Главное

Қысым, полиция және президент реакциясы: Алматыдағы №1 балалар үйіндегі даудың жай-жапсары

Алматыдағы №1 балалар үйінде дау шықты. Бүгін, 21 шілдеде әлеуметтік желіде балаларды полиция күштеп, Қонаевқа алып кеткені туралы видео тарады. Онда тәрбиеленушілердің кейбірі есінен танып қалғаны көрінеді.  Балалар үйін Алматыдан Қонаевқа ауыстыру туралы мәселе бұған дейін бірнеше рет айтылған. Мәселенің жай-жапсарын Ulysmedia.kz біліп көрді.

«ДОСТАРЫМДЫ ҚЫСЫМ ЖАСАП АЛЫП КЕТТІ»

Алматыдағы №1 балалар үйінәі тәрбиеленушілерінің бүгінгі күні даумен басталды. Полиция мен облыстық білім басқармасының өкілдері 43 тәрбиеленушіні қарсылықтарына қарамастан, Қонаевтағы жаңадан салынған балалар үйіне алып кетті.

Ulysmedia тілшісі сөйлескен балалар үйінің тәрбиеленушісі Анатолий Вилкин достарымды полиция күштеп алып кетті дейді. Сөзінше, балалар Қонаевқа көшкісі келмеген.

– Бүгін менің достарым мен құрбыларымды автобусқа күштеп мінгізіп, Қапшағайға (Қонаевқа) алып кетті. Олар ешнәрсе білмейді. Қысым жасап, алып кетті. Жағдайды түсіндіргенде олардың барлығы осында қалар еді… Полиция қызметкерлері күш қолданып, бізбен төбелесті. Біз өзіміздің үйіміз үшін, достарымыз үшін күрестік. Осында бізбен бірге тұрып, қуанышта өмір кешсін дедік. Ол жақта инфрақұрылым дұрыс емес. Достарың да жаңа болады. Бейімделу өте қиын, – дейді ол.

Анатолий Вилкиннен өзге балалар үйінде тағы үш тәрбиеленуші қалған. Жалпы, балалар үйінің қабырғасында 47 тәрбиеленуші бар.

Видеодан скриншот

«ПОЛИЦИЯ БАЛАЛАРДЫ РЕЙДЕРЛІК ТӘСІЛМЕН АЛЫП КЕТУГЕ ҚОЛҚАБЫС ЖАСАДЫ»

Азаматтық белсенді Юлия Нестерова балаларды алып кеткен Қонаев қаласындағы жаңадан салынған балалар үйі мемлекет балансына өтпеген. Орналасқан жері қолайсыз дейді.

– Бүгін болған жағдайды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Себебі оған түсініктеме беру мүмкін емес. Баларды ешкім ескертпеген. Таңғы жетіде келіп, автобусқа күштеп мінгізген. Бұның барлығына полиция қызметкерлері бұл «бандитизмге», баларды «рейдерлік» тәсілмен алып кетуге қолқабыс жасаған. Бұл менің түсінігімнен тыс дүние. Қалай деп айтарымды да білмеймін. Оларды бала деп те қабылдамайды, – дейді Нестерова.

Азаматтық белсенді Юлия Нестерова

«БАЛАЛАР КЕЛІСІМ БОЙЫНША КӨШІРІЛДІ»

Балалар үйінің директоры Роза Бекішева тәрбиеленушілер көшірілетіні жөнінде алдын ала ескертілген. Балар да, мекеме қызметкерлері де ол жөнінде білген.

– Балалардың келісімі бойынша, тәрбиешілердің келісімі бойынша бүгін бізде уақытша екі топ көшірілді. Бұл мемлекеттік мекемеде уақытша топтар бар, сосын тұрақты тұратын топтар бар… Бұл балардың статусы әлі шықпаған балалар. Олардың құжаттары жиналып жатыр. Сотқа берілгені бар. Мамасының шектеуі бар. Олар ойланып, үйінің жағдайын жасап алып кетуі мүмкін. Алты айға дейін болатын балалар ғой бізде жаңағы кеткен балалар, – дейді мекеме директоры.

Балалар үйінің директоры Роза Бекішева

«ПОЛИЦИЯ КҮШ ҚОЛДАНҒАН ЖОҚ»

Роза Бекішеваның айтуынша, балаларды ешкім бөліп-жармаған. Ағайынды балалар бірге жіберілген. Ол полиция балаларды күштеп алып кеткен жоқ дейді.

– Бір-бірімен достасып қалғаннан кейін, бір-бірін қимай, жібермейміз балаларды деп сондай болып кетті. Оларды ешкім күшпен алып кеткен жоқ, – дейді ол.

Директордың сөзінше, Қонаевтағы балалар үйінің жаңа ғимараты Алматы облысы білім басқармасының балансына берілген. Қазір құжаттары жасалып жатыр.

ЖЕР УЧАСКЕСІ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ДАУ

Даудан кейін балалар үйіне барған мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек №1 балалар үйі Алматы аумағында тұрса да не себепті қала балансына өтпегені алаңдатады деді. Ол бұл оқиғаның ашық болмауына күмәнмен қарайды.

– Мәжіліс депутаты ретінде емес, жер құқығы бойынша заңгер ретінде менде де сұрақтарым өте көп. Бізде жер кодексінің 39-бабы бар. Жерді пайдаланушы балалар үйі мен Алматы облысының білім басқармасы. Балалар көшірілген жағдайда бұл жердің статусы қандай болады? Егер бұл жерлердің пайдалану мақсаты өзгертіліп, коммерциялық жылжымайтын мүлік салынса, онда бұл мемлекеттік жер пайдалану иелігінен шығару болып табылады. Жер кодексінің 39-бабы бойынша жол берілмейді. Сол себепті менің сұрағым бар. Бұл жер арнайы статусы бар балаларға арналған балалар үйінің аумағы болып қала ма? Жоқ әлде бұл жерге алдағы уақытта қымбат таунхаустар мен котедждер салына ма?, – дейді депутат.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек

ҚЫМБАТ ЖЕР, АПАТТЫ ҒИМАРАТ ЖӘНЕ ЖАҢА БАЛАЛАР ҮЙІ

Балалар үйінің ғимараты 1963 жылы салынған. Ол уақытта Бағанашыл шағын ауданы қазіргідей қымбат аудандар қатарына енбеген. Krisha.kz сайтындағы жарнамаға қарағанда қазір мұнда жер учаскелері 31 000 000 теңгеден бастап сатылып жатыр.

№1 балалар үйі төңірегіндегі дау осыдан екі жыл бұрын басталған. Сол уақытта комиссия ғимаратты апатты деп таныған. Кейіннен Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдіктері мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шартарына қол қойған. Осыдан кейін 4 миллиард теңгеге Қонаев қаласында жаңа балалар үйі салынған. Ғимаратты Damu Development Group компаниясы салған. Компания басшысы Қанат Мұхамеджанов. Niac.kz дерегінше, компанияның негізгі қызметі кешенді кеңсе-әкімшілік қызметтерімен байланысты. Сондай-ақ, Қанат Мұхамеджанов «GB ESTATE ALMATY» ЖШС басқарады.

Бұған дейін балалар үйін көшіруге қарсы болған белсенділер Бағанашыл шағын ауданында қымбат тұрғын үй кешендерін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваға қатысы бар компаниялар салып жатыр деген. Бірақ оның бұл құрылыстарға нақты қатысы бар ма, жоқ па нақты дерек жоқ.

— Шын мәнінде, бұл жерлер қазір сол жерде тұрғын үй кешендерін салып жатқан Әлия Назарбаеваға сатылған. Жақын арада балаларды басқа жерлерге жібергеннен кейін құрылыс жалғасады, — деген журналистерге балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушісі Бибігүл Мамай биыл наурызда.

ПРЕЗИДЕНТ РЕАКЦИЯСЫ

Балалар үйінің тәрбиеленушілерін көшіруге қатысты дауға президент Қасым-Жомарт Тоқаев та реакция білдірді. Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Тоқаев Алматы қаласының әкіміне балалар үйіне қатысты арнайы тапсырма бергенін айтты. Жағдайға байланысты президент әкімшілігі қызметтік тексеріс жүргізбек.

– «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаев қаласына көшіруге байланысты жағдаймен танысқан Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға оқушылардың оңтүстік астанада білім алуын жалғастыру үшін балалар үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізуді және аталған нысанды қаланың балансына алуды тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, балалар үйі көшірілмейді, – деп мәлімдеді Руслан Желдібай.

Ulysmedia тілшісі балаларды күштеп алып кетуге байланысты Алматы облысының білім басқармасы мен қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласты. Бірақ ешқайсысы телефон тұтқасын көтермеді.

 

Другие новости

Back to top button