Қызылордада аурухананың бас есепшісі 129 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді

Қаржылық мониторинг агенттігі мен Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен «Қызылорда облыстық инфекциялық ауруханасы» ШЖҚ МКК лауазымды тұлғаларына қатысты аса ірі көлемдегі қаржы жымқыру фактісі бойынша тергеу аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу нәтижесінде анықталғандай, аурухананың бас есепшісі медициналық кереуеттердің бағасын үш есеге көтеру арқылы мемлекет қаржысын заңсыз иемденген.
Жалған ұсыныстар, қолдан ұйымдастырылған тендер
Күдікті ауруханаға кереует жеткізу бойынша тендер ұйымдастырып, жұбайы жасаған жалған коммерциялық ұсыныстарды пайдаланған. Осы арқылы бағаны негізсіз көтеріп, ЖШС-мен 259 млн теңгеге келісімшартқа қол қойған. Шарт бойынша 220 кереует сатып алынуы тиіс болған.
Кереует бағасы нақты нарықпен үш есе айырмашылықта болған
Құжатта бір кереуеттің құны 1,2 миллион теңге деп көрсетілсе, нақты нарықтағы бағасы 460 мың теңгеден аспағаны анықталды. Бұл – үш есеге дейінгі негізсіз баға айырмашылығы.
Осылайша, мемлекетке 129 млн теңге көлемінде залал келген.
Келтірілген шығын толық өтелді, іс сотқа жолданды
Тергеу барысында күдіктілердің жалпы құны 111 млн теңге болатын мүлкіне тыйым салынды. Мемлекетке келтірілген зиян толығымен өтелді.
Қазіргі таңда бас есепші 2 ай мерзімге қамауға алынып, қылмыстық іс сотқа жолданды.