Қазір цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде бірінші вице-министр болып отырған Қаныш Төлеушин экс-министр, әйелін өлтіргені үшін 24 жылға сотталған Қунадық Бишімбаевтың мейрамханасына ақша құйғанын растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Бүгін мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген Төлеушин мемлекеттік қызметке келмей тұрып, әртүрлі саладағы жобаларға ақша құйғанын айтты. Солардың ішінде – Астанада Салтанат Нүкенова жан тапсырған «Гастроорталық» атты мейрамхана да бар.
«Мен мемлекеттік қызметке бизнестен келдім, сондықтан бизнесте жүргенде әртүрлі жобаларға ақша құйдым. Соның ішінде осы мейрамхана да бар. Бірақ, қазір мейрамхананың құрылтайшылары арасында атым жоқ», — деді Қаныш Төлеушин.
Оның айтуынша, Қуандық Бишімбае өзі сияқты «Болашақ» бағдарламасының түлегі болған соң, олар кездесіп, бизнес туралы сөйлесіп тұратын.
«Бәріміз «Болашақтың» түлегі болған соң, жобаларымыз туралы пікір алмасып, жиі кездесіп тұрамыз. «Болашақтың» өзге де түлектері сияқты, біз үнемі араласамыз. Бізді байланыстыратын осы дүние. Бірақ, қайталап айтайын, мен мейрамхана құрылтайшыларының арасынан кеткемін», — деді Төлеушин.
Вице-министр бұл қадамға Салтанат нүкенованың өлімінен кейін барды ма әлде оған дейін осындай шешім қабылдады ма, нақты айта алған жоқ.