Қымбатшылық тұтас әлемде келеңсіздік тудырып жатыр
Бұл мәселені бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына ұсынылған кандидат халықпен бірге талқылады.
Оралда «AMANAT» партиясының партиялық тізімі бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттығына ұсынылған кандидат Снежанна Имашева «Евразия» сауда орталығында тұрғындармен кездесіп, сайлауалды үгіт-насихат жұмысын жүргізді.
Кандидат партияның сайлауалды бесжылдық бағдарламасында халықтың тұрмыс сапасын арттыру, тұрғын үй және жол құрылысын жандандыру жоспарланғанын айтты. Алдағы бесжылдықта 3,2 млн текше метр тұрғын үй, 1,2 мың шақырым жолды жаңғырту көзделіп отыр. Бұдан өзге ауылдық жерлерге медициналық, спорттық және мәдени жаңа нысандар қарастырылмақ. Снежанна Имашева тұрғындарды саяси науқанға атсалысып, «AMANAT» партиясына дауыс беруге шақырды.
Кездесуде тұрғындар тарапынан қойылған сауалдардың көбі азық-түлік бағасына қатысты болды. Нарықта тауарлар жылдан жылға қымбаттап барады. Ал ол бағаны жұрттың қалтасы көтере бермейді. Тұрғындар азық-түлік бағасын жіті бақылауда ұстауды сұрады.
Үміткер Снежанна Имашева әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түліктің құнына мониторинг жүргізу жалғасатынын жеткізді. Әйткенмен бағаны әрдайым бірқалыпты ұстап тұру қиын. Кандидат қымбатшылықтың тұтас әлемде келеңсіздік тудырып жатқанын еске салды. Сондықтан партиямен бірге алдымен халықтың табысын ұлғайту ұтымды болатынын айтты.
— Осыған дейінгі сайлауалды бағдарлама негізінде мұғалімдердің, дәрігерлердің және басқа да бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы көтерілді. Бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастырғымыз келеді. Қазіргі нарықтағы бағаның өсуі әлемдік тәжірибеде байқалып жатыр. Сондықтан біз барынша халықтың табысын көтеруді көздейміз, — деді Снежанна Имашева.
Қала тұрғыны Сапарәлі Баймырзаев ауған соғысының ардагерлеріне тағы жеңілдіктер қарастыруды ұсынды. Айтуынша, өзі осы санатқа жатады. Алайда әлі күнге баспанаға қол жеткізе алмай жүр. «Тұрғын үй кезегінде 13 жылдан бері тұрмын. Әйткенмен жылжитын түрі жоқ» дейді ол.
Снежанна Имашева бұл санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамту жүйесі әлі күшінде екенін айтты. Ол ардагердің мәселесін жеке қарап, ақпараттық кеңес беруге әзір екенін жеткізді.
Өзге де тұрғындар партияның қоғамдық қабылдауы мен әлеуметтік саланы бақылау шараларына қатысты ұсыныстарын айтты. Сонымен қатар осы бірмандаттық сайлау округінен қалалық мәслихат депутаттығына кандидат Қайырболат Ғайнеден де жоспарымен бөлісіп, тұрғындардың бірқатар сауалына жауап берді.
Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «AMANAT» партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді