АқшаВыбор редакции

Қазір долларды көбірек сатып алған дұрыс – экономист

Ұлттық қордан аударымдар биыл 5 трлн теңгеден асып кеткен  

Доллар жаңа жылдан кейін қымбаттамайды, алайда, теңгеге деген қысым сонда да тоқтамайды. Соңғы екі аптадан бері теңгенің құны көтерілді. АҚШ валютасының соңғы кездері арзандау себебі мен теңгенің құнына қатысты экономист Мақсат Халық болжам жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Оның сөзінше, қазіргі уақытта ұлттық валютаның күш алуына бірнеше себеп бар. Ең бастысы — Ұлттық банк тарапынан жасалған интервенциялық әдіс пен жылдың соңына қарай салықтық түсімнің артуы.

«Долларға қарап айтар болса, соңғы уақытта теңгеміздің біраз күшейгенін байқап отырмыз. Оған әсер ететін фактор – рубльдің де құнды бола бастауы.  Доллардың өзіне қатысты федералды резервтер жүйесінің кілттік пайыздық мөлшерлемесі бар.  Джером Пауэлл бірі күні тағы бір ұсыныспен шығады.  Нарықтың көптеген сарапшылары соның сөзін күтіп отыр. Келер жылдан бастап АҚШ-тың федералдық жүйесі доллардың кілттік пайыздық мөлшерлемесін бірте-бірте түсіруі мүмкін деп айтылып жатыр. Егер олар түсіретін болса, доллар құнын жоғалта бастайды. Келер жылы АҚШ-тың федералдық жүйесі ақша-несие саясатын жеңілдетеді деген сөздің өзі белгілі бір дәрежеде әсерін тигізді деуге негіз бар. Соңғы уақыттардағы ОПЕК келісімі, ол бойынша мұнай өндіру көлемін ОПЕК-ке кіретін елдер қысқартатын боп уағдаласты. Ол да белгілі бір дәрежеде мұнай бағасының қымбаттауына ықпал етеді. Мұнай өндіру көлемі қысқарса, бағасы өседі деген сөз. Осындай факторлар теңгенің тұрақты болуына ықпал етеді», — деді экономист.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені де төмендете бастады. Келер жылы әлемде де доллардың кілттік пайызы төмендесе Еуропалық Орталық Банк те базалық пайыздарын төмендете бастайды. Осы сценарий қазір әлемдегі қалыпты тенденция болып тұр. Бірақ қазіргі жағдайдың қаншалықты ұзақ сақталатыны нақты белгісіз. Дегенмен теңгеге қысым алдағы уақытта да жасалады. Экономист қазіргі сәтте мүмкіндігінше долларды көбірек алып қою керек деп санайды.

«Базалық пайыз жоғары болған сайын теңгелік инструменттер қызықты бола бастайды да, инвестиция да сол теңгеге көп салынады, нәтижесінде теңгенің құны жоғарлайды. Тағы бір мәселе бар, ұлттық қор аударымдары. Олда теңгеге күш беріп тұр. Осы мәселені де ашық айтуымыз керек, өйткені ұлттық қор аударымдары доллармен жасалады, оны сату, ауыстыру қор биржасы арқылы өткізіледі. Сол қаражатқа теңге сатып алынады. Ұлттық банк бұны интервенция деп атамаса да, оның интервенция сияқты ықпалы бар. Бұл теңгенің құнды болуына әсер етіп тұр. Осы жылы Ұлттық қор аударымдары рекорд болды. Пандемия кезінде де кризистік жағдайға байланысты деп 4,6 трлн теңге Ұлттық қордан аударылса, биыл 5 трлн-нан асып кеткен. Ұлттық қор аударымдары көп болған сайын, теңгемізге күш береді. Жетіспеген доллар елге бәрібір сырттан келеді. Осы факторда бар. Ішкі факторлар – салық төлемінің кезі. Салық төлемі кезінде ірі компаниялар өздерінің долларлық табыстарын теңгеге ауыстырып, бюджетке теңгемен салық төлей бастайды. Нәтижесінде сол уақытта теңгеге деген сұраныс артып, теңге құнды бола бастайды. Ондайда долларды көбірек сатып алған дұрыс», — деді ол.

Экономистің сөзінше, теңгеге алдағы уақытта да қысым жасалады. Теңгенің күзде құнын жоғалтуына Газа аймағында басталып кеткен соғыс пен әлемде қалыптасқан күрделі геосаясси ахуалдар тікелей әсер еткен.

«Күзде Ұлттық қор аударымдарын қысқартамыз деп жатыр, сол кезде теңгемізге тағы бір қысым пайда болуы мүмкін. Одан кейін теңгеге әсер ететін жағдай – импорт пен экспорттың айырмасы. Егер де мемлекетте экспорттан қарағанда импорт көбейіп кетсе, онда екеуінің арасындағы айырма теріс болады да, теңгемізге қысым түседі. Осы тенденцияға қарасақ, бізде төлем балансында дефицит байқалады. Біздің сатқанымыздан сатып алып жатқанымыз көп болып тұрған жағдай бар қазіргі уақытта. Дәл қазір білінбесе де келер жылы теңгемізге әсері білінеді. Өткенде теңгенің құнсыздануына әлемдегі жағдайлар әсер етті. Көбінесе геосаяси факторлар, Газа секторындағы соғыс, мұнай бағасының төмендеуі. Солар  теңгенің құнсыздануына ықпал етті», — деді Мақсат Халық.

Другие новости

Back to top button