардың сөзінше, компания қаржылай қиын жағдайға тап болған.
“Біз бүкіл құрылымды күшейттік. Енді жобаның негізгі бөлігі ғимаратты нығайту”, – дейді TOO Sheberbuild бас директорының орынбасары Мұрат Досан.
Жергілікті билік мердігерді сотқа беріп, жаңа жұмысшыларды іске тартқан. Олар 1 қыркүйекке дейін әрлеу жұмыстарын аяқтап, жылу мен жарықтандыруды ретке келтіретінін айтты. Білім басқармасы барлығын қадағалауға уәде берді.
“Бастапқыда жоба жыл соңына дейін аяқталатыны айтылған. Дегенмен мердігер балалар сабаққа кірісуі үшін оқу ғимаратын 1 қыркүйекке дейін тапсыратынын айтты. Түзетуден кейін смета 414 миллионнан 623 миллионға дейін өсті. Бізде ақша бар. Қаржыландыруда мәселе жоқ. Жұмыс жақсы орындалып, бланкілер уақытылы берілсе, төлемді тамыз айында төлейміз”, – деді Талғар аудандық білім бөлімінің мемлекеттік сатып алу есепшісі Майра Босымбаева.
Бірақ ата-аналар жаңа терезелер сынған, қабырғалардан сылақ түсіп жатыр дейді. Олар мектеп ғимараты аяқталады дегенге сенбейтіндерін жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін Солтүстік Қазақстанда мұғалімдер мектептегі интернет нашар болғандықтанроутерді өз қалтасынан төлегенітуралы жазған едік.