«ҚазТрансГаз Аймақтың» тарифті негізсіз көтергені анықталды
2020-2021 жылдардағы заңсыз қызметтен түскен қаражат 2,3 млрд теңге болған
Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің өндірісінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның лауазымды тұлғаларына қатысты жоғары тарифті қолдану арқылы негізсіз пайда табу дерегімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«2020-2021 жылдардағы заңсыз қызметтен түскен қаражат 2,3 млрд теңге екені анықталды. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның филиалымен газ тасымалдау қызметіне монополиялық жоғары тарифті белгілеп, төлем алып отырған», — делінген агенттік хабарламасында.
Тергеу барысында табиғи монополияларды реттеу Комитетінің өңірлік департаментіне белгіленген тарифтерге өзгерістер енгізу туралы ұсыным жасалып, нәтижесінде табиғи газ бағасына тариф төмендетілді.
«Соның нәтижесінде, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Қызылорда филиалымен газ тасымалдауға көрсетілетін қызмет үшін шекті тариф және монополистік бағаларды қолдану кезеңі үшін өтемдік тариф (әрбір 1000м3 көлемге 3 320,45 теңге) белгіленді», — делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, Қызылорда облысының тұрғындары 1 тамыздан бастап газ үшін төмендетілген тарифке көшті.