Интервью

“Қазіргі заманда адамды күш емес, сөз өлтіретін жағдай пайда болды“

Шолпан Әбілова - Психолог

Қазақстандағы ресми статистикаға сүйенсек, 2022 жылдың қаңтар-шілде айларында елімізде 2200 адам суицид жасаған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда, 6,6 пайызға аз көрсеткіш, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бұл адамдардың арасында сау күйінде суицидке барғандардың саны – 1,7 мың адам. 409 адам алкогольді ішімдік ішкен кезінде өмірмен қоштасса, бесеуі – есірткі тұтынған сәтінде көз жұмған. Бір адам – токсикоманиялық мас кезінде, тағы 57 адам өзге де психикалық ауытқу кезінде өміріне қол солған.

Ал осы статистика ішінде өз-өзіне қол жұмсаған жасөспірімдердің саны – 79 бала. Олардың ішінде кәмелет жасына толмаған 63 бала толық отбасында тәрбиеленген балалар. 15 бала толық емес отбасында өскен болса, 1 бала ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала болып шықты.

Егер аймақтарға тоқталсақ, суицид жасағандардың ең көбі Алматы облысында тұрған. Екінші орында Шығыс Қазақстан облысы, үшінші орында Түркістан облысы. Мына бір статистикаға назар аудара кеткен жөн: суицидке баратындардың көбі тұрғын үйде өмірмен қоштасады екен. Сол сияқты 192 адам далада суицид жасаса, 21 адам жұмыс орнында қол салған. Тағы 21 адам емдеу мекемелерінде, 21 адам жертөледе өлген. Тағы алты әскери ресми ақпарат бойынша борышын өтеп жүрген жерде суицид жасаған.

Осы ретте Azattyq Ruhy тілші жасөспірімдер арасындағы буллинг пен суицидтің психологиялық түсініктемесіне, бұл мәселемен күресу үшін жауапты мамандар қандай шаруалар атқаруы керек деген сауалдарға жауап іздей отырып, психолог маман Шолпан Әбіловамен сұхбат ұйымдастырды.

Қазір буллингтің өршіп тұрған орталары – оқу орындары. Яғни мектеп, колледж, жоғарғы оқу орындары. Былай қарасақ, бұрын да балалар мектепте төбелесіп, жоғарғы оқу орындарында топ-топқа бөлінетін. Бірақ қазір бұл мәселе өте қауіпті болып кетті. Буллингке ұшыраған бала, жас студент қатты қиналады. Ақыры кейде суицидке жетеді…

– Бұрын буллинг күш көрсету мен сөз арқылы ғана болса, қазіргі таңда оған реляцион және кибербуллинг деген екі түрі қосылып кеңінен белең алып барады. Цифрландыру заманында адамды күш емес, сөз өлтіретін жағдай пайда болды. Әлеуметтік желілер арқылы болатын психологиялық шабуыл жиілеп кетті. Өйткені өз-өзін дәлелдеу, атаққа құмарлық – жастар арасындағы өзекті мәселе.

– Ата-ана баласының буллингке ұшырап жүргенін қандай жолмен ерте түсіне алады?

– Сырласу арқылы әңгіменің төркінін түсінуге болады. Бірақ бала психологиялық тұрғыдан интровет болса іс-әрекетінен байқай аласыз. Мысалы оқшаулану, ашушаңдық, тәбеттің төмендеуі, ылғи бір ойдан шыға алмай отыруы, мазасыздық, ұйқының бұзылуы. Балаңыздың мінезінен осыған ұқсас белгілер байқасаңыз әңгімеге тартуға тырысыңыз. «Балам, сені біреу келемеждеп не болмаса бөлектеп жүр ма?» деген сынды сұрақтар қояар алдын өз тәжірбиеңізде, өміріңізде сондай жағдай болғанын және қалай шыққаныңызды дастархан үстінде әңгіме ретінде айта отырыңыз. Содан кейін сұрақ қойсаңыз, балаңыз ішіндегі ойын айта алатын, сенетін орта екенін сезгенде ашыла бастайды.

– Буллингке ұшыраған бала сияқты, буллинг жасайтын баланың да психологиясы теріс деген ой қаншалықты рас? Яғни біреуге қатігездік жасаудың өзі адамның сана-сезімінде қандай да бір қиындық бар екенін көрсетеді ме?

– Дұрыс айтасыз. Бала қандай жағдайда қатыгездікке бейім болады? Отбасында қатыгездікке ұшыраған, не болмаса бақылаудан шыққан бала қандай жағдай болса да өзінің мықты екенін дәлелдеуге асығады. Өзінде болған дүниені, өзгелерге көрсету арқылы өз эгосын қанағаттандырады.

– Буллинг жасайтын балалармен қалай жұмыс істеу керек?

– Мәселенің тамырын басып, түпкі мақсатты білу арқылы баланы эмоционалды бұзылыстардан шығаруға болады. «Неліктен мұндай қадамға бардың?» деген сауалдан емес «Үйде неше ағайындысың? Сен нешіншісің? Отбасында қандай дәстүрлерің бар?» деген секілді жайлы сұрақтардың өзі сізге отбасы жағдайының айқын көрінісін береді. Осылайша проблема да ашыла бастайды.

– Буллинг көргендердің көбі неге алдымен өлім туралы ойлайды? Үлкендерге айту, мәселені шешу, психологқа жүгіну сияқты нұсқалар неге ойларына келмейді?

– Жалпы өлімді ойлау ол соңғы әрекет болып саналады. Яғни жоғарыда айтылғандардың ешбірінен көмек болмаған кезде жасалатын соңғы әрекет. Мұндай жағдайда балалар үлкендерге нақты айтпаса да бір месседж қалдырып сөйлейді. Тек баланың әр сөзін мұқият тыңдаған жөн. Сынып жетекшілердің білмеуі 70/30% пайызды құрайды. Ол дегеніміз біле тұра жылы жабуға тырысатындары. Әр мектепте психолог маманы функционалды түрде жұмыс істемейді немесе маман тапшы болу мәселесі де бар. Жалпы соңғы әрекетке алып келу факторлары көп.

– Буллингті ушықтырып жіберетін факторлар бола ма? Мәселен өзіне үлкен оқушылардың тиісіп жүргенін айтса, күш көрсеткен бала одан сайын ашуланып кетеді деген сияқты.

– Әрине бар, сондықтан сондай мәселе туындаған кезде буллингке ұшыраған балаға мейлінше моральдық және психологиялық тұрғыдан соққының аз келуі үшін іс-әрекеттерді байыппен қарастыру қажет. Екі жақты эмоциямен іс бітпейді, ушығады.

– Буллинг, суицидпен күресті, жалпы, бұл жағдайлардың алдын алуды қайдан бастау керек?

– Отбасы ошақ қасынан, білім ордасынан, ортадан. Профилактикалық жұмыстардың жоғары сапалы болуы шарт. Ұзын-сонар сөздер мен лекциялардың қажеті шамалы. Социалды тәжірибелердің мұндай жағдайда көмегі тиімді келеді.

– Қазіргі тенденцияға еріп, балаңызды ерте жастан психологқа апармаңыз деген сынды пікірлер де бар. Бұл оймен келісесіз бе? Жалпы баланы психологқа апару керек екеніне қандай факторлар себеп бола алады?

– Балаға алғашқы ұстаз да, психолог та – ата-ана болуы маңызды. Баланың жанын түсінуге асықпай, маманға жүгініп одан кейін барлығы жақсы болып кетеді деп ойлау қателік. Сыртқы көмек әркез пайдалы бола бермейді, баламен байланыс ажырауы мүмкін. Балаңызды сезінуге, ой бөлісуге үйреніңіз. Қолыңыздан мүлдем келмей жатса, балаңыз емес алдымен өзіңіз психолог маманына жүгініңіз.

– Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Другие новости

Back to top button