Кызылординская область

Қызылорда облысында құлағының мүкісі бар 50 бала есту аппаратының бөлшегін ауыстыра алмай жүр

Жауапты басқарма өкілдері импланттың бөлшектері жыл соңына дейін берілетінін айтып отыр

Белсенді электродты ішкі құлақ иіріміне енгізіп, жүйке талшықтарына акустикалық ақпарат беруді қамтамасыз ететін кохлеарлы имплант орнатқан науқастар енді сол құрылғының бабын келтіретін маманға зәру. Өңірде сондай-ақ тәжірибелі сурдопедагог, логопед және дефектологтардың тапшылығы айқын сезіледі, деп хабарлайды  Хабар арнасы.

6 жасар Нұрали дыбыстарды қайталап, сөйлеуді енді үйреніп жүр. Өйткені туғаннан құлағы естімейді. Ем-домның түр-түрін жасатқан ата-анасы бала 2 жарымға толғанда кохлеарлы имплант орнату жөнінде шешімге келеді. Алайда жалпы анестезиямен құлақ артының сүйегін тесіп жасалған операция үмітті ақтамады. Есту жүйкесін электр ынталандыру арқылы аудио ақпаратты қабылдауын қамтамасыз ететін жоғары технологиялы құрылғының күйін келтіру қиынға соғыпты.

«Қазақстан бойынша аппаратты жақсы орнатып бере алмайды. Үш ай сайын Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына барамыз. Бала естімей тұр деп айтсақ, кінәні өзімізге артады. Польша елінен профессор келіп, ақпан айында бізге аппаратты орнатып берді. Сол кезде бір сағаттан кейін бала естіп тұрды. «Нұрәлі» деп атын айтып едік, бірден қарап, елең етті», — дейді қала тұрғыны Гүлдей Есмаханова.

Сыртқы сымдары және қоректену элементі жоқ заманауи есту протезін салдырған 9 жастағы Хансұлтан да табиғаттың түрлі дыбыстарымен танысып, қазір тілі шықты. Бірақ электрод жүйелі қондырғының бөлшектерін бес жыл сайын ауыстыру керек екен.

«Уайымдап жүрміз, аппаратымыз бұзылып қалмаса деп қорқып отырамыз. Өйткені бала терлейді, магнит терінің астында тұр. Тез-тез ауыстыратын бөлшек қолымызда тұрса дейміз. Қандай да бір олқылықтар болса, тек сол Алматыдағы орталыққа ұшуымыз керек болады. Біздің қалада жөндейтін жер жоқ», — деді қала тұрғыны Мөлдір Тәжібаева.

Облыстық әкімдікке қарасты салалық басқармадағылар мәселеден хабардар. Олардың айтуынша, ұсыным құжаттары өткізілген. Дегенмен препараттар бағасының қымбаттауы және мемлекеттік сатып алу заңнамасындағы жаңа өзгерістерге сәйкес кешігулер болып жатқанын мойындап отыр.

«Өткен жылы мемлекеттік сатып алу өткен жоқ. Себебі 2021 жылдан бастап мүгедектерді оңалтуға қатысты барлық қызметтер мен тауарлар әлеуметтік қызметтер порталына көшті. Осы әлеуметтік порталда өнім берушінің тіркелмеуіне байланысты біз портал арқылы ала алмадық. Қазір 3 мәрте мемлекеттік сатып алу жүргізілді. Тағы да аяқталған жоқ, келісім-шарт жасалуда қазіргі таңда», — деді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлшат Әбдіқалықова.

Жауапты басқарма өкілдері тауар жеткізуші мекеме алдағы қыркүйекке дейін белгіленіп, жыо соңына дейін кохлеарлы имплант бөлшектері науқастарға үлестірілетінін айтты.

 

Другие новости

Back to top button