Госорганы

Ресей бидайы қазақстандық өнім ретінде экспортталып келген

Ресей бидайы Қазақстанға кіргізіліп, отандық өнім ретінде Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстанға экспортталып келген. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚМА Павлодар облысы бойынша департаменті Ресей бидайын қазақстандық өнім ретінде экспорттау үшін жалған келісімшарттар бойынша заңсыз әкелу схемасын анықтады.

Анықталған тұлға 2021-2022 жылдар аралығында 26 мың тонна ресейлік бидайды Орталық Азия елдеріне (Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстан) қазақстандық өнім ретінде жазылған жалған шот-фактуралар бойынша 1 млрд теңгеден астам сомаға экспорттаған.

Осылайша, жалпы сомасы 460 млн теңгені құрайтын халықаралық транзиттік тариф бойынша тасымалдау төлемдерін төлеуден жалтарған.

Сотқа дейінгі тергеу аяқталды. ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес тергеу мүддесіндегі өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды», — делінген хабарламада.

Мәлім етілгендей, ауыл шаруашылығы тауарын адал өндірушілердің мүддесін қорғау мақсатында бидай өткізуге байланысты жалған шот-фактураларды заңсыз беру фактілерінің жолын кесу жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр. Тек соңғы бір жарым жылда Павлодар облысында 5,4 млрд теңгеден астам сомаға жалған шот-фактураларды бергені үшін 5 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Другие новости

Back to top button