Выбор редакцииИнтервью

ҚР ҰҒА президенті: Болашағын ғылыммен байланыстыратын жастар үшін қолайлы экожүйе қалыптасуда

Ғылымсыз прогресс жоқ. Ғылым – кез келген мемлекеттің тұрақты дамуының негізі. Қазақстанда ғылыми әлеуетті арттыру, жас зерттеушілерге қолдау көрсету, шетелдік ғылыми орталықтармен серіктестікті кеңейту – бүгінде күн тәртібіндегі маңызды мәселелер. Осы және өзге де тақырыптар төңірегінде біз ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаевпен сұхбаттастық.

El.kz: Қазіргі заманда ғылым қоғамның дамуына қандай ықпал етеді? Ғылым мен білім беру жүйесінің байланысы туралы не айтасыз?

Ақылбек Қажығұлұлы: Қазіргі заманда ғылым әлеуметтік-экономикалық прогрестің негізгі қозғаушы күші болып табылады. Ол өмір сапасын жақсартатын, өндірісті жеделдететін және медицина, энергетика және байланыс салаларында жаңа мүмкіндіктер ашатын технологиялық инновацияларды ұсынады. Ғылыми жетістіктердің арқасында негізгі ресурс шикізат емес, елдердің бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын зияткерлік капитал болып табылатын білім экономикасы қалыптасады. ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы елдің ғылыми саясатында жүйе құраушы рөл атқарады: ол басымдықтарды белгілейді, ғылыми зерттеулерді үйлестіреді, білім мен технологиялар трансфертіне жәрдемдеседі, мемлекет үшін сараптамалық ұсыныстар әзірлеуге қатысады.

Ал ғылым мен білім беру жүйесінің байланысына келсек, олар өзара тығыз байланысты: білім беру ғылымның дамуын қамтамасыз ететін кадрларды даярласа, ғылым білім беру мазмұнын жаңартып, сапасын арттырады. Ғылым мен білімнің берік байланысынсыз инновация, білікті мамандар даярлау және қоғамның тұрақты дамуы мүмкін емес.

El.kz: Қазақстан ғылымының соңғы жылдардағы жетістіктері туралы тоқталып өтіңізші… Әсіресе, халықаралық деңгейде танылған жобалар мен зерттеулер туралы айта аласыз ба?

Ақылбек Қажығұлұлы: Балқашта Satbayev University Металлургия және байыту институтының қазақстандық ғалымдары әзірлеген бірегей технология бойынша тазартылған селеннің алғашқы партиясы шығарылды. Биолог-профессор Дос Сарбасов бастаған Nazarbayev University қазақстандық ғалымдары қатерлі ісікке қарсы дәрі ойлап тапты. DVC деп аталатын дәрі-дәрмектің құрамына С витаминінің жоғары дозасы және төмен концентрациядағы мышьяк кіреді. Препарат глюкозаны сіңіретін рак клеткаларына әсер етеді. Бүгінде қазақстандық ғалымдардың қатерлі ісікке қарсы препараты пациенттерге оң әсермен клиникалық сынақтардың екі бастапқы кезеңінен сәтті өтті. Атап айтсақ: Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғалымдары Қазақстанда алғаш рет травматология, нейрохирургия, жақ-бет хирургиясы, онкология және радиология үшін отандық имплантат дайындады. Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде ғалымдар металлургиядағы коррозиямен күресудің инновациялық әдісін – «Сақтау» коррозияға қарсы жабын әзірледі. Қазақстандық ғалымдар тобы қазақ тілінде жасанды интеллектті дамытуға бағытталған KazLLM үлкен тілдік моделін әзірледі.

Біздің академик Юрий Пя бастаған UMC жүрек орталығының зерттеуші дәрігерлер тобы Жапонияның биыл Осака қаласында өткен дүниежүзілік EXPO 2025 көрмесінде бірегей «ALEM» қондырғы жүйесін ұсынды. Донорлық жүректі сақтауға және тасымалдауға арналған әзірлеме «Heart Center Foundation» қоғамдық қорының қатысуымен құрылған.

ALEM (Astana Life Ex-situ Machine) құрылғысы — донорлық органдардың тіршілікке қабілеттілігін 24 сағаттан астам уақыт бойы сақтауға мүмкіндік беретін инновациялық әзірлеме. Бұл Қазақстан сияқты аумағы үлкен елдер үшін аса маңызды, өйткені трансплантология саласындағы басты міндеттердің бірі — органдарды уақтылы жеткізу. Дәстүрлі әдіспен орган небәрі 4–6 сағат сақталатын болса, ALEM технологиясы ағзадағы жағдайларға барынша жақын ортаны жасайды: температураны тұрақты ұстап тұрады, қанды оттекпен қанықтырады және өмірлік маңызды көрсеткіштерді нақты уақыт режимінде бақылайды.

Қажет болған жағдайда бұл құрылғы донорлық ағзаларды сақтап қана қоймай, оларды емдеуге де мүмкіндік береді. Бұл трансплантация нәтижесін жақсартып, ағзаға мұқтаж адамдарға көбірек үміт сыйлайды.

Мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға әлеуеті бар бұл құрылғы отандық ғылымның нағыз серпілісі деуге болады. Оны тәжірибеде жүзеге асыру — тіпті клиникаға дейінгі сынақ кезеңінде оны бір тәулікке дейін қолдану әлемдік медицина үшін үлкен жетістік. ALEM жүйесінің ерекшелігі — оның көмегімен ағзаны тек сақтау ғана емес, оны ағзадан тыс жағдайда емдеу де мүмкін болады.

Әзірлеушілердің айтуынша, ALEM сияқты технологиялар дәстүрлі клиникалық шешімдердің шекарасынан шығып, мүмкін және мүмкін емес деген ұғымдардың арасындағы шекараны жояды, медициналық ғылымның көкжиегін кеңейтеді және озық технологияларды оларды аса қажет ететін адамдарға қолжетімді етеді.

2022 жылдан бері клиникаға дейінгі 42 операция жүргізілді. ALEM жүрек, бауыр және өкпе жұмысында сәтті сынақтан өтті. Органның тіршілікке қабілеттілігін белсенді функциямен және емдеуге мүмкіндікпен 24 сағаттан астам уақыт бойы сақтаудың мүмкіндігі расталды. ALEM жүйесін нақты трансплантация жағдайларында бірінші рет қолдануға дайындық жүргізілуде. Алғашқы өндірістік кешеннің құрылысы басталды.

ALEM — трансплантология мен медициналық инженерия саласындағы үлкен қадам.

Бұл жүйе дәрігерлерді, инженерлерді, ғалымдарды және қоғамды бірлескен идея төңірегінде біріктіреді: өмір қашықтыққа немесе уақытқа тәуелді болмауы тиіс.

(Фото: ҰҒА баспасөз қызметі)

El.kz: Ғылымды қаржыландырудың қазіргі жағдайы қандай? Қаржының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қажет деп ойлайсыз?

Ақылбек Қажығұлұлы: Мемлекет басшысының соңғы уақытта отандық ғылым мәселесіне ерекше көңіл бөліп, осы салада түбегейлі өзгерістерді жүргізу мен оны қаржыландыру көлемін арттыру жөнінде берген нақты тапсырмалары ғылымның дамуына жаңа серпіліс беруде. Оған дәлел — қабылданған «Ғылым мен технологиялық саясат туралы» заң, соңғы жылдары ғылым саласын қаржыландыру 3,5 есеге артып отыр. Ғылымды мемлекеттік қаржыландыру 2025-2027 жылдарға 531,1 млрд теңгеге дейін ұлғайтылған. Бұл жалпы ішкі өнімнің ғылымды қаржыландыруға бөлінетін 0,16 пайызын ғана құрауда, ал дамыған елдерде бұл кем дегенде 1 пайызды құрайды. Сондықтан қаржыландыруды осы бағытта жүйелі түрде, бірте-бірте көтеріп, оның сапасына да көңіл бөлінуі тиіс. Әсіресе ғылыми-техникалық бағдарламалар еліміздің стратегиялық міндеттерді шешетін жобаларды қаржыландыруы тиіс. Ал бізде қазіргі жағдайда  ғалымдардың мүмкіншілігіне байланысты болып отыр.

Ғылымда ең маңыздысы – ғалымдарға дұрыс мақсат қою. Ғылыми ізденістердің басымды бағыттарын анықтау мақсатында алғаш рет ғалымдардың, мемлекеттік органдар мен бизнес құрылымдарының қатысуымен ізденістердің 30 салалық және өңірлік форсайттық сессияларын жүргізіп, ғылымымызға тән 200 стратегиялық маңызды тақырыптарды анықтап, құзіретті министрлікке табыстадық. Бұл өте маңызды іс, себебі бізде осы уақытқа дейін ғылыми зерттеулердің бағыттары мен тақырыптары ғалымдар мен ғылыми ұйымдардың тек өз мүмкіншіліктеріне негізделген ұсыныстары бойынша белгілеу орын алып келген. Яғни, бұл істе мемлекетіміздің даму стратегиясы, оның бәсекелік басымдықтары, жаңадан туындап келе жатқан технологияларды қолдау және де өндірістің нақты сұраныстары толық ескерілмеген. Мұның өзі бөлінген қаржының тиімсіз жұмсалуы мен ғылыми ізденістердің нәтижелерінің өндіріске енгізілмей6 сөрелерде жатуына әкеп соққан. Жоғарыда аталған ғылыми зерттеулердің тақырыптарды келесі жылдан бастап қолданысқа енгізілмек және сол арқылы ғылымға берілетін қаржының тиімділігін арттыруға мүмкіншілік туады.

Ең бастысы, біз ғылымды дамытудағы басым бағыттарды айқындаудың жаңа тұжырымдамалық тәсілдерін ұсындық. Қазіргі таңда Жоғарғы ғылыми-техникалық комиссия 3 жылға ғылымның 7 басымдығын бекітеді, олар өз кезегінде тағы 153 мамандандырылған басым ғылыми бағытқа бөлінеді. Бірақ шын мәнінде, бұл – басымдықтарды анықтау механизмі емес, ғылым бағыттары бойынша бюджет қаражатын бөлудің ғана схемасы. Осыған байланысты Академия ғылыми зерттеулердің тиімділігін қамтамасыз ететін елдің бәсекелестік артықшылықтарына негізделген ғылымды дамыту басымдықтарының жаңа жүйесін ұсынды. Ғылым және жоғары білім министрлігі өз тарапынан 2026 жылдан бастап  Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның қызметіне сол өзгерістерді енгізуге міндеттелді.

El.kz: Ғалым болудың қиындықтары мен қызықтары қандай? Ғалымдар өздерінің жұмысын қалай ұйымдастырады, олар үшін ғылыми зерттеулердің маңызы неде?

Ақылбек Қажығұлұлы: Ғалым болудың қиындықтары мен өзіндік жауапкершілігі бар. Біріншіден, ғылыми қызмет үздіксіз ізденісті, үлкен интеллектуалдық және эмоционалдық шыдамдылықты талап етеді, себебі зерттеу нәтижелері бірден шықпайды, ал сәтсіздік жиі кездеседі. Екіншіден, қаржыландырудың жеткіліксіздігі, бәсекелестік және халықаралық талаптарға сай болу да қосымша қиындықтар туғызады. Сонымен қатар, тілдік кедергілер мен жарияланым стандарттарына бейімделу де ғалымдар үшін маңызды сынақтардың бірі.

Ал қызықтары – жаңаша ғылыми жаңалықтар ашу, ғылымға өз үлесін қосу және қоғамға пайда әкелу. Ғалым өз зерттеуі арқылы әлемді терең түсінуге мүмкіндік алады және осы жаңалықтарды практикалық өмірге енгізуге ұмтылады.

Ғалымдар әдетте жұмысын жүйелі жоспарлау арқылы ұйымдастырады: зерттеу мақсаттарын белгілеп, гипотезалар жасайды, деректер жинап, талдайды, содан кейін нәтижелерін жариялайды. Көптеген ғалымдар ғылыми ортада (университеттерде, зерттеу институттарында) жұмыс істеп, әріптестермен бірлескен жобалар жүргізеді, зерттеулер жасайды.

Кез келген қоғамда ғылыми зерттеулердің маңызы зор екені белгілі, олар білімнің дамуына, технологиялық прогреске, әлеуметтік мәселелерді шешуге және қоғамның өркендеуіне негіз болады. Ғалым үшін зерттеу – тек кәсіби міндет емес, сонымен бірге өзін-өзі іске асырудың ең жоғарғы деңгейі.

El.kz: Ғылым мен технологияның бірігуі ғылымның дамуына қалай ықпал етеді? Бұл үрдістің Қазақстан үшін қандай мүмкіндіктері бар?

Ақылбек Қажығұлұлы: Осы мәселе расымен отандық ғылымда ақсап тұр, олқылықтар жетерлік. Ғылым мен технологияның бірігуі, оған бизнестің ат салысуы, өндірістің нақты сұранысына ғалымдардың әзірлемелері, зерттеулері, жобаларының дайындығы, ал осы жұмыстарға мемлекеттік органдар, салалық министрліктер қолдау білдіріп, өзара дәнекер болып, әр өңірдің спецификалық мәселелерімен облыс әкімдіктерін, ондағы құрылған кеңесті осы жұмысқа белсене тарту қажет. Осы бағыттағы белсенді кешенді жұмысты Академия бастап кетті.

«Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңында форсайттық зерттеулер жүргізу функциясы Ұлттық ғылым академиясының құзырына берілген. Қазіргі таңда ғылыми-технологиялық форсайт болашақтағы ғылыми және технологиялық үрдістерді болжау мен талдаудың жүйелі процесі болып табылады. Бұл процесс ағымдағы жетістіктерді бағалауды, перспективалық бағыттарды анықтауды және оларды жүзеге асыру стратегияларын әзірлеуді қамтиды. Форсайт үкіметке, компанияларға және ғылыми ұйымдарға дәйекті шешімдер қабылдауға, ғылым мен технологияға ұзақ мерзімді инвестиция тартуды жоспарлауға көмектеседі. Осылайша форсайттық зерттеулер жаңаша ой қалыптастыру мен болашақты жобалау құралына айналып отыр.

Форсайттық зерттеулерді жүргізу үшін іске асырылған жобалар мен бағдарламалар туралы ақпараттық-талдамалық база қалыптастырылды. Ол Академияның ресми веб-ресурсында интерактивті аналитика түрінде сараптамалық қоғамдастыққа қол жеткізу үшін ашық, кәсіпорындардың технологиялық міндеттері мен ғылымнан шешімдер базасын қалыптастыру басталды.

Жүргізіліп жатқан жұмыстың негізі ғылым мен технологияның ағымдағы жай-күйін, ғылыми-техникалық (технологиялық) саясатты қабылдау мен іске асырудың дәйектілігін кешенді талдаумен ұштастыра отырып, Қазақстанда жүргізілген алдыңғы ұлттық форсайттардың нәтижелері болды. Зерттелетін бағыттар бойынша ғылымның болашақ дамуының әлемдік трендтері мен сын-тегеуріндеріне талдау, ғылым және технологиялар саласындағы көшбасшы елдердің (АҚШ, ЕО, Қытай, Оңтүстік Корея және басқалар) халықаралық форсайттарының нәтижелеріне талдау жүргізілді.

Саланың проблемалары мен міндеттерін, сондай-ақ ғылымда құрылған құзыреттер мен кірістерді анықтау үшін сараптамалық қоғамдастық-ғылым және бизнес өкілдерін тарту бойынша үлкен жұмыс жүргізілді.

Осы бағытта 30-дан астам өңірлік және салалық форсайт сессиялар өткізілді, олар зерттелетін бағыттардың даму трендтері мен сын-қатерлерін, проблемалық мәселелер мен ғылымды дамытудың перспективалық міндеттерін анықтауға бағытталған, сауалнамамен ғылым мен индустрия тарапынан 1100-ден астам сарапшы қамтылды. Сондай-ақ, 400-ден астам жетекші отандық және шетелдік зерттеушілермен, сондай-ақ ірі және орта кәсіпорындардың, салалық қауымдастықтар мен одақтардың өкілдерімен терең сұхбат жүргізілді.

Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде әлемдік технологиялық трендтерді, қолда бар құзыреттер мен құрылған негіздерді, ірі кәсіпорындар басшыларының, жетекші зерттеушілер мен ғылыми институттар басшыларының сараптамалық пікірін ескере отырып, отандық ғылым үшін 200-ден астам перспективалық міндеттер бөлініп алынды.

Бөлінген міндеттер «Атамекен» ҰКП, салалық одақтар мен қауымдастықтардың салалық комитеттерімен жекелеген талқылаулар шеңберінде талқыланды. Сондай-ақ алынған нәтижелерді ұсыну және оларды салалық министрліктердің жоспарлары мен стратегияларымен келісу мақсатында ғылыми-технологиялық даму мәселелеріне жетекшілік ететін вице-министрлер деңгейінде талқылаулар өткізілді.

Ұлттық ғылым академиясы әкімдіктермен және ғылым мен технологиялар жөніндегі өңірлік кеңестермен тұрақты түрде өңірлік форсайт-сессиялар өткізуде. Осы кездесулер барысында өңірлердің өзекті мәселелері талқыланып, жергілікті қажеттіліктерді ескере отырып, ғылыми басымдықтар айқындалуда. Бұл тәсіл зерттеудің перспективалық бағыттарын анықтап қана қоймай, ғылымнан қолданбалы шешімдерге алдын-ала сұраныс қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Ғылым және технологиялар Форсайты» цифрлық платформасын құру жұмыстары басталды. Ол деректерді жүйелі талдау, ғылыми трендтерді бақылау және стратегиялық жоспарлауды қолдау құралы болады.

Жүйені құру — стратегиялық болжаудың халықаралық тәжірибесін енгізу,аналитиканың дәлдігі мен сенімділігін арттыру, ресурстарды азайту арқылы процестерді автоматтандыру, пәнаралық өзара әрекеттесуді қамтамасыз ету, Қазақстанның жаһандық ғылыми экожүйедегі ұстанымын нығайтуға мүмкіндік береді.

(Фото: ҰҒА баспасөз қызметі)

El.kz: Экология мен климаттық өзгерістерге қатысты ғылыми зерттеулердің маңызы қандай? Қазақстан осы бағытта қандай ғылыми жобаларға басымдық береді?

Ақылбек Қажығұлұлы: Экология, аграрлық ғылым, биомедицина және су технологиялары саласындағы зерттеулер маңызды рөл атқарады. Басымдық-тұрақты ауыл шаруашылығы, су ресурстарын басқару, биоалуантүрлілік, ластануды бақылау жүйелері, климаттық тәуекелдерді болжау. Пәнаралық зерттеулер тиімді бейімделу және тұрақты даму стратегияларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы IV Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде адамдардың зиянды әрекеттері салдарынан жойылып кету қаупі төніп отырған жануарлар мен өсімдіктер әлемінің биологиялық алуан түрлілігін сақтау өзекті мәселе екенін ерекше атап өтіп, Биологиялық әртүрлілікті сақтау жөніндегі халықаралық қор құру қажеттігін мәлімдеді. Табиғи экожүйелерді сақтау — бұл тек экологиялық мәселе ғана емес, Қазақстан мен Орталық Азияның тұрақты дамуы үшін стратегиялық міндет болып табылады. Осыған байланысты биологиялық әртүрлілікті қорғау бойынша тиімді шешімдер іздеуде ғылыми қауымдастықтың, сарапшылар мен экологтардың күш-жігерін біріктіру маңыздылығы ерекше.

Мемлекет басшысының жоғарыда атап өткен тапсырмасын орындау мақсатында Академия осы жылдың  5 маусымында Экологтар күніне арналған «Орталық Азиядағы биоалуантүрлілікті сақтау мәселелері мен перспективалары» атты халықаралық форум өткізді.

Форум жұмысында Орталық Азиядағы биологиялық әртүрлілікті сақтау бойынша Академияның ұстанымын айтылып онымен байланысты тәуекелдерді басқаруға бағытталған ғылыми негізделген нақты шаралар ұсынылды.

Атап айтқанда:

  1. Жасанды интеллект, геоақпараттық жүйелер және қашықтан зондтау технологиялары негізінде ұлттық экологиялық мониторинг пен болжау жүйесін құру қажет. Бұл жүйе мұздықтар, су айдындары, жайылымдар мен өсімдіктер сияқты негізгі экожүйелердің жағдайын нақты уақыт режимінде тұрақты бақылауды қамтамасыз етуі тиіс. Әсіресе климаттық болжамдарды ескере отырып, экологиялық тауашалар модельдерін әзірлеу мен ареалдардың өзгеру сценарийлерін құруға ерекше назар аударылуы керек. Бұл тәуекелдерді алдын ала анықтауға және сақтау шараларын бейімдеуге мүмкіндік береді.
  2. Қазақстан флорасы мен фаунасының бірыңғай цифрлық кадастры мен жасанды интеллект құралдарының түрлерін танудан бастап болжамды модельдерге дейін — интеграциялай отырып қалыптастыру қажет. Мұндай дерекқор ғылыми қауымдастыққа қолжетімді болуы тиіс және Global Biodiversity Information Facility (GBIF) секілді халықаралық платформалармен үйлестірілуі қажет. Бұл ақпарат алмасуды, популяцияларды мониторингтеуді және табиғатты қорғау шараларын ғылыми негізде жоспарлауды қамтамасыз етеді.
  3. Табиғи ресурстарды пайдалану саясатына экожүйелік тәсілді енгізу қажет. Бұл ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін кеңейтумен және тозған экожүйелерді қалпына келтірумен қатар, табиғи ландшафттардың тұтастығы мен биологиялық қауымдастықтың тұрақтылығын қамтамасыз ететін функционалды және экологиялық дәліздерді құруды көздейді.
  4. Климаттың өзгеруі, түрлердің миграциясы және ресурстық жүктеменің артуы ескеріле отырып, аумақты тұрақты дамытудың ұзақ мерзімді сценарийлерін әзірлеу қажет. Жер пайдалану мен шаруашылық қызметіне қатысты барлық шешімдер экожүйелерге келесі 20–30 жылдағы ықтимал әсері тұрғысынан бағалануы тиіс. Мұндай ғылыми-болжамдық көзқарас туындаған салдарға жай ғана әрекет етумен шектелмей, олардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Форум аясындағы көрмеде көпфункционалды мобильді SIGMA кешені (кеңістіктік мониторинг пен геotalдау жүйесі) таныстырылды — бұл табиғи және антропогендік үдерістерді кеңістіктік-уақыттық талдау үшін арналған цифрлық платформа. Ол экология, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, климат, биологиялық әртүрлілік және басқа да салалардағы мониторинг пен болжауға арналған. Аталған платформа ҚР ҰҒА мен Қытайдың ғылыми институттары арасындағы бірлескен зертхананың аясында белсенді түрде пайдаланылатын болады және ол биологиялық әртүрлілікті сақтау, жердің тозуын бақылау, апаттардың алдын алу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жобаларда қолданылады.

Форум биологиялық әртүрлілікті сақтау, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, ғылыми зерттеулер мен білім беру бастамаларын қолдау ісінде мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктіру жолындағы маңызды қадам болды.

El.kz: Қоғам арасында ғылымды насихаттаудың маңызы қандай? Ғылыми жетістіктерді халыққа түсіндіруде қандай әдістер қолданылуда?

Ақылбек Қажығұлұлы: Ғылымды насихаттаудың маңызы қоғамның білім деңгейін арттыру, ғылыми ойлау мәдениетін қалыптастыру және технологиялық дамуға жол ашу тұрғысынан өте жоғары. Ғылымды түсіндіру халықтың жаңалықтарға сенімін күшейтіп, жалған ақпаратқа қарсы тұру қабілетін арттырады. Бұл өз кезегінде ғылым мен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, инновацияны қабылдауға оң көзқарас қалыптастырады.

Қазіргі кезеңде ғылымды насихаттау тек ақпарат берумен шектелмейді, ол қоғамдық санада ғылымның құндылығын арттыратын мәдени құбылысқа айналды. Егер ғылыми жетістіктер халыққа түсінікті әрі қолжетімді форматта жеткізілсе, инновацияны қабылдау жылдамдайды және ғылыми зерттеулерге қоғамдық қолдау күшейеді.

Ғылыми жетістіктерді халыққа түсіндіруде көптеген әдістер қолданылады. Мысалы: Ғылыми коммуникация әдісі, яғни ғылыми мақалалар, сұхбаттар, БАҚ арқылы ғылыми нәтижелерді қарапайым тілде жеткізу. Ғылыми танымдық әдебиеттер, яғни ғылыми-көпшілік кітаптар, журналдарда қарапайым тілде материалдар жазу. Ғылыми шраларды ұйымдастыру мен ғылыми әзірлемелердің көрмелері арқылы интерактивті демонстрациялар жасай отырып, тәжірибелік түрде көрсету. Қазіргі таңда ғылыми контенттерді халыққа жеткізу ұлттық медиада ақсап тұр, арнайы ғылыми жобалар, бағдарламалар, ток-шоулар жоқтың қасы. Елімізде жалғыз ғылыми танымдық журнал қазіргі таңда Академияның бастамасымен шығатын «Әл-жәбрдің атасы».  Журналдың бас редакторы, елімізге танымал ғалым-математик, академик, Қазақстанның Еңбек Ері, ҚР Президентінің жанындағы ҰҒА вице-президенті Асқар Жұмаділдаев. Оқушылар мен ұстаздарға, ғылымқұмар жандарға арналған журнал айына бір рет, Qalan компаниясының қолдауымен жарыққа шығады.

Жалпы ғылыми жетістіктерді халыққа түсіндіру, насихаттауға өздеріңіз сияқты БАҚ белсене қатысуын шақырамыз. Академия әркез отандық ғалымдар туралы, олардың ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелері, жетістіктері, инновациялық әзірлемелері туралы ақпарат беруге, кейіпкерлер, спикерлер табуға барынша көмектеседі және бізде өтетін барлық ғылыми шараларға әркез есігіміз ашық, ресми сайтымызда хабарландыру бөлімінде баспасөз хабарламасы жарияланып тұрады.

El.kz: Академияның халықаралық ынтымақтастығы, ғылыми байланыстары туралы айтып өтсеңіз?

Ақылбек Қажығұлұлы: Академия Қытай, Ресей, АҚШ, Түркия, Германия, Франция, Оңтүстік Корея және Орталық Азия елдерін қоса алғанда 20-дан астам елдің ғылыми ұйымдарымен ынтымақтастықты дамытуда. Шет елдің Ұлттық ғылым академияларымен 19 меморандумға және халықаралық ұйымдармен 15 келісімге қол қойылды. Келесі халықаралық ғылыми орталықтар құрылды: ЖИ және мониторинг бойынша Қазақстан-Қытай, жас ғалымдарды қолдау бойынша Қазақстан-Неміс, агротехнология бойынша Қазақстан-Ресей және форсайттық зерттеулер бойынша Қазақстан-Корей. Бұл трансшекаралық жобаларға қатысуға және ғылыми дамудың өзіндік стратегиясын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

(Фото: ҰҒА баспасөз қызметі)

El.kz: Қазақстандағы жастар ғылым саласында кәсіби мансап жасау үшін қандай мүмкіндіктерге ие? Ғылыми мансаптың болашағын қалай көресіз?

Ақылбек Қажығұлұлы: Қазақстанда өз мансабын ғылыммен байланыстыруға ұмтылатын жастар үшін қолайлы экожүйе қалыптасуда. Мемлекет ғалымның кәсіби қалыптасуының барлық кезеңдерінде кешенді қолдау шараларын қабылдауда. Біріншіден, білім беру гранттарының санын көбейту және стипендияларды арттыру арқылы докторантураға қолжетімділік айтарлықтай кеңейтілді, бұл ғылыми білім беруді қолжетімді және тартымды етеді.

Екіншіден, «Болашақ» бағдарламасы және басқа да халықаралық бастамалар аясында шетелде ғылыми тағылымдамадан өтуге кең мүмкіндіктер ашылуда. Бұл жас зерттеушілерге жаһандық ғылыми қауымдастыққа кірігуге, озық тәжірибелерді меңгеруге және тұрақты халықаралық байланыстар орнатуға жол ашады.

Постдокторанттар мен жас ғалымдарға ерекше назар аударылады: гранттық қаржыландыруға арналған арнайы конкурстар, ғылыми стипендиялар, зерттеулерді жеделдету бағдарламалары жұмыс істейді. Бұдан басқа, мемлекет тұрғын үй беру бағдарламаларын, ел Президенті атынан Тұрғын үй сертификаттарын, сондай-ақ талантты зерттеушілер үшін көтермелеу сыйлықтары мен мемлекеттік ғылыми стипендияларды қоса алғанда, әлеуметтік қолдау шаралары енгізілуде.

Жас ғалымдар ғылыми қызметке белсенді түрде тартылып, олардың қатысуымен 1 055 жоба іске асырылып жатыр. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау тетіктері кеңейтілді: постдокторанттар мен жас ғалымдарға гранттар, әзірлемелерді коммерцияландыруды қаржыландыру, іргелі институттарды тікелей қаржыландыру, шетелдік тағылымдамалар және мега-гранттар енгізілді.

Қазіргі уақытта 264 ғылыми-техникалық бағдарлама, 2 361 ғылыми жоба (оның 835-і жас ғалымдарға тиесілі) және 208 коммерцияландыру жобасы қаржыландырылуда. 1 475 ғалым шетелде ғылыми тағылымдамадан өтті.

Жас ғалымдарға арналған гранттық конкурстар арқылы 2 000-нан астам зерттеуші 835 жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін алды. Министрлік қаржыландыратын әрбір жобада жас ғалымдардың үлесі кемінде 30%.

Жас ғалымдарды қолдау күшейтілді: 351 пәтер берілді (290-ы кредиттік бағдарлама бойынша, 61-і – ақысыз). Ғылыми дәрежелер мен атақтар үшін қосымша төлемдер артты, халықаралық тағылымдамалар жалғасуда. Жыл сайын 50 «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығы, ғылым саласындағы мемлекеттік сыйлықтар және 50 талантты жас ғалымға стипендия бөлінеді.

Қолданбалы зерттеулер саласында жұмыс істейтін ғалымдардың жалақысына арттыру коэффициенті енгізілді. Жыл сайын «Жас Ғалым» гранттық қаржыландыру конкурсы өткізіледі.

El.kz: Форсайттық зерттеулерді жүргізудің қаншалықты маңызы бар?

Ақылбек Қажығұлұлы: Форсайт — ғылыми егемендікті қамтамасыз етудің стратегиялық құралы. Бұл Қазақстанға әлемдік трендтерді ұстануға ғана емес, ұлттық мүдделер мен әлеуетке сүйене отырып, өз күн тәртібін құруға мүмкіндік береді. Мысалы, еліміздің ғылыми бағыт бағдарын агротехнологияларға, су және климаттық зерттеулерге, қолданбалы салаларда жасанды интеллектіні дамытуға назар аудара алады. Форсайт сонымен қатар ұзақ мерзімді кадр саясатын құруға мүмкіндік береді-болашақта маңызды болатын салалар үшін мамандар даярлауда үлесі зор. Бұл сыртқы сараптамаға тәуелділікті азайтады және елге жаһандық трансформация жағдайында сенімді әрекет етуге мүмкіндік береді.

Ұлттық ғылым академиясы ғылымның экономиканың, өнеркәсіптің және өңірлік дамудың нақты міндеттерімен байланысын нығайтуға бағытталған жұмыстарды жүргізуде. Негізгі мақсат — орта және ұзақ мерзімді перспективада ел үшін ең маңызды ғылыми зерттеулер мен технологиялардың бағыттарын анықтау және оларды қолдау үшін нақты ұсыныстар дайындау.

Ғылыми болжау жүйесін құру-бұл кезекті жоба ғана емес, стратегиялық қадам. Қазақстан жекелеген ғылыми жобаларды бытыраңқы қолдаудан ғылым экономикалық өсудің, технологиялық тәуелсіздіктің және өмір сапасын жақсартудың басты қозғаушы күштерінің біріне айналатын біртұтас және күшті жүйені құруға көшкісі келеді. Бұл мүмкін болу үшін алдымен қандай ғылыми бағыттардың маңызды екенін түсіну керек.

Жұмыс бірнеше негізгі бағыттар бойынша жүргізілуде. 2024 жылғы форсайт-зерттеулердің нәтижелері бойынша ғылым үшін басым міндеттер айқындалды, олардың шеңберінде медицина, агротехнология және геологиялық барлау саласындағы жаңа шешімдерге дейін 2025 жылы 2026-2028 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсы үшін ғылыми-техникалық тапсырмалардың жобалары дайындалды.

El.kz: Қазіргі таңда ең қызықты әрі перспективалы ғылыми бағыттар қандай? Осы бағыттар бойынша Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері мен алдағы мақсаттары қандай?

Ақылбек Қажығұлұлы: Қазіргі таңда қызықты, әрі перспективалы ғылыми бағыттар өте көп. Мысалға медицина және денсаулық сақтау бағытын атап өтсек — дербестендірілген медицина, геномдық редакциялау, микробиомдық зерттеулер, гегенеративті медицина, синтетикалық биология өте қарқынды дамуда. Ғылымның барлық бағыттарында жасанды интеллектіні пайдалану, оны енгізудің перспективасы жоғары. Отандық ғалымдардың шет елдік жетекші ғалымдармен коллабарациясымен ЖОО мен ҒЗИ-да ауқымды зерттеулер жасалып, алғашқы нәтижелер алынуды. Бұл бағытты дамытуда да жүйелі шаралар қажет: инвестициялар тарту, биотехникалық парктер мен клиникалық-зерттеу орталықтарын ашу, бизнеспен интеграция жасау сияқты.

El.kz: Тілшілерге берген бір сұхбатыңызда өңірлердегі зерттеушілер үлесі мегаполистерге қарағанда аз екенін айтып қалдыңыз. Бұл мәселені шешу үшін ҰҒА тарапынан нендей шаралар қабылдануда?

Ақылбек Қажығұлұлы: Отандық ғылымның дамуының тағы бір жүйелі мәселесі – ол ғылымның өңірлерде дамымай отырғандығы. Дамыған елдердің тәжірибесі қазіргі таңда жаһандық проблемалардың неғұрлым тұрақты экономика мен қоғамды құруда жекелей әрі мақсатты тәсілмен сипатталатын жергілікті контекстке ауысқанын көрсетіп отыр. Осыған сәйкес, бұл мақсатқа қол жеткізу құралы ретінде Өңірлік инновациялық экожүйелер тұжырымдамасы белсенді дамып келеді. Бұл тұжырымдама мемлекеттік және жеке секторлардың әртүрлі субъектілерін ортақ міндеттер мен мақсаттар төңірегіне біріктіреді, ғылым жүйесін азаматтардың өмірін жақсартатын, бәсекеге қабілеттілікті арттыратын және өсуді ынталандыратын инновацияға айналдыруға ықпал етеді.

Өңірлік инновациялық экожүйелердің өзегі (ядросы) — өңірлік ғылым. Өкінішке қарай, Қазақстанда өңірлік ғылымның жағдайы әлі де болса төменгі деңгейде. Ғылымның жай-күйін сипаттайтын басты көрсеткіштерді талдасақ, еліміздің ғылыми әлеуетінің үштен екісі (65%) Алматы, Астана және Шымкент қалаларында шоғырланған. Осы қалалардағы 1 мың тұрғынға шаққанда зерттеуші мамандардың саны 3-4 адамды құрайды, бұл Канада (3,9) және Польша (3,2) сияқты елдермен пара-пар.  Сонымен қатар, бұл көрсеткіш басқа өңірлерде 20 есе және одан да көп төмен. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) қаржыландыру көлемі Алматы және Астана қалаларында барлық ішкі шығындардың 66%-ын, бағдарламалық-нысаналы және базалық қаржыландырудың 79%-ын, гранттық қаржыландырудың 75%-ын құрайды. Бірақ ғылыми зерттеулер көп жағдайда өңірлік мәселелерден тысқары жүргізілетінін атап айтқан жөн.

Жергілікті бюджеттен ғылыми зерттеулердің қаржыландыру мәселесіне келсек, ол ҒЗТКЖ-ға жұмсалған барлық шығындардың 0,4% ғана құраған. Ең көп қаржыландыру тағы да Астана және Алматы қалаларына бөлінген, ал еліміздің 10 өңірінде мұндай қаржыландыру мүлдем болмаған.

Көрсетілген кемшіліктің орнын толтыру мақсатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Атырау қаласында өткен Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында Академия «Қуатты өңірлік ғылым — қуатты өңір» бастамасын ұсынып, онда облыс әкімдіктері жанынан Ғылым және технология бойынша кеңестер құру туралы ұсыныс жасалып, Мемлекет басшысы тарапынан толықтай қолдай тауып, тікелей тапсырмасымен аталған Кеңестер барлық облыстарда құрылып, өз жұмыстарын бастап кетті.

Академия осы іске өзінің методикалық кеңестері мен практикалық көмектерін көрсету арқылы тиісті үлесін қосуда. Өңірлердегі ғылыми әлеуетті дамытуды қолдау тұжырымдамасы әзірленіп, ресми түрде Үкіметке жолданып, осы тұжырымдаманы өңірлерде ғылымды дамытуға қолдануға облыс әкімдеріне міндетті түрде жұмысқа пайдалануға ұсынылды.

Мықты  Қазақстан дегеніміз – бұл ең алдымен мықты өңір.  Сондықтан әр облыс экономиканың өзіне тән бәсекелестік артықшылықтарына, сондай-ақ жергілікті табиғи ресурстарды тиімді және ұтымды пайдалануға негізделген тұрақты дамудың ұзақ мерзімді стратегиясына сәйкес дамуы керек. Мұндай стратегия ең алдымен,  ғылыми болжау мен талдау негізінде әзірленуге тиіс, ал оны іске асыру әкімдердің ауысуына тәуелді болмауы керек. Бұл — жергілікті атқарушы органдарға бірыңғай стратегиялық мақсатқа қол жеткізу үшін жүйелі жұмыс істеуге мүмкіндік береді және өңірдің экономикасы мен әлеуметтік саласының әртүрлі бағыттарын дамытуда бұрмалаушылық пен теңгерімсіздіктерге жол бермейді.

Осы мақсатқа қол жеткізуде өңірлік кеңестер Ұлттық Академияның бастамасымен әзірленіп жатқан цифрлық жүйенің маңызды буыны болуы тиіс. Бұл цифрлық жүйе өңірлердің аумақтарын табиғи-шаруашылықтық жайластыру үшін шешімдер қабылдауға керекті барлық қажетті ақпараттық және талдамалық материалдармен қамтамасыз ете алады.

Бұған дейін Академия Президиуымының көшпелі отырыстары республиканың 8 облысында өткізіліп, онда аграрлық, медициналық, мұнай-химия, атом энергетикасы, транзит  және логистика, тау-кен, су ресурстары т.б өзекті проблемаларға баса назар аудара отырып, өңірлік ғылымды дамыту мәселелері кеңінен талқыланған болатын. Келесі Академия Президиуымының көшпелі отырысын тамыз айында Қостанай облысында өткізу жоспарлануда.

(Фото: ҰҒА баспасөз қызметі)

El.kz: Ғылымның ел экономикасы мен әлеуметтік салаларға тигізетін әсері туралы не айтар едіңіз?

 Ақылбек Қажығұлұлы: Ғылым ел экономикасына жаңа технологиялар мен инновациялар енгізу арқылы өнімділікті арттырып, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының тиімділігін көтереді, соның нәтижесінде ұлттық бәсекеге қабілеттілік күшейеді. Инновациялық экономикасы дамыған елдерде ғылымның үлесі ЖІӨ-нің 3–5%-ына дейін жетеді (мысалы, АҚШ- 3,46%, Оңтүстік Корея — 4,93%, Израиль — 5,56%). Әлеуметтік салада ғылым медицина, білім беру, экология және цифрландыру салаларындағы жетістіктер арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етуге ықпал етеді. Қоғамдық және басқару саласында ғылыми негізделген шешімдер мемлекеттік басқару тиімділігін арттырады, цифрлық технологияларды енгізу арқылы қызмет көрсетудің сапасын жақсартады. Сонымен қатар ғылым экологиялық қауіптерді азайтуға және «жасыл» технологияларды дамытуға жағдай жасайды, бұл ұзақ мерзімді тұрақты дамуға ықпал етеді.

El.kz: Қазақстан ғалымдарының шетелдік ғылыми орталықтармен байланысы қалай? Бірлескен жобалар туралы тоқталып өтіңізші…

Ақылбек Қажығұлұлы: Отандық ғылымды қарқынды дамытудың ең сара жолы – ол ғылым саласындағы халықаралық байланыстарды дамыту және сол арқылы өзімізде жоқ ғылыми білім мен құзіреттілікті елімізге тарту болып табылады. Сондықтан, Академия жанынан Оңтүстік Корея, Германия және Қытай ғалымдарымен бірлесіп 3 халықаралық ғылыми орталық құрылды. Мәселен жақында Академияда Қазақстан-Қытай кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект және тұрақты даму жөніндегі халықаралық бірлескен зертханасы құрылды.

Бұл жоба қазақстандық және қытайлық жетекші ғалымдарды, оның ішінде Чжэцзян технологиялық университеті мен олардың ірі инновациялық компанияларды біріктіруде. Бұл жай ғана ғылыми нысан емес — бұл өзара сенімнің, құрметтің, сонымен бірге болашаққа деген ортақ көзқарасқа негізделген тең құқықты трансұлттық серіктестіктің бірегей үлгісі.

Бұл жобаға Қытай тарапынан салынатын инвестиция көлемі 1 млрд юань немесе 70 мрлд теңгені құрап отыр.

Зертхананың негізгі бағыты — жасанды интеллект, геоақпараттық жүйелер және Жерді қашықтан зондтау технологиялары. Бұл технологиялар төтенше жағдайларды болжау, табиғи ресурстарды мониторингтеу, су және энергетикалық жүйелерді басқару, сондай-ақ жалпы тұрақты дамуды қамтамасыз ету секілді маңызды міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.

Осындай жобалар негізінде еліміздің ғылым саласына тартылатын шетелдік инвестициялардың көлемін арттыру бүгінгі таңдағы біздің басты мақсаттарымыздың бірі болу керек.

El.kz: Ғылыми этика мен жауапкершілік туралы ойыңыз қандай?

Ақылбек Қажығұлұлы: Ғылыми әдеп – ғылыми зерттеулерді жоспарлау, жүргізу және басқару, ғылыми нәтижелерді пайдалану процесінде орындау, сондай-ақ БАҚ-та, конференцияларда, кеңестерде және басқа да жария іс-шараларда ғылым және ғылыми қызмет мәселелері бойынша сұхбат беруде, баяндамалар жасауда ұстануға міндеттелетін нормалар мен қағидаттар жүйесі.

Ғылыми зерттеулер жүргізудің  әлемде қабылданған стандарттарын және үздік тәжірибелерін бейімдеу негізінде біз Академияның ғылыми этика Кодексін алғаш рет әзірлеп бекіттік. Онда ғылымдағы орынсыз мінез-құлық ретінде фальсификация, бұрмалау, плагиат, мүдделер қақтығысы және жалған бірлескен авторлықтың ресми анықтамалары айқындалды. Кодекс Қазақстан Республикасының ғылыми ұйымдары мен жоғары оқу орындарының еркін пайдалануы үшін қол жетімді екенін айтқым келеді.

Әлемдік ғылыми тәжірибеде осындай «алтын стандарттардың»  мысалдарын көптеп табуға болады. Сыннан өткен осындай тәжірибенің біздің ғылыми қоғамдастыққа дер кезінде енгізілуі аса маңызды. Сондықтан Академия үздік әлемдік тәжірибені таразылау негізінде болашақта да осындай ғылыми регламенттерді кеңінен тарататын болады.

Кодекстің негізгі мақсаттары:

  • ҚР ғылыми қоғамдастығында әлемде танылған ғылыми әдеп нормалары мен қағидаттарына негізделген мәдениетті ілгерілету;
  • ғылыми зерттеулермен байланысты пайданы барынша арттыру және

тәуекелдерді барынша азайту;

  • ғылыми зерттеулер нәтижелерінің дәлдігін, дұрыстығын және қауіпсіздігін

қамтамасыз ету;

  • ғылыми зерттеулерге қатысушылардың тиісті кәсіптік ортаға құқықтарын

қорғау;

  • мемлекеттік органдар, кәсіпкерлік субъектілер, кәсіптік және қоғамдық

бірлестіктер, әлемдік ғылыми қоғамдастық және тұтастай алғанда қоғам тарапынан ҚР ғылыми қоғамдастығы мен ғылыми нәтижелеріне жоғары сенім дәрежесін қамтамасыз ету;

  • ҚР ғылыми қоғамдастығының әлемдік ғылыми

қоғамдастықтағы рөлін арттыру және жетістіктерін таныту.

El.kz: Елімізде ғылыммен айналысатын ғылыми қызметкерлер саны қанша? Соңғы бес жылдағы статистика не дейді? Өсім бар ма?

Ақылбек Қажығұлұлы: Бүгінгі таңда ғылыми қызметкерлер саны 25 мыңнан асып, оның 46%-ын жас ғалымдар құрап отыр. ;ылыми қызметкерлер сананың 51% — нәзік жандылар. Ғылым саласында 425 ұйым жұмыс істейді. 51%  ғылыми дәрежесі бар ғалымдар Алматыда, 1334 WOS, 48 пайыз докторанттар Алматыда оқиды, бірақ 11 пайызы ғана қорғаған.

El.kz: Бұл салаға бет бұрып жатқан нәзік жандылар санының артуы қуантарлық жайт, әрине. Ал себеп неде деп ойлайсыз?

Ақылбек Қажығұлұлы:  Бүгінгі таңда Қазақстанда шамамен 11 982 (2023 ж. – 9 316) әйел зерттеуші мамандар ғылыммен айналысады, оның ішінде ғылым докторлары-848 (2023 ж. – 682), ғылым кандидаттары – 2 872 (2023 ж. – 2 214), PhD докторлары – 1 806 (2023 ж. – 991) және профиль бойынша 48 дәрігер. ҒЗТКЖ қызметкерлерінің жалпы санынан әйелдердің үлесі – 55,6% құрайды.

Ғылымда әйелдер қауымының маңыздылығы өте жоғары. Олар креативті, талантты, өзекті және маңызды жобалармен жұмыс істейді, мемлекеттік сыйлықтар, стипендиялар алуды. Ғылымдағы әйелдер саны артып келеді, соның ішінде әйелдердің ғылымда қалуына бағытталған әртүрлі бастамалар әсер етуде деп ойлаймын. Бұл ғылыми институттарға басшылық жасау және ғылымның келесі салаларында ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру: жаратылыстану ғылымдары – 3 444 әйел, инженерлік әзірлемелер мен технологиялар — 2 310, медицина ғылымдары – 1 147, ауыл шаруашылығы ғылымдары — 975, әлеуметтік ғылымдар — 1 447, гуманитарлық ғылымдар — 2 659.

Академия бастамасымен отандық ғылымда тұңғыш рет ғалым-әйелдерге арналған алғашқы академик Нәйля Базанова атындағы награда 48 еліміздің танымал, жетістікке жеткен, мықты ғалым-аруларға табысталды. Бұл марапат жыл сайын халықаралық әйелдер күні қарсаңында өз иегерлерін табатын болады.

(Фото: ҰҒА баспасөз қызметі)

El.kz: Жалпы ғылыми кадрлардың әлеуетін арттыру үшін не істеу керек?

Ақылбек Қажығұлұлы: ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы академиктерінің ғылыми кадрларды даярлаудың сапасы мен тиімділігін арттыру бойынша талдамалық зерттеулер жүргізген, нәтижесінде Қазақстанда, әсіресе халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті зерттеуші мамандардың жетіспейтінін көрсетті.

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2024 жылы Қазақстанда 1 млн адамға шаққанда зерттеуші мамандардың саны 1141 құрады, бұл әлем бойынша орташа көрсеткіштен 25% — ға төмен (Дүниежүзілік Банктің деректері бойынша 1516). Web of Science негізгі индекстерінен халықаралық журналдарда жарияланатын зерттеушілер саны бойынша Қазақстан Канада мен Польшадан шамамен бір сатыға артта қалып отыр, ал медицина ғылымдары бойынша алшақтық 31 есені құрайды. Жоғары оқу орындарының ғылыми дәрежесі бар штаттық оқытушыларының үлесі небәрі 48%, ал Алматы мен Астананы есептемегенде 44% құрайды. Ұлттық зерттеу университеттерінде оқытушылардың аз ғана бөлігі халықаралық ғылыми журналдарда (жылына 5 немесе одан да көп оқытушыға Web of Science негізгі индекстерінің журналдарында 1 мақала немесе шолу) жариялайды, ал басқа университеттерде бұл көрсеткіш одан да төмен. Назарбаев Университетінде ғана бұл көрсеткіш жоғары.

Бәсекеге қабілетті зерттеушілердің жетіспеушілігі, негізінен, ғылыми кадрларды даярлау жүйесінің тиімділігі мен сапасының төмендігінен туындайды.

Ғылыми кадрларды даярлаудың тиімділігі мен сапасының төмендігінің негізгі себептері:

— ЖОО-да зерттеу инфрақұрылымын дамытудың әлсіз деңгейі, сатып алу тетіктері тиімсіз жұмыс істейтін қымбат жабдықтардың жетіспеушілігі;

— ЖОО-да әсіресе медицина, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар бойынша халықаралық бәсекеге қабілетті ғылыми консультанттардың тапшылығы;

— ЖОО-ның, тіпті ұлттық зерттеу университеттерінің докторанттарды сапалы даярлауға қаржылық қызығушылығының төмен деңгейі, өйткені олар қаржыландыру мен пайданың басым бөлігін бакалаврларды даярлаудан алады, ал докторанттарды оқыту әлдеқайда қымбат;

— Әлеуметтік, гуманитарлық және өнер саласындағы докторанттардың жарияланымдарына оларды қорғауға қойылатын негізсіз жоғары талаптар Назарбаев Университеті, тіпті әлемнің жетекші зерттеу университеттеріне қарағанда қатаң болуы;

— 2018 жылдан бастап докторанттарды даярлаудың заңнамалық мүмкіндігіне қарамастан, докторанттарды даярлауға ғылыми ұйымдарда лицензиялардың және мемлекеттік білім беру тапсырысының болмауы;

— Шетелдік бағдарламалармен және ғылымнан тыс мансаппен салыстырғанда докторантураның отандық бағдарламаларының бәсекеге қабілеттілігінің төмендігіне байланысты докторантурада оқу үшін талантты жастарды тартудың күрделілігі;

— Докторантураға түсу үшін қойылатын тілдерді меңгеру жөніндегі жоғары әрі жеткілікті негізделмеген талаптар;

— Докторанттарды мемлекеттік қолдау мерзімінің аздығы;

— Сапалы диссертациялық кеңестерді қалыптастырудың қиыншылығы.

Осы мәселелерді шешу үшін келесі шаралар ұсынылады:

1) Докторанттарды неғұрлым сапалы және тиімді даярлау үшін қажетті қымбат тұратын ғылыми қондырғыларды сатып алуға докторлық дәреже иегерлерінің ең көп дайындайтын зерттеу университеттеріне қаражат бөлу;

2) Зерттеу университеттерінің критерийлеріне ғылыми кадрларды даярлауға тікелей байланысты индикаторларды енгізу;

3) Докторантураға мемлекеттік білім беру грантының құнын жылына 5 млн теңгеге дейін ұлғайту.

4) Магистратураға арналған мемлекеттік білім беру грантының құнын жылына 1,5 млн теңгеге дейін (ерекше мәртебедегі ЖОО) және 1,2 млн теңгеге дейін (қалған ЖОО-дар үшін) ұлғайту.

5) Докторанттарға халықаралық басылымдарда жарияланымсыз қорғауға шығудың баламалы нұсқаларын қосу.

6) Жетекші ғылыми ұйымдар үшін докторанттарды даярлауға лицензия алуды жеңілдету және оларды мемлекеттік білім беру тапсырысымен қамтамасыз ету.

7) Гранттық жобалар мен нысаналы бағдарламалар жетекшілеріне осы жобалар мен бағдарламалар қаражаты есебінен докторантурада зерттеу топтарының мүшелерін оқытуға ақы төлеуге мүмкіндік беру.

8) Докторантурадағы оқу мерзімін және стипендия алу кезеңін 4 жылға дейін ұзарту, сондай-ақ диссертацияны мерзімінен бұрын қорғау мүмкіндігін қарастыру.

9) Докторантураға түсетін және соңғы 3 жылда Web of Science және (немесе) Scopus-та индекстелетін журналда кемінде бір мақала жариялаған үміткерлерден шет тілін меңгергенін растайтын сертификатты талап етпеу.

10) Диссертациялық Кеңес мүшелері мен рецензенттердің жиынтық санын 3-5-ке дейін азайту (әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен ұқсастығы бойынша).

11) ЖОО-на докторанттың ғылыми-зерттеу жұмысы және докторантурада оқудан тыс өз бетінше орындалған жарияланымдар үшін кредиттерді есептеуге мүмкіндік беру.

12) Мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу кезінде докторанттардың ғылыми кеңесшілерінің саны мен деңгейін ескеру.

13) Отандық және (немесе) шетелдік ғылыми кеңесшілерде соңғы 5 жыл ішінде корреспондент автор немесе бірінші автор ретінде халықаралық ғылыми журналдарда мақалалардың болуын талап ету.

El.kz: Ғылымдағы жастардың рөлі туралы не айтасыз?

Ақылбек Қажығұлұлы: Бүгінгі таңда жастардың ғылымдағы рөлі айтарлықтай жоғары. Олардың дені ғылымның барлық бағыттары бойынша өздерінің ғылыми әлеуетімен дәлелдеп, белсенді түрде отандық ғылмның дамуына өз үлестерін қосуда. Оның жарқын дәлелі тек елімізде ғана емес, шет елде жүріп толағай табыстарға жетуде. Сондай-ақ тек лабораторияда ғылыми зерттеу жұмысымен айналысып қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға ат салысып, ҚР Президентінің жанындағы Ғылым және технологиялар бойынша ұлттық кеңестің, Ұлттық Құрылтайдың, Ұлттық ғылыми кеңестердің белсенді мүшелері болып, отандлық ғылымды дамыту бойынша жастардың ойын жеткізіп, нақты аналитикалық ұсыныстар беруде. Бұл ғылымға жаңа көзқарас, жоғары мотивация және эксперименттерге дайындық — әдістерде де, тәсілдерде де жас ғалымдардың рөлі маңызды болып отыр. Олар цифрлық технологияларды оңай меңгереді, жасанды интеллектті ұтымды пайдаланады, пәнаралық жобаларды жүзеге асырып, халықаралық ғылыми ынтымақтастыққа тиімді коллабарация жасау арқылы әлемдегі үздік технологияларды трансферт жасауға үлестерін қосуда. Жас зерттеушілер ғылыми дәстүрдің мұрагерлері ғана емес, оның реформаторлары мен жаңа ғылыми мәдениетін жасаушылар болып табылады.

El.kz: Жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттыру үшін ҰҒА тарапынан қандай қадамдар жасалуда? Қызығушылықты арттыру үшін нендей шаралар қажет?

Ақылбек Қажығұлұлы: Ұлттық академия қызметінің тағы бір маңызды бағыты — ғылым саласына жастардың келуі үшін жағдай жасау болып табылады. Тәуелсіздік жылдарында алғаш рет Ұлттық академия жанынан Жас ғалымдар кеңесі (ЖҒК) құрылды. Кеңес жастарға бағытталған ғылыми саясаттың маңызды құралына айналып, ғылым саласындағы НҚА (НПА) және мемлекеттік бағдарламаларды жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді, пәнаралық және халықаралық ынтымақтастықты дамытады, сондай-ақ жас зерттеушілердің ғылыми жетістіктерін кеңінен насихаттаумен айналысады.

ЖҒК мүшелері «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасын Парламент қабырғасында талқылау барысында ғылымның жаңа заңнамалық негізін құруға белсенді қатысқанын ерекше атап өткен жөн.

Академия Президентінің тапсырмасы бойынша жастарды ғылыми қызметке және Академияның жұмысына тарту стратегиясын белсенді түрде іске асыруда. Бүгінгі таңда ҰҒА-ның қазіргі мүшелерінің, академиктердің арасында жас ғалымдар бар, бұл ғылыми ортадағы жаңару мен сабақтастық бағытын көрсетеді. Сондай-ақ Академияның барлық аналитикалық жұмысына, Ұлттық баяндаманы даярлауға, форсайттық зерттеулерді жүргізуге, мемлекеттік ғылыми байқаулардың жұмысына толықтай еліміздің үздік жас ғалымдары, Кеңес мүшелері тартылып, ауқымдлы жұмыс жасады.

2024 жылдың қарашасында алғаш рет «Жас Сәтбаевшылар»  атты Қазақстан жас ғалымдарының I Конгресі өтті. Конгресс шеңберінде өзекті ғылыми бағыттар бойынша 8 ғылыми конференция, дөңгелек үстел және нетворкинг өткізілді, онда Қазақстанның 120-дан астам үздік жас ғалымы, оның ішінде шетелде жұмыс істейтін дарынды жастар ғылыми баяндамалар жасады. Конгреске барлығы 1000-нан астам жас ғалым қатысты.

Ұлттық академия ең озық тәжірибені ілгерілетуге және ғылымды насихаттауға көп көңіл бөлуде. 2024 жылдан бастап академия мен Astana Hub ақпараттық орталығының қызметкерлері әзірлеген «Ұлттық инновациялық жүйенің бірыңғай терезесі» ақпараттық жүйесі арқылы ғылым және мемлекеттік ғылыми стипендиялар саласындағы сыйлықтар алу үшін ұсынылған жұмыстарды қабылдау электрондық форматта жүзеге асырылуда.

Менің ойымша, алдағы уақытта осы оң үрдісті мынадай бағыттар арқылы нығайта түсу қажет:

—  академиктер мен жас зерттеушілер арасындағы тұрақты тәлімгерлік бағдарламаларды қалыптастыру;

— жастардың халықаралық ғылыми платформалар мен алмасу бағдарламаларына қолжетімділігін кеңейту;

— өңірлік деңгейде жастарға арналған ғылыми кластерлер желісін құру;

— ғылыми стартаптар мен жобалық қызметке арналған заманауи инфрақұрылымды дамыту;

— мектеп оқушылары мен студенттер арасында ғылымды кеңінен насихаттауға белсенді қолдау көрсету.

(Фото: ҰҒА баспасөз қызметі)

El.kz: Ғылыммен айналысқысы келетін жастар қандай қасиеттерге ие болуы керек деп ойлайсыз?

Ақылбек Қажығұлұлы: Мен жастардың ғылыми кәсібінің болашағы пәнаралық өзара ықпалдастықпен, халықаралық ынтымақтастықпен және цифрлық трансформациялармен тығыз байланысты екеніне кәміл сенемін. XXI ғасырдың табысты ғалымы — бұл өз саласының тар маманы ғана емес, сонымен қатар жаһандық мәселелерді шешуге бағытталған халықаралық ғылыми консорциумдарда жұмыс істей алатын, қоғаммен ашық диалог жүргізе алатын және ғылым мен бизнес пен мемлекет арасында көпір бола алатын пікір көшбасшысы. Меніңше, нағыз маңызды қасиет — бұл шынайы ізденімпаздық, үнемі дамуға деген ұмтылыс және қателіктер мен сәтсіздіктерден сабақ ала білу қабілеті. Өйткені ғылымдағы нәтижелердің 99%-ы — бұл сансыз сынақтар мен сәтсіздіктердің тізбегі. Бірақ дәл осы қателіктердің өзі ғылымда құнды, себебі олар шындыққа апарар жолды ашады.

El.kz: Бүгінгі жас ғалымдарға қандай кеңес берер едіңіз?

Ақылбек Қажығұлұлы: Бұл сұраққа, бәлкім, кванттық электродинамиканың негізін қалаушылардың бірі, Нобель сыйлығының лауреаты Ричард Фейнманның сөздерімен жауап берген орынды болар еді. Ол өзінің ғылыми жолында: «Өз-өзіңді алдамауың керек — өйткені ең оңай алданып қалатын адам — ол өзің», — деген болатын.

Міне, осындай ғылым саласында қордаланып қалған күрделі мәселелерді жүйелі түрде шешу арқылы Ұлттық Академиясы отандық ғылымды заман талабына сай жаңа деңгейге көтеруді өзінің ең негізгі міндеті деп санайды. Осыны жүзеге асыру арқылы біз ғылымды «ғылым саясат үшін» деген қағидатқа сәйкес мемлекеттік басқару жүйесінің маңызды бөлігіне, дамыған елдердегідей мемлекеттік органдарға ғылыми кеңес пен қабылданатын шешімдеріне тәуелсіз сараптама беріп отыратын жетекші күшке айналдыруға мейлінше ықпал ететін боламыз.

Кез-келген қоғамның инновациялық дамуының тірегі  мықты ғылым екені белгілі. Ғылыми зерттеулерімізді әлемдік деңгейге көтеру үшін біз әлі талай өзгерістер жасауымыз керек. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың елімізде мемлекеттік ғылым академиясын ұйымдастыру туралы шешімінің тарихи маңызы бар екеніне сенімдімін. Академияның біз дайындаған 2035 жылға дейінгі даму Стратегиясын дәйекті іске асыру оның әлемдік қауымдастық мойындаған ғылыми орталыққа айналуына және елдің ғылым саласын дамытуда жіберілген жүйелік олқылықтардың орнын толтыруға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Уақыт өте келе Академия елдің басты ғылыми сараптамалық ұйымы ретінде мемлекеттік басқару жүйесінің маңызды бөлігіне айналатын болады.

El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет!

Дереккөз: https://el.kz

Другие новости

Back to top button