Қазақстандықтар қандай жағдайда ауыз суға көбірек ақша төлейді

Қазақстанның кейбір өңірлерінде ауыз суға сараланған тариф енгізілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе отырып, «аз тұтынсаң — соғұрлым аз төлейсің» қағидатына негізделген ауыз суға сараланған тарифтер жүйесі енгізілген.
«Бұл жүйе халықты су ресурстарын ұқыпты пайдалануға ынталандырып, тұтыну көлеміне қарай әділ әрі үнемді төлем тәртібін қамтамасыз етуге бағытталған», — дейді ол Мәжілісте өткен үкімет сағатында.
Министрліктің ақпаратынша, сараланған тариф:
- I топ – бір адамға айына 3 м3 суға дейін, қолданыстағы тариф қолданылады (халықтың 49%-ы тұтынады);
- II топ – бір адамға айына 3-тен 5 м3 суға дейін, қолданыстағы тарифтен +20% (халықтың 20% тұтынатын);
- ІІІ топ – бір адамға айына 5-тен 10 м3 суға дейін, қолданыстағы тарифтің +50% (халықтың 20% тұтынатын);
- IV топ – бір адамға айына 10 м3-ден жоғары су немесе есептегіш құралдары болмаған жағдайда қолданыстағы тарифтен 2 есе жоғары (11%-ы тұтынатын).
«Алдын ала деректер бойынша алты өңірде (Алматы қаласы, Шымкент қаласы, Ақмола, Түркістан, Ұлытау, Ақтөбе облыстары) сараланған тарифтерді енгізу нәтижесінде ай сайын орта есеппен 1,6 миллион текше метр су үнемделіп отыр. Бұл арқылы шамамен 900 миллион теңге көлемінде қаражат жиналып, ол су құбыры желілерін жаңғыртуға бағытталады», — деді Нұржігітов.
Сонымен қатар, қазір суармалы судың тарифтерін белгілеудің жаңа әдістемесі әзірленіп жатыр. Жаңа тәсіл бойынша тарифтер ауыл шаруашылығы дақылдарының түрлеріне, тұтынылатын судың көлеміне, сондай-ақ су үнемдеу технологияларының қолданысына қарай сараланып белгіленеді.