Риддердегі жылу орталығы мәселесі 9 қарашаға дейін шешілуі мүмкін
2022 жылдың 24 қазанынан бастап Риддердің ЖЭО-сында аракідік апаттар орын алып, тұрғындар суықтауға мәжбүр. ШҚО әкімі Даниал Ахметов апатқа станса қожайының өз міндетіне үстірт қарауы себеп екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
ЖЭО басшылығы мазуттың сапасын тексермеген болып шықты, ал оған су араласқан екен.
Қалаға 100 күнге жететін мазуттың жаңа партиясы жөнелтілді. Бірақ 31 қазанда апат тағы қайталанды. Бұл жолы — жоғары қысымдағы қазандықтың бірі істен шықты.
Риддерліктердің үйінде жылу да ыстық су да жоқ. Барлық қажетті қызметтер осында жаппай жұмылдырылды. Бірақ мәселені әлі күнге дейін толыққанды шешу мүмкін болмай жатыр.
«Хабар 24-тің» хабарлауынша, Риддердегі ЖЭО-ны 9 қарашада толыққанды іске қосу уәде етілді. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір электр станциясында екінші қазандық жұмыс істеп тұр. 7 қарашадан бастап біріншісіне де отын салынып жатыр. Сондай-ақ, апат кезінде мамандар алтыншы қазандықтан ақау тапты. Дәнекерлеу және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, бұл іс ертең аяқталып қалады деп күтіледі.
Даниал Ахметов апат станса қожайындарының өмірлік маңызды нысанның жұмысына үстірт, жүрдім-бардым қарауынан туындағанын атап өтті. Төтенше жағдайға мұнда алдында сапасыз жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары себеп болуы мүмкін.
6 қарашада «Риддер-ЖЭО» АҚ-да орын алған төтенше жағдай бойынша арнайы штаб құрылды.