Қазақстанның балаларына Ұлттық қордан 9 млн доллар аударылды

Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы аясында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 9 миллионнан аса АҚШ долларын аударды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚОРДЫҢ МӘЛІМЕТІ
2025 жылдың 1 сәуіріне дейін «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы аясында «БЖЗҚ» АҚ 83 937 өтінішті орындап, жалпы сомасы 9,30 миллион АҚШ долларынан астам қаржыны уәкілетті операторлар арқылы өтініш берушілердің банктік шоттарына аударған.
АҚША ҚАЙДА ЖҰМСАЛДЫ
Тұрғын үй жағдайын жақсартуға – 5,37 миллион доллар (48 626 өтініш):
- 5,24 миллион доллар – тұрғын үй құрылыс жинақтарын толықтыруға (47 358 өтініш);
- 42,48 мың доллар – ипотекалық несиенің бастапқы жарнасы ретінде (398 өтініш).
- 35,71 мың доллар – азаматтық-құқықтық мәмілелермен тұрғын үй сатып алуға (345 өтініш).
Білім алу үшін – 3,93 миллион доллар (35 311 өтініш):
- 3,42 миллион доллар – Қазақстандағы оқу ақысын төлеуге (30 521 өтініш).
- 383,6 мың доллар – білім беру жинақ шотын толықтыруға (3 616 өтініш).
- 106,04 мың доллар – шетелде оқу ақысын төлеуге (1 015 өтініш).
Еске сала кетейік, биыл еліміздің барлық балаларына Ұлттық қордан екінші рет қаражат есептелді. Жиналған қаражатты толық немесе ішінара пайдалануға болады, ал пайдаланылмаған сома мақсатты жинақ шотында (МЖШ) қалады. Кәмілет жасына толған балалар өздерінің МЖШ шотын БЖЗҚ сайтында жеке кабинетке немесе eGov ұялы қосымшасына кіріп, тексере алады, содан кейін операторға онлайн өтініш бере алады.