Риддерде төтенше жағдай жарияланып, шұғыл штаб құрылды
Бүгінде жағдай ерекше бақылауға алынған
Риддерде жылу электр орталығында болған төтенше жағдай салдарын жою жөніндегі шұғыл түрде штаб құрылды. Бұл туралы өңір басшысы Даниал Ахметов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Белгілі болғандай, 5 қарашада сағат 20.00-де «Риддер-ЖЭО» АҚ-ның күл шығару жүйесіндегі жылу станциясында сорғы істен шығып, № 1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты жағдайда ажыратылды. Соның салдарынан салқындатқыш температурасы +39 °С дейін төмендеді (қалыпты температура мөлшері +70 °С). Қазіргі уақытта Риддер қаласының 22 мыңнан астам абоненті үшін жылу беру азайтылды.
«Шұғыл түрде менің басшылығыммен апатты жою жөніндегі штаб құрылды. Штаб тәулік бойы жұмыс істейді. Сондай-ақ, жылу станциясына Согра және Өскемен ЖЭО, «Өскемен жылу желілері» АҚ мамандары келді. Қазіргі уақытта күл шығару жүйесінде қозғалтқышты ауыстыру, іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде. ЖЭО-ға қосымша 120 тонна мазут жеткізілді, отынды жөнелту жалғасуда», — деді Даниал Ахметов.
Апатты жағдайды жою үшін «Қазмырыш» ЖШС ЖЭО-ға 20-дан астам қызметкер жіберіп, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына қосымша жабдықтар бөлді.
Сондай-ақ Өскеменнен көмек ретінде «Востоквзрывпром» ЖШС-нің 20 қызметкері келді. Сонымен қатар қаланың энергожүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі үшін «Біріккен ЭнергоСервистік Компаниясы» АҚ Риддерге 12 авариялық бригада жіберді. Риддер қаласының білім бөлімі басшысының м.а. бұйрығымен 7-11 қарашадан бастап мектеп оқушылары қашықтан оқыту формасына көшеді. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін қаланың мектепке дейінгі мекемелері жұмысын тоқтатады.
«Бүгінде жағдай ерекше бақылауға алынған. Риддер қаласын жылумен жабдықтауды қалпына келтіру бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр», — деді Д. Ахметов.