Спорт

Қазақстандық боксшы әлем чемпионатының финалына шықты

Қазақ боксшысы Махмұд Сабырхан кубалық Йосвани Вейтианы жеңіп, әлем чемпионатының финалына шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

 

54 келі салмақ дәрежесінде өткен жекпе-жек қызықты әрі тартысты өтті. Екі боксшы ашық бокстасты. Бірақ Махмұд Сабырханның басымдығы анық байқалды. Алдында тәжірибелі боксшы тұрса да, сериялық соққыларын жасай білді. Соның нәтижесінде бірінші раундта барлық төреші қазақстандық боксшыға жоғары ұпай берді.

Екінші раундта Вейтиа есесін қайтаруға тырысты. Бірақ тағы артқа шегінуге мәжбүр болды. Махмұд Сабырхан рингтің ортасын бермей қойды. Соққысын да дәл тигізіп жүрді. Үшінші раундта қазақ боксшысының басымдығы айқын байқалды.

Айта кетері, бұған дейін Санжар Тәшкенбай (48 келі) әлем чемпионатының финалына шыққан болатын. Кешкі сессияда тағы үш боксшымыз – Дулат Бекбауов (61 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі) пен Нұрбек Оралбай (80 келі) шаршы алаңға шығады.

Әлем чемпионатының сыйақы қоры – 5,2 млн доллар. Алтын медаль алғандар 200 мың доллар иеленсе, күміске 100 мың доллар, ал қола үшін 50 мың доллар беріледі.

Другие новости

Back to top button