Біз елімізде тыныштық пен тұрақтылық болғанын тілейміз. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысы жұртшылығымен кездесуінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
«Атырау – Қазақ елінің Еуропаға шығар қақпасы. Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы осы өлке арқылы өткені тарихтан белгілі. Қала орталығындағы көпір Азия мен Еуропаны жалғап тұр. Мұның зор символдық мәні бар. Бір сөзбен айтқанда, еліміз түрлі өркениеттер тоғысқан тоғыз жолдың торабында орналасқан. Сондықтан, қазақтың жерін ежелгі заманнан түрлі діни наным өкілдері мекендеген. Халқымыз діни ұстанымына қарап ешкімді кемсітпеген. Бәрі татулықта өмір сүрген. Жақында Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съезіне қатысушылар да мұны айрықша атап өтті. Тіпті, Рим папасы ұлы Абай және домбыраның құдіреті туралы терең ойларын айтты. Мен мұны бекерге айтып отырған жоқпын. Қазір жер жүзінде болып жатқан түрлі қақтығыстардың негізгі себептерінің бірі – діни алауыздық. Біз елімізде тыныштық пен тұрақтылық болғанын тілейміз. Сол себепті, бұл мәселені назардан тыс қалдырмауымыз керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, радикалды ағымдар мен діни сепаратизмге ортамызда орын жоқ.
«Қазақстан – зайырлы мемлекет. Конституциямызда дін бостандығына кепілдік берілген. Бірақ, зайырлы және төзімді, толерантты болу дегеніміз бәріне көз жұма қарап, жайбарақат отыру деген сөз емес. Біз елдің қауіпсіздігі мен тұтастығына нұқсан келтіруге ешқашан жол бермейміз. Радикалды ағымдар мен діни сепаратизмге ортамызда орын жоқ. Бабаларымыз ғасырлар бойы ислам дінін ұстанған. Шариғаттың шарттары мен халқымыздың әдет-ғұрпы үндескен дәстүрлі ата дініміз бар. Оның асыл құндылықтары осы күнге дейін ұлтымызды ұйыстырып, бірлігімізді бекемдеп келеді. Ата жолын сақтап, дініміз бен салт-дәстүрімізді берік ұстау – біздің перзенттік парызымыз. Осы орайда, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру аса маңызды», деп атап өтті Мемлекет басшысы.