Госорганы

Риддердің жылу желілерін күрделі жөндеуге 2,4 млрд теңге бөлінді

Премьер-министр Олжас Бектенов Риддердегі жұмыстарды күшейту үшін Үкімет резервінен қосымша қаражат бөлу туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Тозу деңгейі 78,8%

Былтыр Риддердің жылу желілерінде жүргізілген жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары олардың тозу деңгейін 78,8%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Алайда, бұл тұрғындарды жылумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін әлі де жеткіліксіз. Жалпы алғанда, өткен жылыту маусымында жылу желілерінде 25 технологиялық бұзушылық фактісі тіркелген. Соның салдарынан тұтынушылар үшін шектеулер енгізілген.

«Кейінге қалдыруға болмайтын қажетті шұғыл жұмыстарды ескере отырып, Қазақстан Үкіметі резервінен Риддер қаласының «Водоканал» ШЖҚ МКК жылу желілерін күрделі жөндеуге 2,4 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Бұл олардың тозу деңгейін жарамды көрсеткіштерге дейін жеткізуге және қысқы кезеңге дайындығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 50-ден астам учаскеде жұмыстар жүргізілмек», — делінген Үкіметтің хабарламасында.

Басқа өңірлер

Бір айдан аз уақыт бұрын премьер-министр Кентау, Риддер және Қызылорда қалаларының жылу көздерін реконструкциялауға қаражат бөлу туралы қаулыларға қол қойған болатын. Атап айтқанда, Риддер жылу электр орталығының технологиялық жабдықтары мен инфрақұрылымына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 4,9 млрд теңге бөлінген.

Жалпы алғанда, жылумен жабдықтау жүйесін жаңғырту жұмыстары аясында Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Ақтау, Тараз, Петропавл, Павлодар, Жезқазған, Ақтөбе, Екібастұз, Степногорск, Рудный, Балқаш және Ақсу қалаларында 10 энергия блогын, 55 қазандықты және 45 турбинаны жөндеу жоспарланып отыр.

Другие новости

Back to top button