Қызылорда облысында білім бөлімінің басшысы 543 млн теңге жымқырған – Антикор
Оның есепшімен бірлесіп қаржыны бөтен адамдардың есепшотына аударып келгені анықталды
Антикор Қызылорда білім беру саласында миллиондаған жымқыру фактісін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қызылорда облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша Жаңақорған аудандық Білім бөлімінің басшысы мен бухгалтеріне қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр.
«Олар білім беру мекемелерінің қызметкерлері саналмайтын тұлғалардың есепшоттарына еңбекақы түріндегі ақшалай қаражатты аудару арқылы 543 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктелуде. Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының санкциясымен күдіктілер қамауға алынды», — делінген ведомство хабарламасында.
Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
«Сонымен бірге Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және қылмыстық-прцестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрқайсысы кінәсіз деп есептеледі», — делінген хабарламада.