Выбор редакцииКультура

Қазақстанға хиджаб пен шолақ шалбар қалай келді

Қазақстандағы қазіргі діни алауыздық – адам қолымен жасалған, яғни жасанды діни қайшылық: бұл үшін исламның жергілікті нұсқасына қарсы арабтық нұсқаны айдап салды. Мыңдаған жылдар бойы ислам діні Қазақ даласында ешбір әскери қақтығыссыз, бейбіт түрде таралып, өмір сүріп келді. Ал ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басында елімізде ата-бабамыздың мың жылдық дәстүрлі жолын қателік деп санайтын салафилер пайда болды.  

Исламның араб нұсқасындағы әйелдердің орны  

Салафилер ақыл-парасатты, логиканы, сындарлы ойды мойындағысы келмейді, исламға дейінгі тарихты, мәдениетті, салт-дәстүрді және басқасын мансұқ етеді. Салафилер мен исламшылар қазақы исламды жоққа шығара отырып, біздің елге арабтық әл-Уаххаб (XVIII ғ.) нұсқасын көзсіз, ойсыз енгізуді көздейді. Бұл классикалық ислам емес, мұнда дін канондарына араб ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы араласып кеткен.  

Мысалы, арабтардың қыздарға, әйелдерге деген көзқарасын алайық. Ежелгі Арабияның көшпелі жауынгерлерінің отбасында қыздың дүниеге келуі құдайдың жазасы және масқара болып саналды. Мұндай әкелер өз тайпаластарының мазағы мен қорлығына шыдамай, қыздарын сонау алыс шөлге көтеріп алып кетіп, тірідей құмға көмді. Тіпті кейбір ата-ана кедейшіліктің кесірінен жаңа туған қызын өлтіріп тастағаны туралы да деректер бар.

Әлбетте, Құран бұл әдет-ғұрыптан өзін арашалауға тырысады:  «Тірідей көмілген қыздарқандай күнәсі үшін өлтірілгені сұралады» (Құран. 81:8,9). Иә, сол заман үшін мұндай ұлттық әдет-ғұрыпты тым болмаса айыптап, оны ауыр күнә деп жариялау өзінше бір ілгерілеу іспетті: «Кедейшіліктен қорқып, балаларыңды өлтірмеңдер. Біз оларды сендермен бірге қоректендіреміз. Расында, балаларды өлтіру – үлкен күнә» (17-сүре, 31-аят).

Сондықтан исламның әйелдердің жағдайына ықпалын бағалау үшін Исламға дейінгі Арабиядағы әйелдің мәртебесін естен шығармау қажет – оның кейбір ережелері кейінгі дәуірде де сақталды.  

Біз қаласақ та, қаламасақ та, арабтардың исламға дейінгі дәуірдегі тіршілігінің Құранда «есепке алынбаған» немесе Құранмен «реттелмеген» көп бөлігі бүгінгі күнге жетіп отыр. Мәселен, арабтардың исламға дейінгі ұлттық киімі оларды шөлден – аптап ыстықтан, құмнан, күннен, желден қорғауға арналған. Сол себепті шашы мен денесін түгел жауып тұратын мұндай киімді жыл бойы киюге болады. Міне, осы киімді  салафилер  біздің елге ойланбастан енгізгісі келеді.

Мұсылман заңдары бойынша әйелдің ер адамдармен құқықтары тең емес. Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 34-аятында: «Еркектер әйелдерді билеуші. Өйткені Алла бірін-бірінен артық қылды» делінген. Яғни, ежелгі Арабияда әйел адам күйеуінің меншігі болған кездегі жағдай жазылған. 

Біздің тарихымыздағы Түркі қағанатында әйелдердің орны мүлде бөлек болды. Түркі әйелдерінің көпшілігі жауынгерлік өнерге машықтанған, атқа мініп, еркін өскен. Бұл жағынан олар түркі ерлерінен кем түспейтін.      

Ақылды да қайсар қазақ аруларының ел билегені,әскери қолбасшы, елші болғаны да белгілі. Әйелдер отбасылық мәселелерді шешуге құқылы болды, тайпаның қоғамдық өміріне араласты, әйтсе де олар үшін отбасы бірінші орында тұрды, жарына адал болды.

Түркі және моңғол халықтарының ең көне әйел құдайы Ұмай Тәңірден кейінгі екінші орынды иеленді.

Қанеки, айтыңызшы, қай қоғамда отбасы мүшелерінің, ерлі-зайыптылар мен олардың балаларының арасындағы қарым-қатынас барынша әділетті және шынайы болып еді? Әлбетте, бұл ең алдымен түркі халықтары – ерлер мен әйелдер салыстырмалы түрде тең саналған ежелгі тайпалар.    

Не болмаса, қазақ халқындағы ерлер мен әйелдердің жағдайын алайық. Той-томалақта немесе жайлауда ерлермен бірге қыз балалар да түрлі дала ойындарына белсене қатысқан (мысалы, қыз қуу). Ән мен күйді еске түсірейік (мысалы, Дина Нұрпейісова ерлермен тең дәрежеде күй сайысына қатысқан), т.с.с. Халық басына түскен қиын-қыстау заманда қазақ қызы атқа мініп, ер-азаматтармен қатар жау шабуылына тойтарыс берген.    

Әйгілі Томирис, Бопай ханым, Сапура Мәтенқызы тәрізді батыр қыздарды бәріміз білеміз. Ұлы Отан соғысы жылдарында өз еркімен майданға аттанған Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова сынды қазақ қыздары ерен ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсетті.

Қазақ әйелдері көрші халықтардың ортодокс-мұсылман әйелдеріне қарағанда күнделікті өмірде де еркін болған. Әйелдер бөтен адамнан тығылып, бөлек бөлмеде отырмаған, бетін тұмшаламаған. Отырықшы мұсылман халықтарының үйлеріне ұқсамайтын киіз үйдің бір бөлігі шартты түрде әйел адамдарға арналатын.  

Әйтсе де, жаңа заманның заңына қарамастан, әсіресе мұсылман елдерінде әйелдердің құқығы жиі бұзылатыны шындық.

Мысалы, Ауғанстандағы әйелдер құқығының жай-күйі, Сауд Арабиясындағы, Ирандағы гендерлік теңсіздік және т.б. Кейбір мұсылман елдерінде әйелдерге көлік жүргізуге, сайлауға қатысуға, мемлекеттік органдарға сайлануға тыйым салынған. Тіпті Иран мен Ауғанстанда хиджабты дұрыс кимегені үшін әйелді өлтіруге дейін барады.  

Әйелдің күйеуіне толық тәуелді болуы барлық мұсылман халықтарының, соның ішінде қазақтардың да отбасылық өмірінің ең маңызды ерекшелігі болды. Алайда, егіншілікпен айналысатын отырықшы  мұсылман елдеріненайырмашылығы, көшпелі қазақтар арасында мұсылман құқығының постулаттары қатаң сипат алған жоқ. Отбасылық-тұрмыстық қатынаста бәрі салыстырмалы болды.    

Бұған себеп – номад қазақтардың тұрмыс-тіршілігі мен ойлау стилінің өзгешелігі. Еуразияның ұлан-ғайыр даласын мекен еткен қазақтар әдет-ғұрып заңдары бойынша өмір сүрді, дәстүрлі Адат негіздерін қолданды. Онда жыныстар теңдігі басты орын алады.

Оның үстіне шетсіз-шексіз кеңістікті алып жатқандалада халықтың рухани өміріне тікелей әсер ететін мешіт, мұнара, медресе, т.б. діни мұсылмандық құрылыстар аз болды.

Рухани ұстаздар ислам дінін ұлттық ерекшелікті ескере отырып енгізді, соның нәтижесінде қазақ даласында өзгелерден айрықша исламдық  нұсқа қалыптасты.

Қазақ қыздары жылы мезгілде жалаңбас немесеүкілі тақия киіп жүрді, күйеуге шыққан әйелдер ғана орамал салатын. Қазақ әйелдерінің әшекейлері мен ұлттық киімдері – сәукеле, қамзол, бөрік, шошақ бөрік,  көйлек және басқаларының тарихы исламнан әріде жатыр.

Балаға тіл ғана емес, тәрбие де, мәдениет те, білім де анадан берілетіні белгілі. Қазіргі қазақстандық мектеп оқушылары халықаралық олимпиадаларда жақсы нәтиже көрсетіп жүргені, шахматшы қыздарымыздың жүлделі орындарға ие болуы тектілік пен тәрбиенің арқасы. «Қызды тәрбиелегенің – ұрпақты тәрбиелегенің», – деген екен ата-бабаларымыз.  

Неліктен салафиттердің сақалы ұзын, шалбары қысқа?  

Ежелгі заманда қысқа шалбардың дінге қатысы болған жоқ, ол кәдімгі тұрмыстық, экономикалық қажеттіліктен туған болатын. Өйткені, біздің имамдарымыз балағы дұрыс  шалбар киген, әлі де киіп жүр, оны шұлықтың ішіне тыққан да емес. Сонда біздің қазіргі салафилер арасындағы бұл «мода» қайдан пайда болды?  

Олардың сырт келбеті – ұзын сақал мен қысқа шалбар – қасиетті аяттарды сөзбе-сөз түсінудің нәтижесі. Салафилер хадисті тура мағынасында ғана қабылдайды: «Тобықтан төмен кез келген нәрсені кию тозаққа апарады». Расымен де хадисте  шалбардың тобықтан жоғары болуы керектігі, «кімнің балағы ұзын болса тозаққа түседі» деген сөздер бар.

Жастар хадистердің тәпсірін оқымағандықтан, осы түсінікке сай киініп жүр. Олар өздерін ғана шынайы мұсылман санайды, өздерінің наным-сенімімен келіспейтін мұсылманның барлығын адасқандар деп есептейді.

Қысқа шалбар туралы сөз пайғамбар заманында, яғни VII-VIII ғасырларда пайда болған. Ол кезде адамдардың көбі кедейшілікте өмір сүрді, матаға зәру болды. Ауқатты, атақты адамдар ғана үлде мен бүлдеге оранды. Бай-шонжарлар өздерінің байлығы мен биік мәртебесіне дандайсығаны сонша, етегі жерге шұбатылған киімдер тіккізіп киді. 

Сонда кедей бәдәуилер пайғамбарға жүгініп: «Не істеу керек?» деп сұрады. Мұсылмандар арасындағы тәкаппарлық пен теңсіздікті жою үшін пайғамбар: «Кімде-кім тобықтан төмен шалбар кисе, ол тозаққа түседі» деп, мүміндерге қарапайым қысқа шалбар киюді бұйырды.

Яғни, қысқа шалбар кию сол замандағы қажеттіліктен туған. Ол әдейі сән үшін немесе мақтан үшін етегі мен балағы ұзын киім киген адамдарға арналған қатаң ескерту болатын. Үндеудің мән-мағынасы: мұсылман тәкаппар емес, қарапайым болуы тиіс.

Одан бері талай заман өтті, мата сән-салтанат белгісі болудан қалды. Тобықты жауып тұратын шалбар қазір байлықтың белгісі емес. Ер адамдар, соның ішінде мұсылмандар да балағының ұзындығы қалыпты шалбар киеді.  

Қазақстандағы Ханафи мазһабы бойынша сақал қою – сүннет, яғни міндетті емес. Ал араб елдерінде сақал қою – уәжіп, яғни, міндет. Ол жақта сақал қыру – ең ауыр жаза, өліммен тең. Ал біздің салафилер мен  басқа да радикалдар бұл тұрғыда исламның араб нұсқасын қабылдаған.  

Далалық діни синкретизм  

Уаххабизм (салафизм) тарихи өлшеммен қарағанда кеше ғана, яғни ХVIII  ғасырда пайда болды және бірден төрт мазһабтың мағынасын бұрмалай отырып, «ревизия» жүргізді. «Уаххабшылар өзмазхабын құрды» деп айыпталатыны тегін емес, өйткені олар қалған 4 мазхабты жоққа шығарады.

Дәл осы «революцияшыл», ымырасыз ұстаным радикализмнің негізі саналады, бұл өз кезегінде экстремизмді тудырды. Салафилердің басты мақсаты – «Ислам мемлекетін», «халифат» құру. Олардың террористік ұйымдардың құрамында болуы, көптеген әскери қақтығыстарға қатысуы, лаңкестік әрекеттер жасауы бекер емес.

Ал, қазақ даласындағы діни наным-сенімнің, көне дүниетаным мен мифологияның пайда болғанына ондаған мың жыл өтті. Ханафи мазһабы  ежелгі тәңіршіл дәстүрдің рухани көсемдері мен жаңа дінмиссионерлерінің өзара ымыраға келуі арқасында жергілікті халық арасында кең таралды. Сөйтіп жергілікті рухани ұстаздар ислам дінінің миссионерлік қызметін мақұлдап, өзгеше бағыт-бағдар берді.

Тәңіршілдік дала халықтарының наным-сеніміне, дүниетанымына, олардың өмір салтына сай еді. Бұл дүниетаным қазақтың дәстүрлі мәдениетінде: музыкада, сәулет өнерінде, фольклорда, эпоста, поэзияда  көрініс тапты. Тәңіршілдік бүкіл әлемді біртұтас тірі организм, «жанды үйлесім» деп қабылдайды, адамды табиғаттың бір бөлшегі санайды.

Осылайша исламның жергілікті түрінде діни синкретизм қалыптасты діндердің тарихи дамуыбарысында өзара ықпалдасу арқылы әртекті наным-сенімдік және культтік ережелердің үйлесуі. Ханафи мазһабы өте икемді және жергілікті дәстүрге либералды болды, исламға дейінгі ерекшеліктерді дұрыс қабылдады, яғни ол ортодоксальды емес еді.

Сөйтіп, Ислам мен Тәңіршілдіктің өзіндік симбиозы мен синтезі пайда болды. Мәдениеттанушы Зира Наурызбаева атап өткендей, «Бұл синтездің пайда болуы заңды құбылыс еді, өйткені Ислам бұрынғы дәстүрдің жаңашарттармен жаңғыруын білдіреді, ал тәңіршілдік осы төлтума дәстүрдің бір тармағы. Біз ислам дінінің қайта жаңғыруы туралы сөз қозғағанда, дәл осы синтездік нүктеге қайта оралуды, тарихи өзгерістерді ескере отырып, қазақтың мұсылмандық дәстүрін оның рухани негізіне сүйену арқылы  түсіндіруді айтамыз».  

Ханафи мазһабы ислам араб елдерінің шекарасынан шыққан  кезде тарай бастады. Бастапқыда ислам негізінен арабтардың діні болғаны белгілі. Әбу Ханифа (ол түркі тектесболған деген пікір бар) ислам іліміне сүйене отырып, баршаға қолжетімді жүйе жасады. Бұл жүйе өзінің икемділігінің арқасында уағыз-насихат пен дін таратудың орасан зор мүмкіндігіне ие болды. Сол себепті Ханафи мазһабы Ислам әлемінің шет аймақтарында, соның ішінде бізде де кең тарады.  

Исламның айрықша далалық түрі бүкіл мұсылман әлемінде қабылданып, мойындалды. Бұл, әсіресе, әйгілі сопы, ислам дінін тәңіршілдікпен «үйлестіруге» үлкен үлес қосқан Қожа Ахмет Яссауидің ілімін мойындаудан байқалады.

Қожа Ахмет Яссауи әулие (қасиетті тұлғалар) ұғымын дамытушылардың бірі, ол Орталық Азиядағы ислам дәстүрінің маңызды бөлігіне айналған. Түркі халықтары үшін әулиелерге табыну культінің орны бөлек ата-бабаны, ол аруақтарды құрметтеу дәстүрімен тығыз байланысты.    

Сондықтан да жергілікті ислам айрықша сипатқа ие болды және ұлттық мәдениет пен ғылымның дамуына өзіндік үлес қосты.

 Арнайы Матрица.kz үшін Дастан ЕЛДЕСОВ,

Аударған Дина ИМАМБАЙ

Другие новости

Back to top button