ГлавноеКызылординская область

Қызылордада секс құлдыққа түскен қыздың отбасы аты-жөнін өзгертіп, басқа қалаға көшпек

Таяуда Қызылордада сот жыныстық құлдыққа түскен қыз баланың ісі бойынша айыпталушының біріне үкім шығарды. 22 жастағы сотталушы 4 жарым жылға сотталып кетті.

Мектеп оқушыларының 16 жастағы өз сыныптасын жезөкшелікке мәжбүрлегені жайлы сұмдық оқиға бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірген еді. Ulysmedia.kz порталы алғашқы сот отырысы жабық өтсе де, басқа БАҚ-тармен қатар сол оқиғаны жіті қадағалап отыр. Біз бұл жолы зардап шеккен мектеп оқушысының анасымен сөйлесіп, қызының әлі де психологиялық оңалтудан өтіп жатқанын білдік.

“МИҒА ҚОНБАЙДЫ”

Әйел күдіктілердің бірінің ісі неліктен басқалардан бөліп қаралғанын айтқан. Адвокаттары соған келіспей, апелляция беріп жатыр. Ұсталған 11 адамның ішінде оқушы қыздың сыныптастары, есірткі әзірлеуші, айыпталушы қыздар да бар. Олардың екеуі үйқамақта.

Қазір анасы қызын емханаға апарып, қаратып жүр. Алғаш оқиға жайлы жалпақ жұртқа жария болғаннан кейін ұсталғандардың әке-шешесі келіп, кешірім сұраған. Тіпті біреуінің ата-анасы “қызыңызды келін қылып алайын” деген.

– Ол мүлде миға қонбайды. Баланы жарты жыл бойы қинап, қорлады. “Ақшаңды өтеп берейік” деді. Келіскен жоқпын. Ешкімге кешірім берген жоқпын, – дейді Назерке.

Анасынан ұққанымыздай, қыздың оқиғасы бойынша бірнеше іс жүріп жатыр.

“АШУШАҢ, ШАШЫ АҒАРЫП КЕТТІ”

– Қызыңыз әлі де сол мектепте оқып жатыр ма?

– Қызым 11 сыныпты биыл бітірді. Мәскеудегі Синергия университетіне тапсырған болатын. Қашықтан оқымақ болған. Бірақ денсаулығына байланысты биыл оқи алмайды.

– Денсаулығы жайлы дәрігерлер не дейді?

– Неврологиялық жағынан бір жылға есепке тұрғызды. Өмір бойы психолог, психиатрға емделу керек болды. Себебі мамандар оның жай-күйі секундтық іс деп атады. Бір секундта көз алдынан бірдеңе өтсе, бәрі есіне түсіп, қиналып қалуы мүмкін. Тамағында стресстен зоб пайда болды. Шашы ағарған. Басынан тепкілей бергендіктен, зақым келген. «Дұрыс естімедім» деген кезде ер бала екі құлағынан ұрған. Перепонка бәрі орнында. Бірақ әлі де дұрыс істемейді. Ашушаң болып кетті. Стресстен бәрі. Очаговый поражение деп айтты.

– Қазір сіздерді полиция қорғап тұр ма?

– Іште де, сыртта да тұр. СОБР-дың балалары. Іште қыздар кезекпен келіп тұрады. Жанында жатады. Күні-түні қорғайды. СОБР-дың қыздары.

– Сіздерді біреудер қорқытып жатқан жоқ па?

– Бастапқы кезде болды ғой. Қазір біз қорықпаймыз. Күзет бар.

– Сот біткеннен кейін Қызылордадан көшеміз деп ойлап отырсыздар ма?

– Біз көшуге мәжбүрміз. Районның балалары бар, көршілері, туыстары бар. Аты-жөніміздің бәрін өзгертуге мәжбүрміз. Өйткені олар қызыма «сотталған күннің өзінде де ағамыз КНБ-да істейді, шығарып алады, сол кезде көрсетем, Астанаға, Алматыға көшіп кетсең де» деп айтқан. Содан қызым қорқады. Олар жазадан қорықпайтынын білдірген. Қызымның маған айтқаны.

– Дина Таңсәрілер тарапынан, басқа жақтан ақшалай көмек болды ма?

– Ақша жинап берді ғой. Сол ақшаға күн көріп жатырмыз. Сол ақшаға адвокаттарды жалдадым. Әкесі де, мен де тамыздан бері жұмыста жоқпыз. 18 млн теңгедей жинап берді. Автобуспен де жүре алмай қалдық. Таксимен жүреміз. Тамағымыз, ем-домымыз бар. Дәрілеріміз бар. Одан бөлек қызымда тәттіге құмарлық бар. Дүкенге кіреді де, бәрін ала береді. Печенье, тәтті бәрін алады. Оған кезінде есірткі берген ғой. Психолог «алам десе, ала берсін» деді. Күніне 20 мың теңгеге алады, жемейді. Шамалы жейді. Алып беріп отырмын.

Кеше бірінші соттан кейін шешесі бәрі жылап жатыр. Біреудің баласын соттату оңай емес. Шешесімен бірге мен де жыладым. Ата-аналарын түсінем. Ақымақтық жасады ол балалар. Бірақ заң бойынша жауап берсін. Үйде жыладым, жүрегім ауырды. Жедел жәрдем шақыртуға тура келді. Қызым да жылады. «Мама, олар мені аямады ғой, сіз неге аяйсыз» деді.

16 ЖАСТАҒЫ ҚЫЗДЫҢ ОҚИҒАСЫ

Биыл тамыз айының басында Қызылорда қаласында мектеп оқушысының анасы сыныптастары қызын есірткі қолдануға мәжбүрлеп, күштеп ұстағанын, ақша бопсалап, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр еткенін мәлімдеген. Кейін оқиғаның егжей-тегжейі арнайы өткен брифингте баяндалды. «Не молчи» қоғамдық қорының араласуымен сұмдық деректердің беті ашылды. Сол күні белсенді Айсана Әшім «16 жастағы қызды 1000 еркек зорлағанын» айтып дабыл қақты. Бұдан бұрын оқушыны секс-құлдыққа салған 13 адам бары айтылған. Жәбірленуші қыздың анасы Ulysmedia.kz-ке сұхбат беріп, іс бойынша 200 адам тергеліп жатқанын айтқан.

Өткен айда ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха іс бойынша 13 фигурант анықталып, олардың 11-і қамауға алынғанын хабарлаған еді.

Ал таяуда істегі сотталушының біріне үкім шықты. Соттың мәліметінше, сотталушы Т. кәмелетке толмаған жәбірленушіні ар-намысына тиетін ақпарат таратамын деп қорқытып, одан 700 мың теңге талап еткен, сондай-ақ сөмкесіндегі 35 мың теңге ақшасын алып кеткен. Ресми мәлімет бойынша, ол сотталушы 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған.

Другие новости

Back to top button