Госорганы

Қазір мүмкін емес – Құспан Бишімбаев жазадан Назарбаевтан кешірім алғандай құтыла алмайтынын айтты

Белгілі заңгер әрі Парламент Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотынан түйген ойларын әлеуметтік желіге жариялады. Оның айтуынша, экс-президент Назарбаевтың тұсында кім одан кешірім сұраса – сол жазадан құтылып кететін. Қазір мұндай жасау мүмкін емес дейді депутат.

Бишімбаев ісі һәм сот жүйесі туралы

Әлемжелідегі жазбасында “Бишімбаев ісі һәм сот жүйесі туралы” деп жазған адвокат Қазақстанның сот жүйесі ауқымды өзгерісті бастан өткеріп жатыр деп есептейді. Жазуынща, дәл қазір бүкіл Қазақстан экс-министр Бишімбаев ісін қадағалап отыр. Себебі іс тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты. Ал аталған мәселе қоғамда ушығып тұр.

– Сот процесі ашық өтіп жатыр. Кез келген адам YouTube желісінен отырысты тамашалай алады. Тіпті, бұл іс ел ауқымынан шығып, Washington Post, Al Jazeera секілді алпауыт медиаларда айтылды. Бұған дейін Парламент мінберінен бірнеше рет  судьяларға, сот жүйесіне қатысты сын айтқан едім. Қазір ескі Қазақстанның сарқыншақтары жойылып, Президент тапсырмасына сәйкес ашықтық қалыптасып келе жатқанына куә болып отырмыз, – дейді ол.

Депутат Бишімбаев ісінің тікелей эфирден көрсетілуі халықтың құқықтық сауатын арттыратынын, енді, азаматтар сот отырысы қалай өтетінін, қорғаушылардың міндетін, сот пен прокурордың қалай жұмыс істейтінін үйренетінін айтады. Мұның бәрі, әлбетте, оң өзгерістер. Ең бастысы – осы арқылы қоғамның сот жүйесіне, оның әділдігіне сенімі арта бастады дегенге сенімді депутат. Өйткені, ашық өткен процесте біреу-міреуді сатып алу мүмкін емес.

– Бұл іс – бүкіл халықтың назарын аударған алғашқы сот отырысы. Алматыда автобус жүргізушісін ұрған адамға қатысты сот отырысы да тікелей эфирде көпшілікке көрсетілді. Сонымен қатар Қарағандыда жедел-жәрдем көлігі жүргізушісін ұрған адамға қатысты іс те онлайн көрсетілді. Ескі Қазақстанда сот отырыстары жабық өтіп, кім нені қарап жатқаны, істі қалай саралап жатқан белгісіз болатын. Бұған дейін Қуандық Бишімбаевтың сотталып, кейін босап шығуы да осы себепті еді. Кім Назарбаевқа жақын болды не кешірім сұрады, сол жазадан оңай құтылатын.

Қазір бұлай жасау мүмкін емес. Сот отырысын тікелей эфирден көрсету арқылы, оған алқабилерді қатыстыру арқылы сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етіп отыр. Әрине, бұл бағытта атқаратын жұмыс жетерлік. Сот жүйесіне, алқабилерге қатысты заң жобаларын әлі де жетілдіру керек. Бірақ ең бастысы, сең қозғалды. Енді оны тоқтату мүмкін емес! – дейді депутат.

Соттағы соңғы сөз

6 мамырда сотталушылар соттағы соңғы сөзін айтты. Қуандық Бишімбаев алқа билерге жүгініп, олардың сотқа қатысуын өзі сұрағанын, Құдайға сенетінін, Салтанаттың өлім аузында жатқанын білмегенін мәлім етті. Салтанаттың және өзінің туған-туыстарынан кешірім сұрады. Өз туыстарының еш кінәсі жоқтығын айтып, оларды кінәламауды өтінді.

Бақытжан Байжанов та бұрынғы сөздерін қайталады. Салтанаттың отбасына, жақындарына көңіл айтып, олардан кешірім сұрады. “Мен ант етемін – сол кезде Салтанат өлім аузында жатқанын білмедім” дейді ол.

Бишімбаевтың ісі

Еске сала кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау 11 наурызда басталды.  Прокурор экс-министр ісінің мән-жайын айтып берді.

Ал Бишімбаев тағылған айыпты мойындамай, ашық сот өткізуді сұрайды. Оған «қинау» (110-баптың 2-бөлігі) және «аса қатігездікпен адам өлтіру» (99-баптың 2-бөлігі) баптарымен айып тағылған. Бұған қоса, Астанадағы «Гастро-орталық» директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша «қылмысты жасырды» деген күдікпен сотқа тартылып жатыр.

12 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау жалғасты. Бұл жолы да журналистер сот залына кіре алған жоқ. БАҚ тарапының базынасын сот қызметкерлері тыңдаған болғанымен, ешбір журналист сот залына кіре алмаған. Тіпті тілшілер полиция шақырып, сот әкімшілігі ақпарат алу құқығынан айырып отырғаны жөнінде арыз жазуына тура келген.

4 сәуір күнгі сотта Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Лейла Рамазанова бүгінгі сотқа Салтанат Нүкенованың денесіне жасалған сараптаманы жарамсыз деп тану қолайсыз деп тану жөнінде өтініш білдірген. Судья бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан.  Ал Бишімбаевтың өзі тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын мәлімдеді.

Прокурор Айжан Аймағанова Қуандық Бишімбаевтан ұрып-соққан жұбайына жедел жәрдем шақырудың орнына неге көріпкелге қоңырау шалғанын сұраған. Бишімбаев “бұл менің үлкен қателігім болды” деп жауап берді.

Алдын ала тыңдаудан кейінгі соттарға журналистер кіруге мүмкіндік алды. Сот барысы Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының ресми сайтынан тікелей эфирден көрсетіледі.

Другие новости

Back to top button