Выбор редакцииЭкономика

Қытай Транскаспий дәлізіне инвестиция салса, Қазақстан үшін тиімді болады — сарапшы

Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Ерсұлтан Жансейітов Мемлекет басшысының Қытайға жасаған сапарына орай, екі ел арасындағы ынтымақтастық бағыттарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Орталық Азия-Қытай» саммитінде әрине, бірінші кезекте энергетика, көлік-логистикасы және ауыл шаруашылығы мәселелері көтеріледі. Соңғы бірнеше жылда Қытай Қазақстан үшін аса маңызды сауда серіктесіне айналды. Былтыр екі ел арасындағы өзара тауар айналымының көлемі 24 млрд доллар болды. 2021 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 34%-ға ұлғайды деп айтсақ болады. Биыл бұл меже көбейеді деген жоспар бар. Айта кету керек, осы 24 млрд доллардың ішінде Қазақстанның экспорты импортқа қарағанда көп болып тұр», — деді Ерсұлтан Жансейітов.

Сарапшы пікірінше, Қытай Қазақстанның көлік-логистикалық мүмкіндігіне қызығушылық танытып отыр. Атап айтқанда, ол ел Ресей арқылы өтетін бағыттан бөлек, Транскаспий дәлізіне назар аударуы мүмкін.

«Ресей мен Қытайдың арасындағы тауарлардың көбі біздің еліміз арқылы өтеді. Бұл үш мемлекет аса маңызды транзиттік серіктес болып отыр. Қазір Солтүстік дәлізге басымдық беріледі, яғни Қытайдан Қазақстанға бұдан әрі Ресей, одан кейін Еуропа елдері. Сонымен қатар, қазір біз үшін Транскаспий бағыты маңызды. Шынын айту керек, ол жаққа көп инвестиция қажет. Егер Қытай инвестиция салса, Қазақстан үшін тиімді болады», — деп пікір білдірді Ерсұлтан Жансейітов.

Оның пайымынша, Қытай қазір көмірді пайдалану көлемін қысқартып, «жасыл энергетикаға» бет бұрды. Бұл ретте, атом энергетикасына басымдық беріледі. Сондықтан, оған қажет болатын басты ресурс – уранға сұраныс артпақ.

«Қытайға Қазақстан көбіне мұнай, Түрікменстан негізінен газ тасымалдайды. Мұнайдан бөлек, сирек кездесетін металдарды айта кету керек. Қазақстанда оның көп қоры шоғырланған. Қазір Қытай «жасыл энергетиканы» дамытып жатыр. Күн панельдері, жел станцияларына сирек кездесетін металдар қолданылады. Осы тұрғыдан Қазақстан Қытай үшін перспективалы болып есептеледі. Сондай-ақ, Қазақстандағы уран қорының әлем нарығындағы үлесі — 42%. Ал, Қытай қазір көмірді пайдалануды қысқартып, таза энергетикаға көшіп жатыр. Таза энергетика – атом энергетикасы. Сондықтан, Қытай тарапы уран импортын ұлғайтуға қызығушылық танытады», — дейді сарапшы.

Сонымен қатар, ол екі ел арасында орнаған визасыз режим Қазақстандағы кәсіпкерлікті дамытуға мол мүмкіндік ұсынатынын атап өтті.

«Қазір осыған қатысты елде пікір көп. Кейбірі қауіп басым десе, енді бірі мұны пайдалы дейді. Негізі бұл режим көбіне қазақстандықтар үшін тиімді. Біз осы елден көп тауарды импорттаймыз. Сондықтан, ол қазақстандық кәсіпкерлердің Қытайға баруына зор мүмкіндік жасайды. Бұл бизнесті дамытуға серпін береді деп ойлаймын», — деп түйіндеді Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Ерсұлтан Жансейітов.

Айта кетсек, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен барып, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді.

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Сианьда қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстелі өтеді.

Другие новости

Back to top button