Социум

Ресейде Мәскеудегі қазақ диаспорасының жетекшісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Ресейдің Тергеу комитеті қоғам белсендісі, Мәскеудегі қазақ диаспорасының мүшесі Полат Жамаловқа қатысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Ресейдің «Верстка» телеграм-арнасының хабарлауынша, бұл туралы Тергеу комитетінің жабық есебіне арналған ақпараттық анықтамада айтылған. 2023 жылдың 11 қыркүйегінде Мәскеу қаласының солтүстік-шығыс әкімшілік округінің аса маңызды істерді тергеу бөлімінің тергеушісі Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 207.3-бабының 1-бөлігі (Ресей Федерациясының Қарулы күштерін пайдалану туралы жалған ақпаратты жария ету) бойынша қылмыстық іс қозғады.

Қылмыстық істің қозғалуына Полат Жамаловтың Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасындағы хабарлама себеп болды, онда автор Ресей Федерациясының Қаржы министрлігі басшылығының РФ Қарулы күштерінің арнайы әскери операциясы кезінде қаза тапқандар санын бағалауына қысқаша түсініктеме берген.

Полат Жамалов Мәскеудегі қазақ диаспорасының беделді ақсақалдарының бірі ретінде танымал. Ол отыз жылдан астам уақыт бойы Ресейдегі қазақ мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін сақтау мен дамытуға бағытталған белсенді қоғамдық қызметпен айналысып келеді. Өткен жылдары Мәскеу қазақ өлкелік ұлттық-мәдени автономиясында, Мәскеу қазақ диаспорасы қорында және Мәскеу ұлттар үйінде басшылық қызметтерді атқарған. Қазіргі уақытта Қазақтың этникалық мәдениетін сақтау және дамыту коммерциялық емес ұйымдар одағының тең төрағасы.

РФ Қылмыстық кодексінің 207.3 бабының 1 бөлігі бойынша ең аз дегенде жеті жүз мың рубль мөлшерінде айыппұл төлеу, ең көбі бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Другие новости

Back to top button