Кызылординская область

Қызылордада 1 миллиард теңгеге салынған автовокзал қаңырап бос тұр

Қызылордада бір миллиард теңгеге жуық қаражатқа салынған жаңа автовокзал қаңырап бос тұр. Екі ай бұрын облыс әкімі салтанатты түрде ашқан нысанда қалалар мен ауыл-аймаққа қатынайтын бір де бір көлік жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информ бюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

 

Жолаушылар да, автобус жүргізушілері де қаланың шетінде бой көтерген автовокзалға бару өте қолайсыз деп отыр.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған бір топ шенеунік осыдан бір жарым ай бұрын сол жағалаудағы жаңа автовокзалдың лентасын қиған. Сол кезде тұрақта Арал, Қазалы, тіпті Ташкентке қатынайтын автобустар тұрған.

Қазір олардың бір де орнында жоқ, тұрақ бос тұр. Жаңа автовокзал қаңырап, автобустардың бағыты жазылған табло да сөніп тұр.

Ал қала орталығында орналасқан жеке кәсіпкерге тиесілі ескі автовокзалда күн сайын абыр-сабыр. Мұнда Астана, Алматы, Шымкент шаһарлары мен аудандарға жүретін автобустар толып тұр. Халық жаңа автовокзал тым алыста, оған бару тиімсіз дейді. Жаңа автовокзалда жолаушыларға барлық жағдай жасалған дейді жауаптылар. Ал сәуірде пайдалануға берілген нысанға автобустарды әкелу жұмыстары енді ғана басталыпты.

Қызылорда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов тұрақты кезең-кезеңімен ашылу көзделіп отырғанын айтты.

“Бірінші ауданаралық маршруттарды үйрету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кестеге сәйкес. Одан кейін облысаралық болады. Сосын біздің Ташкент-Қызылорда деген халықаралық маршрутымыз бар. Сол да жүргізілетін болады. Бірақ бюджеттің 975 миллион теңгесі жұмсалған заманауи нысанға түрлі бағыттағы автобустардың қашан келетіні әзірге белгісіз. Оған қоса, ауыл-аймаққа қатынайтын автобус жүргізушілері шет жақта тұрған автовокзалға бармаймыз деп отыр”, – деді Жәнібек Сыздықов.

Айта кетейік, Қызылорда облысын Қырымбек Көшербаев басқарған сәтте қаладан автовокзал ашылған еді. Бірақ халық оның пайдасын сол күйі көрмеді. Тіпті сұраныс болмаған соң нысан сауда үйіне айналды.

Другие новости

Back to top button