Қызылорда облысында жоғалған ұшақ экипажына қатысты ақпарат шықты

Қызылорда облысында жоғалған АН-2 ұшағының экипажы аман-есен табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
АН-2 ұшағы мәжбүрлі түрде қонды
Қызылорда облысында «Таң-Құмкөл» бағытында ұшқан АН-2 ұшағы мәжбүрлі түрде жерге қонған. Бұл туралы кеше ТЖМ кезекші бөліміне хабарлама келіп түсті.
«Ұшақ бортында 3 адам болған. Олардың қайда екені белгісіз еді. Олармен байланыс болмады», — деп жазылған хабарламада.
Жедел іздестіруге ТЖМ және полиция департаментінің барлық күші мен құралы тартылды. Сондай-ақ іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы жұмылдырылды.
Жоғалғандар 8 сағаттан кейін табылды
Іздестіру тобының жедел және үйлесімді іс-қимылдарының арқасында 8 сағаттан кейін түнде жоғалғандар ай даладан табылды.
«Олар Қызылорда облысы Сырдария ауданы Тереңөзек кентіне жеткізілді. Ешқайсысы медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ», — деп хабарлады құтқарушылар.
Еске сала кетейік, бұған дейін Боливияда ұшақ апатынан кейін үш әйел мен бір бала 36 сағат бойы қолтырауындардың арасында көмек күткенін жазған едік. Ұшақ көлге құлаған соң ішіндегі адамдар өз күшімен шыққан. Жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, жеңіл моторлы ұшақ Амазонка өзенінің бойындағы аймаққа шұғыл қонуға мәжбүр болған. Өйткені ұшақтың қозғалтқышы істен шыққан. Апат кезінде ұшақ толығымен суға батып кеткен, абырой болғанда, ішіндегі адамдар ішінен аман-есен шығып, ұшақтың үстіне мініп алған.