«Қытай дәуірі аяқталды»: Қытай экономикасы тоқырауға ұшырады
Қытайда 40 жылдан бері жалғасып келе жатқан үздіксіз экономикалық өсім тоқырауға ұласуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Wall Street Journal (WSJ) басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Қытай дәуірі» – Қытай экономикасының әлемдік аренада үстемдік құрған кезеңі аяқталуға жақын. Қытай ондаған жылдар бойы зауыттар, зәулім ғимараттар мен жолдар салуға инвестиция құйып, елді кедейліктен шығарып, экономикасын әлемдегі ең ірі экономикалардың біріне айналдырды.
Алайда бұл экономикалық модель таусылып «қарызға батып бара жатқан» мемлекетке енді көмектеспейді. Бейжіңде құрылыс жұмыстары тоқтап, Қытайдың кей аумақтарында көпірлер мен әуежайлар қызмет етпейді және миллиондаған пәтерлер қаңырап бос тұр. Сондай-ақ инвестицияның қайтарымы күрт төмендеді.
Қазіргі жағдайда Қытайдың Америка Құрама Штаттарын басып озу туралы амбициясы жүзеге аспауы мүмкін. Қытайдың жылжымайтын мүлік нарығы да дефляцияға ұшырады. Қазірдің өзінде сұраныстың төмендеуіне және инфляцияның өсуіне байланысты елдегі көптеген құрылыс салушылар банкроттықтың алдында тұр. Экономикасын теңгерімді ету үшін Қытай тұтынушылық шығындар мен қызметтерді дамытуға көшуі керек.
Дегенмен, Қытай экономикасы қарызбен жұмыс істеуді жалғастыруда. Халықаралық есеп айырысу банкінің мәліметтеріне сәйкес, елдің жалпы қарызы Америка Құрама Штаттарынан асып түсіп, 2022 жылы ЖІӨ-нің 300 пайызына жетті.
Қытай билігінің пікірінше, Батыс саясаткерлері Қытайдың қазіргі «қиындықтарын» асыра көрсетеді. Тамыз айының ортасында Қытайдың Сыртқы істер министрлігінің өкілі Батыс саясаткерлерінің қателескенін дәлелдеу үшін арнайы фактілер ұсынбақ.
Сонымен қатар ай басынан бері Қытайдың экономикалық жағдайын теріс жағынан көрсетуге тыйым салынды: жергілікті телеарналарда дефляция, капиталдың кетуі және өндірушілер бағасының арзандауы туралы ақпараттарды көрсетуді шектеді.