Выбор редакцииСоциум

Қазақстанға ұлтшыл басшы қажет

Соңғы жылдары Қазақстанда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру туралы бастамалар көбейген. Мәселен, кәсіпкер Рамиль Мухоряпов пен қазақша ән қоймаған үшін дауға қалған “Пинта” мейрамханалар желісі көптің есінде қалды. Осы тұста “Қазақстан қазақ тілді мемлекет бола ала ма?” деген сұраққа жауап берген сарапшылар тілдің дамуына кедергі келтіретін факторларды атап, қазақ тілді мемлекетке айналу үшін қанша жыл қажет екенін айтты. Толығырақ Stan.kz тілшісінің материалынан оқи аласыз. 

 

«Қазақстанға ұлтшыл басшылар керек»

Саясаттанушы Дос Көшім Қазақстанның қазақ тілді мемлекетке айналуы үшін билікке ұлтжанды азаматтар келуі керегін мәлімдеді.

«Бізде барлығын ұстап тұрған билік. Билік тілді дамытамын десе, бәрі өз қолында. Алайда билікте отырғандар тілді дамытатын адамдар емес. Көпшілігі орыс тілді, орыс тәрбиесін көріп, тек Пушкин мен Лермонтовты білетіндер. Сондықтан орыс мәдениетімен сусындап өскендер биліктті тастап, орнына «Елім, ұлтым» дейтін ұлтшыл азаматтар келмейінше, жағдай осы күйінде қала береді», – деді Дос Көшім.

Қоғам белсендісі Руза Бейсенбайтегі де билікке ұлтжанды адамдардың жетіспейтінін айтады.

“Ұлтшыл, қазақы мүддені алдыға қоятын азамат керек. Ұлтжанды басшы билікке келмейінше, Қазақстан қазақ тілді мемлекетке айнала алмайды. Екінші мәселе, халық оянуы қажет. Тіл үшін күресті жалғастырған абзал. Әйткенмен атап өткен қос мәселе әлі шешіле қоймайтын секілді. Қазақстанға ұлтшыл президент бұйырмады. Осы себепті еліміздің қазақ тілді мемлекетке айналуына әлі бірнеше жыл қажет деп есептеймін», – деп мәлімдеді Руза Бейсенбайтегі.«Қазақстанның толықтай қазақ тілді мемлекетке айналатынын білдіретін алғышарттар қазір жоқ”

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев Қазақстанның «қазақ тілді мемлекетке айналу» мәселесі көңілде күдік тудыратынын жасырмады. Оның пайымдауынша, елімізде қазақ тілді азаматтардың саны артқанымен, ақпарат алаңындағы өзге тілдердің үлесі айтарлықтай жоғары.

«Мысалы, телеарна, көркем әдебиетті алып қарайтын болсақ, қазақ тілді жазушылар өте көп. Бірақ танымал көркем шығарма жоқтың қасы. Бұл ғылыми әдебиетке де қатысты. Ақпарат алаңында саяси және экономикалық шығармалар бар, дегенмен бұл екінші деңгейдегі мәселе, яғни маңызы төмен», – дейді ол.

Саясаттанушы қазақ тілді қауымның өзі күнделікті тұрмыста орыс тілінде сөйлейтінін айтады.

«Қазақ тілді азаматтардың үштен екісі жұмыста немесе үйде болсын, орыс тілінде сөйлейді. Елімізде қазақ тіліне қатысты мемлекеттік бағдарлама бар, бірақ оны ешкім тексермейді. Сондай-ақ бұл бағдарламалар тілдегі негізгі мәселені шешуге бағытталмаған. Құжат жүзінде бар, іс жүзінде нәтиже жоқ. Контентке қайта оралсақ, Қазақстанда түсірілетін фильмдердің бір бөлігі тарихи кино делік. Алайда ол ел арасында танымалдылыққа ие болмайды. Ал жастар арасында кең таралатын комедияларда басты кейіпкер қазақ пен орыс тілдерін араластырып сөйлейді. Демек бізде қазақ тілінің танымалдылығын арттыратын сапалы контент жоқ», – деді Данияр Әшімбаев.

Сарапшының пікірінше, Қазақстан латын әліпбиіне көшсе, кирилицада жазылған әдеби шығармалар мен өзге де контент ұмыт болады.

«Қазақстанның толықтай қазақ тілді мемлекетке айналатынын білдіретін алғышарттар қазір жоқ. Бүгінгі таңда ағылшын тілін үйреніп жүргендердің басым бөлігі елден көшіп кетуді жоспарлайды. Сондықтан, менің ойымша, орыс және өзге тілдердің танымалдығы төмендейді деген тұжырымның орындалуы екіталай», – деп түйіндеді Данияр Әшімбаев.«Қазақстанға қазақша контент жетіспейді»

Саясаттанушы Ғазиз Абишев қазақ тіліне басымдық берілгенімен,ел халқы әр уақытта екінші тілді қатар меңгеретінін мәлімдеді.

«Мысалы, Үндістанда халықтың бір бөлігі ағылшын тілін меңгерсе, келесі бөлігі хинди тілінде сөйлейді. Арабтар мен Израиль халқының басым бөлігі иврит тілін біледі. Малайзияда үш мемлекеттік тіл, Швейцарияда алты мемлекеттік тіл бар. Сондықтан Қазақстанның халқы да әрдайым екі тілді меңгереді», – деп бастады сарапшы.

Саясаттанушының сөзінше, бүгінгі таңда Қазақстанда қазақ тілінде сөйлейтін азаматтар көп. Оның үстіне тіл мен мәдениетке басымдық беретіндердің саны артқан.

«Қазақстанда соңғы жылдары «патриотизм» тенденциясы жүріп жатқанын байқамыз. Себебі Кеңес үкіметінің идеологиясымен өскен халықтың үлесі азайып келеді. 2000 жылдан бастап дүниеге келген жастар қазақы тәрбие алған. Әрі оңтүстік аймақтардағы туу көрсеткіші орыс тілі кең тараған аймақтарға қарағанда әлдеқайда көп. 2018 жылдан бастап 5 буын кәмелет жасына толып, еңбек нарығына қосылды. Олардың қатарында қазақ тілді жастардың көп екенін ескерсек, алдағы уақытта мемлекеттік тіліміз басымдыққа ие болады», – деді ол

Ғазиз Әбішевтің пайымдауынша, мемлекеттік тіл қарқынды даму үшін қазақ тіліндегі сапалы контент қалыптастыру керек. Алайда ағылшын тіліндегі контентті қазақ тіліне бейімдеу жұмыстары елде баяу жүргізіледі дейді.

«Үкімет өзге тілдермен күресудің орнына, қазақ тіліндегі ақпараттың қолжетімділігі үшін жұмыс істеу керек. Мысалы, Аустралия, АҚШ пен Ұлыбритания – әлемдегі ең үлкен контент генераторлары. Алайда ағылшынша контенттің қазақ тіліне бейімделуіне ұзақ уақыт керек. Егер қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейткіміз келсе, ғаламдық контентті мемлекеттік тілге аударып, тегін таратқан жөн», – дейді ол.Ғазиз Әбішев қазақ тілін дамыту үшін орыс тіліндегі контентке шектеу қоймау керегін атап өтті.

«Бізде орыс тіліндегі контентті тұтынатын адамдар саны жетерлік. Егер «таза қазақ тілді мемлекет боламыз» деп мұндай контентті шектесек, орыс тілінде ақпарат іздеген азаматтар Ресейдің дайындаған контеніне тап болады. Салдарынан Ресей пропагандасына еріп кетуі мүмкін. Келесі мәселе – фильмдердің қазақ тіліне дубляждалуы. Өз басым кинотеатрда қазақ тіліне аударылған фильмдердің көрсетілгенін қалаймын. Арасында ағылшын тіліндегі түпнұсқасы да көрсетілуі қажет, бірақ ресейлік фильмдерді қазақ немесе ағылшын тілдеріне аударылғаны жөн. Неліктен бізде бұл іс жолға қойылмағанын түсінбеймін. Қазір қазақ тіліне дубляж жасалған шетелдік фильмдерді көретін сайт немесе платформа жоқ. Қазақ тілін меңгеріп жүргендіктен, үйімде тек қазақша фильмдердің қосылғанын қалаймын», – деп аяқтады саясаттанушы.

Другие новости

Back to top button