Интервью

Қазақстандық теннисшілердің табысы кездейсоқтық емес

Болат Өтемұратов – Қазақстан теннис федерациясының президенті

Қазақстандық теннисшілер соңғы кезде айтулы табыстарға қол жеткізіп келеді. Елена Рыбакина Уимблдон чемпионы атанса, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы 14 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионатында үздік төрттікке ілікті. Осы табыстардың сыры неде?

Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов ҚазАқпарат тілшісінің сауалдарына жауап берді.

— Болат Жамитұлы, қазақстандық жасөспірімдер Заңғар Нұрланұлы, Даниэль Тазабеков және Дамир Жалғасбай әлем чемпионатында айды аспанға шығарып, қола жүлдеге қол созым жерден тоқтады. Бұдан бұрын мұндай табысқа жету мүмкін еместей көрінетін?

— Мен біздің жасөспірімдердің өздерін нағыз күрескер, біртұтас команда ретінде көрсете білгеніне қуаныштымын. Әр ойыншы тарихи табысқа өз үлесін қосты. Қарсыластардың өте мықты болғанына қарамастан, олар Қазақстан теннисінің күшін бүкіл әлемге таныта білді. Мұндай нәтижеге ойыншылардың қажырлы еңбегі, сондай-ақ ата-аналары мен бапкерлерінің тұрақты қолдауы арқасында қол жетті. Бұл қазірдің өзінде жасөспірімдеріміздің әлемдік теннис элитасында жоғары орынға ие бола бастағанын көрсетеді.

— Елена Рыбакинаның Уимблдондағы табысы шет елден ойыншы шақыру жөніндегі әңгімені көбейтіп жіберді. Кезінде бұл тәсілдің неліктен қолға алынғанына нүкте қоя аласыз ба?

— Алғашқы болып Юрий Щукин, Ярослава Шведова, Андрей Голубев, Михаил Кукушкин Қазақстанға келді. Бұларсыз біздің ұлттық құрамалар Дэвис кубогы мен Федерация кубогының төменгі дивизиондарынан қысқа мерзімде жоғары көтеріліп, әлемдік теннис элитасына қосылмас еді. Олар Тимур Хабибуллин, Кәмила Керімбаева, Жібек Құламбаева сынды қазақстандық теннисшілерге үлгі көрсетті.

Юрий Щукин ұлттық құрама ойыншысы ретінде мансабын аяқтағаннан кейін капитандық тізгінді қолға алды. Жұптық сында Уимблдон және US Open сынды «Үлкен дулыға» турнирлерінің чемпионы атанып, үш олимпиада ойындарында өнер көрсеткен Ярослава Шведова да капитан болды. Екеуі тұрақты өтетін семинарларда бапкерлерімізге өз тәжірибесі мен білгенін үйретіп келеді. Олар өз тағдырын Қазақстанмен байланыстырды. Андрей Голубев қызылжарлық Меруертке үйленсе, Ярослава елордалық жігітке тұрмысқа шықты. Голубев те, Кукушкин де ұлттық құрама мүшелері ретінде қатардан әлі шыққан жоқ.

Олардан кейін шақырылған Юлия Путинцева, Александр Недовесов, Анна Данилина, Александр Бублик және Елена Рыбакина – барлығы да елімізде теннистің қауырт дамуына ықпал етті. Соның нәтижесінде ерлер ұлттық құрамасы Дэвис кубогының ширек финалына алты рет шықты. Енді формат өзгергеннен кейін үшінші әлем чемпионатында, ал әйелдер құрамасы алғаш рет дүниежүзілік додада өнер көрсететін болады.

Елена Рыбакинаның Уимблдондағы жеңісінен кейін тенниске қызығушылық бұрын болмаған деңгейге жетіп, балаларын теннис орталығына бергісі келетін ата-аналар саны күрт артты. Соңғы жылдары еліміздің 17 өңірінде 38 теннис орталығы мен 364 корт салдық. Олар бұрын да таңнан кешке дейін жаттығудан босамаса, қазір корт тіпті жетпей жатыр. Сондықтан бұл құрылысты жалғастырамыз.

— Шақырылған ойыншыларға қанша қаржы жұмсалады?

— Қазіргі таңда федерация бюджеті толықтай демеушілер қаржысы есебінен құралады. Бұрын жалпы бюджеттің 25 пайызға дейінін мемлекет қаржыландыратын. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш 2-3 пайызға дейін қысқарды. Қазір спортқа елеулі түрде қаржы бөлетіндей мемлекет мүмкіндігі жоқ. Сондықтан жыл басында мемлекеттік қаржыландырудан толықтай бас тарту жөнінде шешім қабылдадым.

Біздің үздік ойыншыларымызды қаржыландыру мәселесіне келсек, оларда қымбат келісімшарт жоқ. Негізінен турнирлерде тапқан табыстарымен өмір сүреді. Әрине, федерация жетекші теннисшілерімізге бәрінен бұрын кеңес беру, визамен қамту, ұйымдастыру мәселелерінде қолдау көрсетеді.

Федерация тарапынан жасөспірімдерге жұмсалатын қаржы ересек ойыншылардікінен бес есе артық. Өңірлерде әкімдіктер жәрдем береді. Теннис нысандарын ұстап, қазақстандық бапкерлерге ішінара жалақысын төлейді, үздік жасөспірімдердің жарысқа баруын ұйымдастырады.

 

— Онда келесі сауал жасөспірімдер туралы. Ұлттық құрама қатарын толықтыратын ұл-қыздарымызды тәрбиелемейінше, үлкен табысқа қол жеткізу мүмкін емес қой?

— Иә. Сол мақсатта федерация балалардың 5-7 жастан жаппай жаттығуынан бастап барлық деңгейде жұмыс жүргізеді. Балалар кішкентайынан үлкен спортқа бейімделіп, алғашқы жарыстарына қатысса, ол өз жемісін бермей қоймайды. Мысалы, «10 жасқа дейін теннис» жобасына үлкен мән береміз. Федерация мамандары 10 жасқа дейінгілер арасындағы негізгі турнирлерге барып, ойыншыларды бақылайды, олардың бапкерлерімен ақылдасып, кеңесін береді.

— Team Kazakhstan академиясы туралы айта кетсеңіз, ол Қазақстан кәсіби теннисіне не береді? Қазірдің өзінде нәтиже көрсетіп жүрген жас теннисшілерден кімдерді атар едіңіз?

— Team Kazakhstan академиясы 2008 жылы құрылды. Осы кезге дейін одан 180-нен астам талантты жастар тәрбиеленіп шықты. Олардың қатарында Денис Евсеев, Дмитрий Попко, Кәмила Керімбаева, Екатерина Дмитриченко, Гөзал Айнитдинова, Жібек Құламбаева және басқаларды атауға болады.

Кейінгі жастар жөнінде сөз қозғасақ, әлемнің жасөспірімдер арасында 74-ракеткасы, биыл «Үлкен дулыға» турниріне екі рет қатысқан Максим Батютенко, сондай-ақ Ислам Орынбасар, Ерасыл Ерділда, Арсланбек Айтқұлов, Виталий Зацепин, Данир Қалдыбековтерден үлкен үміт күтеміз. Қыздар арасында әлемнің жасөспірімдер арасында 66-ракеткасы, биылғы «Үлкен дулыға» турнирлерінде үш мәрте бақ сынаған Аружан Сағындықова, 2022 жылғы Уимблдон жасөспірімдер жарысында өнер көрсеткен Сандуғаш Кенжебаева (90-ракетка), Жанель Рүстемовалар (145-ракетка) бар.

— Өткен жылы қазақстандық жасөспірімдер жекелей және жұптық сында 37 ITF Juniors додасында чемпион атанды. Тағы 44 турнирде финалға дейін жетті. 14 жасқа дейінгілер арасында Tennis Europe жарыстарында 19 титулды жеңіп алды. 15 рет финалға шықты.

— Бұл жерде сол жасөспірімдердің жеке бапкерлері мен федерация кураторларының еңбегін ерекше атар едім. Соңғы екі жылда жекелей сында бес рет Тennis Europe турнирін ұтқан 13 жастағы Заңғар Нұрланұлының аяқ алысы бөлек. Қазір ол 14 жасқа дейінгілер арасында Tennis Europe рейтингісінде алтыншы орында тұр. Дамир Жалғасбай мен Даниэль Тазабеков те үздік жүздікте. Сондай-ақ жыл сайын шеберлігі өсіп келе жатқан, қазірдің өзінде 18 жасқа дейінгілер арасында ITF додаларында табысты өнер көрсетіп жүрген Іңкәр Дүйсебай, Зара Дәркен, Әмір Омарханов, Ерасыл Бақтияр, Полина Слепцова, Ерасыл Ерділда сияқты ойыншыларымыз аз емес.

Биыл Қазақстан теннис федерациясы 30 жылдығын атап өтеді. Біздің алдымызда елімізде теннис спортын одан әрі дамытып, болашақ чемпиондарды тәрбиелеу, бүгінгі табыстарды баянды ету бағытында үлкен міндеттер тұр.

— Әңгімеңізге рахмет!

 

Другие новости

Back to top button