«Қазір кешегі таң туралы айтылып отыр»: Қошанов Саясат Нұрбекке неге шүйлікті

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек депутаттың нақты сұрағына нақты жауап бере алмағаны үшін Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтан сөз естіді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттардың бірі мемлекеттік грантпен оқып шыққан жас мұғалімдердің көбі жұмыссыз жүргенін алға тартып, Үкімет сұранысқа ие емес мамандарға неге миллиардтаған қаражат жұмсайтынын сұрады.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, мемлекеттік тапсырыс Еңбек министрлігі берген еңбек нарығының болжамына сәйкестендірілген.
«Қазір болжам бойынша 2030 жылға дейін 883 мыңнан астам қызметкер тапшы болады, соның ішінде 20 пайызы – педагогика кадрлары. Сондықтан біздің мемлекеттік тапсырысымыз осы 20 пайыз болжамға ұштастырылған. Мысалы, биыл 77 мыңнан астам грант берсек, соның 20%-ы он бес мыңға жуық педагогика мамандарына бағытталған», — дейді Нұрбек.
Министр Үкімет қабылдаған шаралардың арқасында педагогика кадрларының сапасы артып жатқанын атап өтті.
Саясат Нұрбектің жауабына Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың көңілі толмады.
«Депутат мамандарды даярлауға миллиардтаған қаржы жұмсалады, бірақ олар кейін қажетсіз болып қалады, 90 пайызға жуығы жұмысқа орналаспайды деп сұрады. Сіз нақты қойған сұраққа жауап берсеңізші. Қанша түлек университетті грантпен бітірді? Неше пайызы жұмысқа орналасты? Депутат тоқсан процент деп отыр. Бұл Жоғары аудиторлық палатаның есебінде де бар», — дейді Қошанов.
Саясат Нұрбек бұл деректер 2019-2021 жылдары жүргізілген тексерістің ақпараты екенін атап өтті.
«Тоқсан пайызға жуығы жұмыспен қамтылмады деген ақпарат берілді, соның ішінде 35 мыңы жұмыссыз және 60 мың түлек бойынша дерек берілмеген деген мәлімет болды. Біз 60 мыңға жуық түлек бойынша деректерді ұсынуға дайынбыз, олардың бәрі жұмысқа тұрған», — деп сендірді ғылым министрі.
«Бұл негізі өте маңызды мәселе. Мемлекеттің ақшасы далаға шашылып жатыр деген сөз», — дейді спикер.
«Қазіргі таңда жүйелі шаралар қабылданды», — дейді Нұрбек.
«Қазіргі таң бар, кешегі таң туралы айтылып отыр ғой қазір. Қазіргі таңдағыны келесі жылы сөйлесеміз», — деп ашуланды Қошанов.