Алматы облысының орталығы ретінде жаңа әкімшілік статусқа ие болғаннан кейін, Қонаев қаласын дамытудың жаңа стратегиясы айқындалды. Таяу кезде қаланы дамытудың негізгі бағыттары ҚР Үкіметінің тиісті қаулысымен бекітілген Қонаев қаласының Бас жоспарында көрсетілген, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
Бас жоспардың негізгі мақсаты – оның барлық элементін өзара байланыстыра отырып, өнеркәсіптік-коммуналдық және рекреациялық аймақтарды ұтымды бөліп, жайлы және қауіпсіз тіршілік ортасын құру. Жоспарда қаланың перспективалық шекарасына қосылатын елді мекендер мен тұрғын үй кешендері де ескеріледі.
Жоспарды іске асырудың есептік кезеңі 2050 жылға дейін жалғасады. Жоспарға сәйкес, осы кезеңде қала өңірдің заманауи көпфункционалды әкімшілік, қаржы және мәдени, өнеркәсіп-инновациялық, көлік-логистикалық, ғылыми-білім беру орталығына, сондай-ақ Алматы агломерациясының инновациялық-индустриялық, азық-түлік белдеуі, мұнай өңдеу, газ өңдеу және мұнай химиясы орталығына айналуға тиіс. Одан бөлек қаланың Алматы облысының басты туристік бағыттарының бірі, судағы демалыс орны және су спорты, туризм, аң аулау және балық аулау орталығы ретінде әлеуеті зор.
Алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін Жоспарда экономикалық қызмет, тұрғын үй құрылысы, өнеркәсіпті дамыту, қоршаған ортаны қорғау, білім беру, денсаулық сақтау жүйелері, инженерлік, көлік инфрақұрылымы және көше-жол желісі, көгалдандыру, жылу, электр, газ, сумен жабдықтау, су тарту және т.б. жөніндегі іс-шаралар көрсетілген.
Өңірдің көлік-логистикалық жүйесін жаңғыртуға және одан әрі дамытуға жақсы серпін берілетін болады. Қонаев қаласының авиация, теміржол, жол және су көлігін қолданудағы көлік-логистикалық жүйесінің мультимодальдығы оны Алматы облысындағы орталық көлік-логистикалық хабқа айналдырмақ.
Жасыл электр энергиясын өндіру көздері – Қонаев қаласының индустриялық-инновациялық дамуының маңызды аспектісі.
Қаланың әлеуметтік саласын дамытудағы басымдық – оны Алматы облысының және өңірдің туризм, демалыс, спорттық демалыс орталығы статусына сәйкес келетіндей етіп дамыту.
Жоспарды іске асыру кезінде жалпы ауданы 2 538,2 мың м2 жаңа тұрғын үй салынбақ.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар деңгейін 18%-ға, жалпы жұмыссыздық деңгейін 4,2%-ға, жастар арасындағы жұмыссыздықты 3,8%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.
Жоспар аясында мектепке дейінгі және жалпы білім беретін мекемелер санын екі есе көбейту көзделіп отыр.
Денсаулық сақтау жүйесінде тәулік бойы жұмыс істейтін стационарлардағы төсек-орын саны, амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін нысандар, сондай-ақ жедел жәрдем станциялары мен көліктер саны екі есе артады.
Еске сала кетейік, Қонаев қаласы – 1970 жылы Қапшағай СЭС құрылысы кезінде қалыптасқан Алматы облысының әкімшілік орталығы, Алматы облысының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Қалада 54 907 адам тұрады. Ауданы — 56,03 шаршы км.
2022 жылғы мамырға дейін қала ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 26 ақпандағы қаулысымен бекітілген Қапшағай қаласының Бас жоспарына сәйкес дамыды. 2022 жылғы 3 мамырда қала атауы Қонаев болып өзгертілді.
2022 жылғы 8 маусымнан бастап Алматы облысының жаңа шекарасы белгіленгеннен кейін қала әкімшілік орталыққа айналды (облыс құрамынан жаңадан құрылған Жетісу облысы бөлінді).