Интервью

“Қазақстанның жер қойнындағы байлығы мен қазынасы халыққа тең бөлінуі керек“

Жанарбек Әшімжан - Мәжіліс депутаты

«Жаңа Қазақстанды» құрамыз десек, алдымен не істеу керек деген сұраққа жауап берді  

 

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Azattyq Ruhy ақпарат агенттігінің YouTube арнасына сұхбат бере отырып, «Жаңа Қазақстан» қандай болуы керек деген сұраққа қатысты өз ойын айтты.

Депутаттың пайымынша, «Жаңа Қазақстанды» құрамыз десек, ең алдымен, қарапайым халық үшін әділетті ел бола білу керек.

«Жаңа Қазақстан» қандай болуы керек? «Жаңа Қазақстанда» әр азамат үшін оқу қолжетімді болуы керек, әр азамат өзінің тұрғылықты жерінде медициналық игілікті көруі керек, ауылдағы, аудандағы халық дәрігерге көріну үшін сабылып қалаға келмеуі керек, жергілікті жердегі инфрақұрылым жасалуы керек. Жол мен судың проблемасын шешіп, жайылым, аграрлық салада әділеттік орнату керек. Осы саладағы азаматтар жұмыс істеген кезде, халықтың да аузына нан барады. Сондықтан «Жаңа Қазақстан» әділетті болуы керек», — дейді ол.

Екіншіден, «Жаңа Қазақстан» қандай болуы керек деген депутат мұндай елде Қазақстанның игілігі, жер қойнындағы байлығы мен қазынасы халыққа тең бөлінуі керек деген ойын айтты.

«Халық әл-ауқатты, зейнетақысы, шәкіртақысы, жалақысы өзіне жететін болуы керек. Еңбек демалысында бала-шағасымен барып, шетелде, Қазақстанның ішінде дұрыстап демала алатындай жағдайда болуы керек. Қысқаша айтқанда, өзінің өсіріп отырған ұл-қызының алдында жүзі жарық болу керек. Бала-шағасын бағып, қағып, оқытып-тоқытып, жеткізіп, өмір сүруі керек. Қазақ дейтін тәубешіл ел, оған көп нәрсе керек емес. Алдында малын бағып, соған лайықты жайылымы болып, балаларының киімі бүтін, тамағы тоқ болса, болды», — деген пікірін айтты депутат.

Осы және өзге де әлеуметтік мәселелердің шешілуі дамыған елге жол ашады деген Ж. Әшімжан сөзін қорытындылай келе, «Жаңа Қазақстаннан» күтетінім осы» деді.

Другие новости

Back to top button