Госорганы

Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі осы елде заңсыз жүрген отандастарымызға үндеу жасады

Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігі Америка Құрама Штаттары заңсыз миграцияны азайту мақсатында миграциялық саясатын барынша қатаңдатқанын ескертеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Елшіліктің ресми сайты хабарлағандай, жаңа миграциялық саясат елге заңсыз келген шетелдіктерге (визасыз келген және тұрақты тұруға рұқсаты жоқ азаматтар) және АҚШ-та заңсыз жүрген мигранттарға қатысты болып отыр.

«Қамауға алу және елден шығару сынды мәжбүрлеу шараларымен қатар, АҚШ-қа қайта кіруге шектеулер енгізіліп, сондай-ақ әлеуметтік көмек, жұмыс істеуге рұқсат беретін құжаттар мен басқа да әлеуметтік жеңілдіктерді жою қарастырылады. АҚШ билігі заңсыз негізде жүрген шетелдіктерге (құжаты жоқ, жарамсыз виза мен тұрақты тұруға рұқсаты (Грин Карта) және басқа құжаттар болмауы) елден өз еркімен кетуге мүмкіндік беріп отыр», — деп ескертеді елшілік.

Бұдан өзге елшілік Америкада күшіне еніп жатқан басқа да өзгерістерді тізіп өткен. Соның ішінде,

  • «Мексикада қалыңыз» саясаты қайта енгізілді, яғни мигранттар және саяси баспана сұрайтындар миграциялық сотқа шақырғанға дейін Мексикада қалуға міндеттеледі;
  • «Ұста да жібер» (catch and release) шарасы тоқтатылды. Бұл АҚШ шекарасынан заңсыз өткен мигранттар ісі қаралмайынша қамауда болатындығын білдіреді. Оларды арнайы орталықтарға қамап, немесе бірден келген елдеріне қайтаратын болады.Сонымен қатар азаматтар үшінші елдерге де жіберілуі мүмкін (мысалы, «Мексикада болу» бағдарламасы бойынша);
  • Шартты түрде уақытынан ерте босататын немесе АҚШ-қа кіруге алдын-ала жеңілдіктер қарастырылған «CBP One» мобильдік қосымшасы жұмысын тоқтатты.

«АҚШ көші-қон заңнамасындағы өзгерістер туралы ресми ақпаратты келесі ресурстардан бақылап отыруды ұсынамыз: АҚШ азаматтығы және иммиграция қызметі (USCIS); АҚШ Мемлекеттік департаменті — Консулдық мәселелер бюросы», — деп ескертеді елшілік.

Другие новости

Back to top button