Қостанай облысындағы өрт: қазіргі уақыттағы белгілі мәліметтер
Нұр-Сұлтан қаласында Мәжіліс депутаттарының ұсынысымен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жасақталуда, деп хабарлайды Zakon.kz.
Сағат 14-00-де келіп түскен ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта 2 елдімекенде, М-36 республикалық трассасының бойында, сондай-ақ орман аймағының 8 учаскесінде өрт сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Өртті сөндіруге 159 техника, 5 әуе құралы, 5 өрт сөндіру пойызы, жеке құрамның 1 332 адамы жұмылдырылды:
- ТЖМ — 58 техника, жеке құрамның 359 адамы, суағар құрылғылары бар 2 тікұшақ (Нұр-Сұлтан қ., Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының ТЖД, 52859 ә/б (Қарағанды қ.));
- ҚР ІІМ жеке құрамынан 660 адам; 60 техника;
Қорғаныс министрлігінің жеке құрамынан 169 адам, 2 тікұшақ;
- Орман шаруашылығы — 33 техника, 86 орман күзетінің қызметкері;
- «Қазавиаорманқорғау» РМҚК — 17 адам, 3 техника, 1 әуе құралы;
- Жергілікті атқарушы органнан 5 техника, 20 адам.
- «ҚТЖ» АҚ — 5 өрт сөндіру пойызы (21 адам).
Суағар құрылғылары арқылы тікұшақтар суды 25 шақырым қашықтықтағы табиғи су айдынынан алуда. Өртті сөндіру басталғалы бері 47 рет су алынды.
Аманқарағай, Лесное, Озерное елдімекендерінде өрт сөндіру жұмыстары жүргізілуде. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Озерное ауылынан (250 адам), Аманқарағай ауылының солтүстік бөлігінен (1000 адам), Калинино ауылынан (228 адам) және Лесное ауылынан (363 адам) жалпы барлығы 1841 адам эвакуацияланды.
Жергілікті атқарушы органдар эвакуацияланғандарды Әулиекөл орта мектебі мен Әулиекөл мектеп-интернатына орналастыруды ұйымдастырды.
ТЖМ жедел желісі ашылды, ТЖМ мен Қостанай облысының ТЖД психологтарының жұмысы ұйымдастырылды.
ТЖМ жедел желісіне ақпараттық сипаттағы 25 қоңырау келіп түсті. Қостанай облысы ТЖД 2 психологы Әулиекөл ауданының эвакопунктінде халыққа шұғыл психологиялық көмек көрсетеді.
Новонеженка ауылында ҚР ТЖМ 52859 ә/б күшімен зардап шеккен халықты қабылдау үшін 9 шатыр құрылды.
10 адам жарақат алып, жеңіл және орташа ауырлықта күйік шалған (елдімекендердің 5 тұрғыны, бір кәмелетке толмаған баланы қоса алғанда, 1 орман шаруашылығының қызметкері, 1 әкімдік қызметкері, 3 ТЖМ қызметкері), оның ішінде төртеуі орталық аудандық ауруханада, алтауы тексеруден кейін және көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді. Өрт сөндіру кезінде құтқарушылар 1935 жылы туған ер адамның мәйітін тапты.
Қостанай облысының әкімдігі жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайды жариялау мәселесін пысықтау үстінде.
3 қыркүйек сағат 16.00-ден бастап Озерное ауылындағы тұрғын үй құрылыстарына (8 тұрғын үй, 1 әкімшілік ғимарат), Лесное а. (1 тұрғын үй), Аманқарағай а. (98 тұрғын үй және шаруашылық құрылыстар), Аманқарағай мұнай базасының аумағына өрттің көшуі тіркелді. Нәтижесінде отпен 108 құрылыс жойылып, зақымданды.
4 қыркүйектегі «Қазгидромет» РМК деректері бойынша Қостанай облысы Әулиекөл ауданының аумағында жоғары температура 28 градусқа дейін, желдің жылдамдығы 9 м/с дейін сақталады.
4 қыркүйек күні сағат 6-50-де Алматы қаласынан Қостанай облысына суағар құрылғылары бар ТЖМ-ның 2 тікұшағы ұшып шықты.
Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында Қорғаныс министрлігінің суағар құрылғылары бар 3 тікұшақ дайын тұр.
Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласында Мәжіліс депутаттарының ұсынысымен гуманитарлық көмек жасақталуда.