Қырғызстан Қазақстанға 600 млн текше метр су береді

Қырғыз Республикасы биылғы суару маусымында Жамбыл облысының шаруаларына 600 млн текше метрден астам су жібереді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстанның су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Қырғызстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрі Бақыт Торобаев осындай келісімге келген.
Көрші ел осы айда Қазақстанға 45 млн текше метр су жіберген. Енді сәуір айының соңынан бастап Талас өзені арқылы тағы 400 млн және Шу өзені арқылы 180 млн текше метр су жібереді. Бұл су Жамбыл облысындағы ауыл шаруашылығы алқаптарын суаруға жұмсалады.
«Былтыр қырғыз әріптестерімізбен бірлескен жұмыстың арқасында Жамбыл облысының диқандарын суармалы сумен толық қамтамасыз еттік. Мысалы, Талас өзені арқылы Қазақстанға жоспарланған 380 млн текше метрдің орнына 418 млн текше метр су келді. Ал Шу өзені арқылы 165,3 млн текше метр су келді, бұл бір жыл бұрынғы көлеммен салыстырғанда 29,7 миллионға артық»,– дейді Нұржан Нұржігітов.
Сонымен қатар, тараптар қоршаған ортаны қорғау және су сапасын бақылау бойынша бірлескен жұмыс тобының қызметін талқылады.