Қытайлықтар қазақстандық әйелдерді суррогат ана ретінде пайдаланып жүр

Сарапшылардың пайымынша, шетелдіктер Қазақстанда балаларды «қара трансплантология» үшін өсіруге арналған жасырын нарық ұйымдастырған болуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТАРИХЫ
Deutsche Welle басылымының мәліметінше, Қазақстанда суррогат ана қызметіне қатысты жасырын бизнес бар, оның негізгі тапсырыс берушілері – Қытай азаматтары. Сегіз әйелден құралған топ (олардың арасында Әлия мен Наталья бар – қауіпсіздік мақсатында есімдері өзгертілген) делдалдар тарапынан жасалған қауіптерден кейін өмірлеріне алаңдап отыр. Оларға қылмыстық қудалау мен күштеп шетелге шығарылу туралы ескертулер берілген. Осыдан кейін әйелдер адвокаттардан көмек сұрауға мәжбүр болған.
СУРРОГАТ АНА ПОРТРЕТІ
Бағдарламаға қатысқан барлық әйелдің өмір жолы ұқсас. Олардың жасы 25 пен 30 аралығында, өз балалары бар, бірақ күйеулері мен тұрақты табысы жоқ. Олар әлеуметтік желілерде 6–8 млн теңге көлемінде төлемдер, сондай-ақ тегін баспана мен ай сайын 500 доллар төленетіні туралы жарнамаларды көріп, суррогат ана болуға келіскен.
ЖАРНАМА
Әйелдердің бірі Instagram-нан бағдарлама туралы біліп, медициналық орталықтардың бірінде тексеруден өтеді. Бағдарлама аясында оған Қытайда суррогат ана болуды ұсынып, жоғары ақы уәде етілген. Алайда эмбриондарды салу оталары Қытайда емес, Камбоджа сияқты басқа елдерде жасалған. Әйелдердің айтуынша, оларды терезелері жабық көліктермен, байланыс құралдарынсыз алып жүрген. Эмбрион салынған соң олар өзге әйелдермен бірге шетелдегі медициналық орталықтарда болған, кейін Қазақстанға оралып, шетелдік тапсырыс берушілер жалдаған пәтерлерге орналастырылған.
ҚАҚТЫҒЫС
Делдал компания өкілдерімен жанжал әйелдерге медициналық қиындықтар туындағанда басталған. Мысалы, Наталья бала туғанымен, тапсырыс берушілермен ешқандай заңды келісімшарт жасамағанын айтады. Әлияға бала денсаулығы мен түсік туралы қорқыту жасалған. Бірақ қайта тапсырған сараптамалар оның баласы сау екенін көрсеткен.
КЕЛІСІМШАРТ
Адвокаттар әйелдермен жасалған келісімдерді зерттей келе, олардың Қазақстан заңнамасына қайшы екенін атап өтті. Онда биологиялық ата-аналардың есімдері көрсетілмеген, Қытайлық ерлі-зайыптылар туралы нақты мәліметтер, жүктілік бойынша есепке тұру деректері жоқ.
— Бұл құжаттар – кәдімгі жарамсыз қағаздар, – дейді адвокат.
Адвокат Азамат Бекқұлов бұл әрекеттерді Қылмыстық кодекстегі «Кәмелетке толмаған балаларды сату» бабы бойынша қарастыруға болатынын айтады. Себебі суррогат аналардан туған балалардың нақты қайда екені белгісіз. Сонымен қатар, Альбина мен Азамат Бекқұловтар көмек сұраған әйелдердің халықаралық қылмыстық топтың құрбаны болғанын жоққа шығармайды. Бұл топ балаларды «қара трансплантология» үшін өсірумен айналысуы мүмкін.
КОНТЕКСТ
Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстандағы әр алтыншы отбасы – бала сүю бақытынан айырылған. Олардың 45 пайызы ЭКҰ арқылы ата-ана бола алады. Қалғандары үшін екі жол бар – ол бала асырап алу немесе суррогат ананың көмегіне жүгіну.