Қонақ үйлер, глэмпинг, аспалы жол: Алматы тауларында туризмді дамытуға 655,9 млрд теңге қажет

Туризм және спорт министрлігі Алматы тау кластері туризмін дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірледі. Құжатта барлығы 127 іс-шара жоспарланған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Кешенді жоспар туристік саланы дамытуға, Қазақстанға келетін шетелдік туристердің санын көбейтуге арналған. Министрлік Іле Алатауында инвестициялық, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру арқылы шетелдік туристер санын 630 мыңнан 1,8 млн адамға дейін, ал салық түсімдерін 90,7 млрд теңгеден 184,3 млрд теңгеге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Жоба аясында туризм саласына 196,3 млрд теңге жеке инвестиция тартылмақ. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындары ашылып, туризм саласындағы қызметкерлер саны 106 мың адамға дейін өседі.
Мәселен, Кіші Алматы шатқалында қонақ үй кешенін, глэмпингтер, қонақ үй коттедждері бар туристік база, Бұтақтыда Tau Hub визит-орталығын, 140 бөлмелі Medeu Park Hotel қонақ үй кешенін, сондай-ақ 54 нөмірі бар бутик-қонақ үй, Мұзтауда 30 нөмірі бар рекрациялық кешен, 12 глэмпинг және этно-мейрамхана салу жоспарланған.
Бұдан бөлек, кешенді жоспарда Медеу-Шымбұлақ тау ауылының құрылысы, «Medeu Eco Park – Көк Жайлау» аспалы жолы, Есентай — Medeu Eco Park аспалы жолдары қарастырылған.
Ал Үлкен Алматы көлі аймағында визит-орталық, қонақ үй, глэмпингтер мен экологиялық таза шатырлар, сауықтыру орталығы мен тамақтану орындары бой көтермек. Сонымен қатар автотұрақ салынып, электр станциялары орнатылады, электр шатллдары мен автобус қатынасы іске қосылады.
Сырттан келетін туристердің санын көбейту үшін Алматыдан Франкфурт, Шанхай, Гуанчжоу, Мумбай, Чэнду, Нью-Йорк, Токио қалаларына тікелей рейстер ашылады.
Сондай-ақ жеке инвестор Almaty City App қалалық мобильді қосымшасын іске қосуды жоспарлап отыр. Туристік маршруттар бойынша аудио нұсқаулық әзірленеді.
Алматы тауларында туризмді дамыту үшін жоспарланып отырған 127 іс-шараны жүзеге асыруға 655 911 млн теңге қажет, соның ішінде республикалық бюджеттен – 322 081 млн теңге, жергілікті бюджеттен – 121 463 млн теңге, жеке инвестиция – 212 367 млн теңге.
Туризм министрлігінің баспасөз қызметі нақтылағандай, кешенді жоспар әлі қабылданған жоқ. Құжат басқа да мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр.