Қосымша құн салығы үшін өтемақы беріліп жатыр ма: Еңбекмин мәлімдеме жасады
Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде қосымша құн салығы үшін өтемақы енгізгені туралы таратылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Еңбекмин хабарлауынша, мессенджерлерде ҚҚС үшін өтемақы төлемін енгізгені туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат таратылуда. Тағайындалған қаражатты аудару үшін белгісіз азаматтар сілтемеге өтуді ұсынады.
«Әлеуметтік көмектің мұндай түрі жоқ екенін хабарлаймыз. Тиісінше, хабарламада көрсетілген сілтеме алаяқтар үшін азаматтардың жеке деректерін алу тәсілі болуы мүмкін. Алаяқтармен өзара әрекеттесуді болдырмау үшін сілтемеге өтпеуге кеңес береміз», — делінген министрлік хабарламасында.
Мемлекеттік қолдаудың тиісті шаралары туралы ресми ақпарат тек қана 1414 нөмірінен СМС-хабарламалар арқылы таратылады.
«Азаматтардан тек ресми көздердегі ақпаратты пайдалануын сұраймыз. Жалған ақпарат тарату заңмен жазаланатынын естеріңізге саламыз», — деп ескертті ведомство өкілдері.