Қостанайлықтар көмірсіз отыр: халықтың шағымына әкімдік не дейді
Қазнетте Арқалық тұрғындарының шағымы көбейді. Олар қалада, сондай-ақ қала маңындағы ауылдарда көмір жоғын жарыса жазып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жергілікті тұрғындардың наразылығына әкімдік шенеуніктері бірден жауап берді. Олардың айтуынша, тапшылықтың тууына Арқалыққа осы уақытқа дейін жоспарланған 18 мың тонна көмірдің тек 16 мың тоннасы жеткізілуі себеп. Бұдан бөлек, отын әкелінетін теміржол тұйықтарынан көмір Амангелді, Жангелді, сондай-ақ Ақмола облысының шекаралас аудандарына жөнелтіледі.
Сондай-ақ, облыстың ТКШ басқармасындағылар “ішінара” тапшылық барын мойындады, бірақ қазір Арқалық тұйығында 4 мың тонна табиғи отын бар екенін, ал Шұбаркөл көмірі сәл кейінірек жеткізілетінін түсіндірді.
– Бүгінде «Қара-Тас»ЖК теміржол тұйығында 6 вагон түсірілуде. Арқалық қаласында көмір тапшылығы жоқ. Жүк машиналарының жиналуы көмірді маусымдық сатып алумен байланысты, сондай-ақ «Шұбаркөл Көмір» АҚ қимасынан көмірді автомобиль көлігімен әкетуге қазан айының ортасында ғана рұқсат етілді, — деп хабарлады басқарма.
Айта кетейік, Қазақстанда бұл күнде Шұбаркөл көмірі тапшы. Қарағанды өңірінің жер үйінде тұратын халық былтырғыдай көмірді қыс түспей сатып алмақ еді, әттең құр қалды: бірінің қымбат көмірге ақшасы жетпеді, екіншісі алам деп барып, көмірдің орнын сипап қалды.
Көмірді сұрап келген халыққа сататындардың айтуынша, Шұбаркөлдің «қара алтыны» қазба орындарынан бірден Еуропа, Қытайға және тағы басқа елдерге жөнелтіледі екен. Тіпті қыс түскен сайын көмір нарығын бақылауға алуға тырысатын мемлекет те мұндайда мүлдем дәрменсіз көрінеді. Ulysmedia.kz тілшісі жуырда осы сұраққа жауап іздеп көрген.