Ресейден келген үш дәрігер БҚО-ның ауруханасына жұмысқа орналасты
Өңірде 270 дәрігер жетіспейді
Ресейдегі мобилизацияға байланысты Қазақстан аумағына жаппай келіп жатқан азаматтардың арасында білікті мамандар да бар. Мәселен, Батыс Қазақстан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы ресейлік үш дәрігерді жұмысқа алды.
Аурухана бас дәрігерінің айтуынша, эндоскопист, инфекционист және бактериолог мамандар қазір жұмысқа кіріскелі жатыр. Олар Қазақстанда ұзақ мерзімге қалуды жоспарлап отырған көрінеді.
Қазіргі таңда өңірде медқызметкерлер тапшылығы айтарлықтай сезілуде. Атап айтқанда, 270 дәрігер жетіспейді. Сұранысқа ие мамандар: анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, хирург.
«Ресейден келген дәрігерлердің еңбек өтілі 8, 12, 15 жыл. Олар тәжірибелі мамандар. Біздің дәрігерлермен тәжірибе алмасады», — дейді облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Надия Ахметова.