ГлавноеГосорганы

Қошанов: Парламент Үкіметтен ғана күтіп отырмай, қажет заңнамалық өзгерістерге бастамашы болуы керек

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата төрағасы Ерлан Қошанов алдағы уақытта қабылданатын заңдарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген кеңесі өтті. Бұл — елдегі саяси өзгерістерден кейін болған ең ауқымды кеңес. Кеңейтілген отырысқа алғаш рет парламенттік фракциялар мен комитет жетекшілері, облыстық және аудандық мәслихаттардың төрағалары қатысты. Осы жиында Президент әлеуметтік әрі экономикалық саладағы мақсат-міндеттерді жан-жақты айқындап берді. Халқымыз қолға алынған реформаларға зор үміт артып отырғанын, елде нақты іс-шараларға басымдық беру қажет екенін баса айтты. Елдегі оң өзгерістердің түпкі мақсаты мен мәні — азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту. Бұл іске біз де белсене атсалысуға тиіспіз. Біріншіден, реформаларды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету — біздің тікелей міндетіміз. Ол заңдар заман талабына, қоғам сұранысына сай әрі сапалы болуы қажет. Екіншіден, Парламентте, мәслихаттарда, ең алдымен, сайлаушылардың мүддесі ескеріліп, қорғалуы керек. Бұған кеше Президент те ерекше тоқталды», — деді Е. Қошанов.

Оның айтуынша, атқарушы билікпен конструктивті диалог орнатып, барлық түйткілді мәселені ашық талқылап, жедел шешім жасауды тәжірибеге әрі дәстүрге айналдыру қажет. Бұл өз кезегінде билік тармақтарының үйлесімді жұмыс істеуіне жол ашады.

«Алдымызда зор міндеттер тұр. Айналып келгенде, депутаттардың нағыз кәсібилігі енді көрінетін болады. Ол үшін біз Үкіметтен ғана күтіп отырмай, қажет заңнамалық өзгерістерге өзіміз қозғаушы, бастамашы болуымыз керек. Күн тәртібіндегі өткір мәселелерге дер кезінде сауатты, жауакершілікпен үн қата білуіміз қажет. Сайлаушылармен, қоғаммен күнделікті үздіксіз, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге тиіспіз. Оған біздің тәжірибеміз де, мүмкіндігіміз де жеткілікті. Сондықтан алға қойған міндеттерді табысты іске асыру үшін бар күш-жігерімізді салайық. Халық та, Мемлекет басшысы да бізден осыны күтіп отыр», — деді Мәжіліс төрағасы.

Бұған дейін хабарланғандай, 19 сәуір күні елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өтті.

 

Другие новости

Back to top button