Социум

Ресейде тағы да «Солтүстік Қазақстанды қайтару» туралы сұхбат жарияланды

Бұл жолы арандату мәлімдемесін Ресейдің пропагандист журналисі Дмитрий Стешин «Комсомольская правда» радиосының тікелей эфирінде айтқан

Ресейдегі пропаганда жасайтын басылымдардың бірі «Комсомольская правда» радиосының журналисі Дмитрий Стешин тікелей эфирде Қазақстанға қатысты, соның ішінде, Солтүстік Қазақстан туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ол тікелей эфирдегі сұхбатта «Мәскеу Қазақстанның солтүстігін қайтарып алуы тиіс» деген мағынадағы арандатуға жол берген. Сұхбаттың үзіндісі  «Сеятель ветра» телеграм-арнасында жарияланған.

«Қазақстанда ірі облыстарды орыс тілді халық мекендейді. Сондықтан бұл жерлерге біздің тарихи құқығымыз бар. Ол қалаларды біздің ата-бабаларымыз салған. 1991 жылы неге сүйене отырып сол қалаларды сыйлай салдық?», — дейді пропагандашы журналист.

Дмитрий Стешин «Қазақстанның солтүстігіндегі облыстар Ресейге тиесілі және Ресей оны басып алуға құқылы» деген пікірде.

Айта кетейік, Ресейдің кейбір лауазымды тұлғалары бұған дейін де Қазақстанның аумақтық тұтастығына қатысты пікірлерін ашық айтқан. Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының Білім және ғылым жөніндегі комитетінің төрағасы Вячеслав Никоновтың Бірінші арнада «Қазақстанның территориясы — Ресей тарапынан үлкен сыйлық» деп айтқан болатын. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне Ресей Федерациясының Уақытша сенімді өкілі Александр Комаров шақырылып, ресейлік дипломатқа ҚР СІМ нота жіберген болатын.

Сонымен қатар бұрынғы Сенат депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед ресейлік депутаттың айтқаны қазақстандықтардың ашу-ызасын тудырды деп, еліміздің аумақтық тұтастығына қатысты осындай айыптаулар мен арандатушылық мәлімдемелерге жол беруге болмайды деген еді.

Тегтер

Другие новости

Back to top button