Выбор редакции

Құстың ұясын бұзбай, жұмыстан шығып кеткен Асқар Иманғали қазір немен айналысып жүр

Құс ұясын көріп, орды көмуден бас тартқан экскаватор жүргізушісінің әсерлі оқиғасы туралы индустрия министрлігінің баспасөз конференциясында күтпеген жерден еске алды. Сол кезде вице-министр Олжас Сапарбеков бұл жағдайды тексеріп, мәселені жұмыс берушімен бірге талқылайтынын уәде еткен еді. Алайда уәде беру мен оны орындау – екі бөлек нәрсе. Осыған байланысты Ulysmedia.kz желіде жұлдызға айналған жұмысшыны тауып, мән-жайды анықтауға тырысты.

НЕ БОЛДЫ

Атырау облысының тұрғыны Асқар Иманғали Батыс Қазақстан облысындағы газ құбырының бір учаскесінде қарлығаштардың ұясы бар орды көмуден бас тартып, жұмыстан шығып кеткені үшін танылып кетті. Видеода ол құстарды қалай байқағанын, не болғанын және не себепті оларды көмудің қолынан келмегенін түсіндірді.

– Мен мұны істегенше, жұмыстан кеткенім артық, – деді Асқар кадр сыртында.

Кейін ол расымен жұмыстан кеткені белгілі болды. Алайда көпке дейін оқиғаның жай-жапсары да, Асқар Иманғали туралы деректер де белгісіз болды. Ол тілшілер мен блогерлерге жауап бермей, байланысудан бас тартты. Айта кетейік, Ulysmedia қоңырауларына да жауап қатпады. Бірақ мессенджер арқылы сөйлесуге келісім берді. Нәтижесінде біз оқиғаның мән-жайын және сол жағдайдан кейін оның неге сырқаттанып қалғанын білдіктік.

– Барлығы мен туралы жазып жатыр, айтып жатыр. Бірақ бірде-бір орнитолог, эколог, журналист, қоғам белсендісі немесе блогер сол оқиға болған жерге барып көрген жоқ. «Интергаз» бен «ҚазТрансГаз» басшылығынан не өзгерді, қандай шара қолданылды деп ешкім сұраған да жоқ. Ештеңе. Бәрі тек маған хабарласады. Мен көпшілікке танымал адам емеспін. БАҚ пен телеарналарға сұхбат беруден бас тарттым. Не үшін керек оның бәрі? Бәрі мен хайп үшін істегендей әсер қалдырғысы келеді, – деп басталды әңгіме.

ЕШКІМ ЕЛЕМЕДІ

Расында, мердігер және басқарушы компания басшылығы бұл оқиғаға ешқандай реакция білдірмеген. Ресми мәлімдеме де, баспасөз хабарламасы да таратылмады. Айта кетейік, бұл жұмыстар «ҚазТрансГаз» газ құбыры нысанында жүргізілген, бұл «ҚазМұнайГаздың» еншілес мемлекеттік компаниясы.

Асқар Иманғалидың айтуынша, қазақстандық компанияларды газ құбырларын салу кезінде ондаған, тіпті жүздеген құстың жойылуы еш алаңдатпайды. Ал Батыс Қазақстанда мұнай мен газ өндіретін шетелдік инвесторлар табиғатқа өте ұқыпты қарайды.

– Мен Теңізде 20 жыл жұмыс істедім, сол жерде ТШО-ның жабайы табиғатқа деген көзқарасын өз көзіммен көрдім. Егер құстар ұя салса, ит не мысық балаласа ешкім оларға тимейді. Балапандар немесе күшіктер ширағанша, әлгі жерді үш-төрт айға, тіпті жарты жылға дейін қоршап тастайды. Оның кран не миллиардтаған тұратын техника екені маңызды емес. Ал егер техника жалға алынған болса, оның иесіне қаражат толық төленеді, – дейді Асқар Иманғали.

ҚАРЛЫҒАШТАР ТҮСІНЕ КІРГЕН

29 маусымдағы күнді еске алғанда, Асқар сөйлесіп отырған кезде де эмоциясын жасыра алмады.

– Не істеп жатқанымды, неге олай жасап жатқанымды ойланып та үлгермедім. Тек кенет жүк тиегіштің айналасында көп құстың шыр көбелек айналып жүргенін көрдім, сосын ордан олардың ұяларын байқадым. Төмен түсіп едім – балапандардың шырылдаған дауысын естідім… Оларды қалай көме аламын? Ол жерде шыр айналып жүрген аналар емес пе? Әлгі құстар «Саған не болды, адам? Сен соншалық тасжүрек болып кеттің бе? Ол жерде менің балаларым ғой!» деп жан ұшырғандай болды.

Сол себепті Асқар техникасын тоқтатып, бригадирді шақырған. Бастығына орда көмбейтінін айтып, бұл туралы жоғарыдағы бастықтарға жеткізуді сұраған.

– Сол кезде бригадир басқа жүк тиегіш жүргізушісін шақырып, орданы көмуді тапсырды. Бірақ мен оны да тоқтаттым. Екіншісін де, үшіншісін де… Осылайша бір траншеяны орданы ғана аман алып қалдым. Бар болғаны біреуін. Ал ондай орлар жүздеп жатыр. Бірақ келесі күні, 30 маусымда бәрі қайта басталды… Басқа операторларға айқайлап, тоқтатуға тырысып, даусым қарлығып қалды, – дейді Асқар.

Сол күні ол жұмыстан шығып кеткен. Ал мекеме оның орнына бірден басқа жұмысшы тапқан. Асқар Атырау облысына, үйіне оралғанда ауырып қалыпты.

– Үйге келген соң бір апта бойы түсіме қарлығаштар кірді. Уайымнан бір апта бойы ауырып жаттым, – дейді ол.

БӘРІН ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРДЫ

Оқиғадан екі апта өткен соң, жобаға қатысы бар барлық жүк тиегіш жүргізушілерін «кетуді сұраған». Олардың орнына жаңа жұмысшылар алынған. Асқар Иманғалидың айтуынша, тек бір жүк тиегішті ғана жобаға қалдырған, себебі артық шу көтерілуден қорыққан.

– Ол жерден мен жұмыс істеген жүк тиегішті ғана емес, бәрін бірдей «кетуді сұрады». Егер тек мен отырған техниканы алып тастаса, шу көтерілер еді – онсыз да желіде менің осы әрекетім үшін жұмыстан қуылғаным туралы ақпарат тарап кетті. Жоқ, мені жұмыстан шығарған жоқ, өз еркіммен кеттім, – деп атап өтті Асқар.

Асқар Иманғали қарлығаштардың ұясы кем дегенде екі апта бойы аман қалғанын айтады. Бірақ кейін олардың тағдыры қалай болғанын білмейді.

– Мен үнемі ауысымдағы әріптесіммен хабарласып тұрдым. Сосын жобадағы барлық жүк тиегіш жүргізушілерін жұмыстан шығарып тастағанда, байланыс үзілді. Қазір әлгі балапандардың кейінгі тағдырын білмеймін, – дейді ол.

Асқардың айтуынша, жұмысшылардың жаппай кетуі наразылық туғызған. Кейбір бұрынғы әріптестері жұмыссыз қалып, оған ренжіген.

– Кейбірі ашуға мінді, – дейді ол.

“БІР ӨЗГЕРІС БОЛУЫ МҮМКІН”

Қазір Асқар Иманғали уақытша жұмыссыз. БҚО-дан оралған соң аурудан айығып, сауығып алғанымен, әзірге жаңа жұмыс іздемеген, себебі өз шаруаларымен айналысып жүр. Жұмыстан кеткеніне жақындары қалай қарады деген сұраққа ол былай деп жауап берді:

– Жұбайым мені әрқашан қолдап отырады, – дейді Асқар.

Ол құстар мекендейтін аумақта жұмыс істейтін компаниялар табиғатқа деген көзқарасын өзгертпейінше және қоршаған ортаны қорғау бағдарламаларын жасамайынша, бұл жобаға қайтып бармайтынын айтады.

– Үкімет «Интергаз» бен «ҚазТрансГаздан» табиғатты сақтауға, жануарлар мен құстарды қорғауға қатысты қандай шаралар қабылдағанын сұрауы керек. Мен бұл ұйымның электр желілерінде дала қырандарының қырылу мәселесін де көтергенмін. Қорғау құрылғылары болмағандықтан, жүздеген, мыңдаған қыран қырылып жатыр. Осы уақытқа дейін ешқандай шара қабылданған жоқ. Оқиға орнында бірде-бір орнитолог, эколог, комиссия болған жоқ, – деп ашынады Асқар.

Оның айтуынша, табиғатқа қамқорлық жасау – әр адамның міндеті. Тек қоршаған ортаға ұқыпты қараған жағдайда ғана биоалуантүрлілікті сақтап қалуға болады.

– Міне, менің айтқым келгені осы. Біз тасқыннан, жер сілкінісінен, өрттен, вирустардан «бәрі қайдан шығады?» деп таңғаламыз. Ал өзіміз табиғатқа қалай қараймыз? Адамдар, табиғатқа мейірімді болыңдар. Жер – бұл тірі ағза, ол тыныстайды. Жануарлар әлемі – біздің «кіші бауырларымыз» емес, біз онымен біргеміз! – дейді ол.

Асқар Батыс Қазақстандағы осы оқиғаның кеңінен таралуы адамдарды ойлануға және қорытынды жасауға жетелейді деп сенеді.

– Бір өзгеріс бәрібір болады деген үміт бар! – дейді ол.

Другие новости

Back to top button