Алматы

«Құрма таратқан»: Алматыда автобус жолағына шыққан жүргізуші жасөспірімді қағып өлтірді

Полиция қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді

Алматыда қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақта жүрген жүргізуші жасөспірімді қағып кетті. 16 жастағы жеткіншек алған жарақатынан көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

 

25 жастағы жігіт автобусқа арналған жолақта жоғары жылдамдықпен жүйткіген. Полиция қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

«18 сәуірде сағат 19.30-да 1998 жылы туған А. есімді азамат Toyota Camry маркалы көлігімен Абай даңғылы арқылы батыс бағытта жүріп келе жатқан. Сол сәтте 2007 жылы туған Н. жаяу жүргіншілерге рұқсат етілмеген жолды кесіп өтпек болған. Соның салдарынан жүргізуші кәмелет жасқа толмаған жеткіншекті қағып кетті. Әртүрлі дене жарақатын алған жаяу жүргінші қаладағы ауруханалардың біріне жеткізілгенімен, артынша қайтыс болды. Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелген. Тиісті сараптамалар тағайындалды», -деді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Ал оқиға куәгерлері қайтыс болған баланың ауызашар уақытта жолда су мен құрма таратып жүргенін жазып жатыр.

«Кеше ауызашарға су мен құрма таратып жүрген баланы көлік қағып кетті», — делінген желіде тараған ақпаратта.

Другие новости

Back to top button